Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық шеңберінде Атыраудың орталық көшелері мен алаңдарындағы жол төсемдерін ауыстыру мен жөндеуге республикалық бюджеттен 3 млрд теңгедей қаржы бөлінді. Осы бапқа атышулы гранит жолжиектердің шығындары да кірген.
Сөзіміз шығын ба?
2,887 млрд теңгеге күзге дейін Сәтпаев даңғылы, «Атырау» мәдениет орталығы алдындағы алаң, Пушкин, Байтұрсынов, Абай, Махамбет көшелері, Азаттық даңғылы (Азаттық-Әуезов қиылысындағы айналмаға дейін) жаңартылатын болады. Қала алаңдарында да құрылыс-монтаждау жұмыстары қарастырылған. Жол жабыны мен жолжиектері ауыстырылатын жолдардың жалпы ұзындығы 326 500 шаршы метрді құрайды.
Материалды тапсырыс беруші – қалалық әкімдік таңдады. Бұрынғы бетонды салтанатты да қымбат гранитке ауыстыру идеясы, сайттағы оқырмандарымыздың пікірлеріне қарағанда, қала тұрғындарынан қызу қолдау таппады. Бәлкім, біздің билік орталық көшелері осы материалмен қоршалған Астананы үлгі етіп, жігерленіп жатқан болар. Мердігер «Атырауинжстрой» ЖШС өкілдері біздің босқа ренжіп жатқанымызға сенімді: өндірістік-техникалық бөлім бастығы Гүлсара ТҰРСЫНҒАЛИЕВАНЫҢ пікірінше, біз, тіпті, болашақ үшін үнемдеп отыр екенбіз.
– Топырақтың қатты тұздануы мен өңірдің климаттық ерекшеліктері, атап айтқанда, температураның құбылуы бетонның тез тозуына әкеледі. Қыста ылғал өткізетін материал суды сіңіріп алады да, қатып, ішінен кеңейеді, ал, көктемде кеуіп, тарылады. Біздің өңірімізде 2 жылдан 4 жылға дейінгі уақытта өте тез тозады. Бетоннан жасалған жолжиектер күтім жасалса, ұзақ тұруы мүмкін. Алайда, қалада эксплуатация жасайтын мекеме жоқ. Тиісінше, қызмет көрсетуге бюджет те жоқ.
Гранит ылғал өткізбейтін болғандықтан, оған температураның құбылуы көп әсер етпейді және тау жынысы берік болып келеді. Осы жолжиектердің қызмет мерзімі арнайы күтімсіз, кем дегенде, 30 жылды құрайды. Керемет емес пе?!
– Қызғылт граниттің сұрқай бетоннан жақсы көрінетіні сөзсіз. Алайда, қала тұрғындары бұл таңдауды қымбат болғандықтан сынға алып отыр. Жақында ғана бізде ауқатты Гуанчжоу қаласынан бір қытайлық қонақ болып кетті. Ол граниттен жолжиек салған Атыраудың байлығына қайран қалды. «Біз бұлай сала алмаймыз», - деген еді қытайлық.
- Оларда қыс жоқ деуге болады, ол жердегі бетон ауытқулар мен табиғи бүлінуге аз ұшырайды.
- Гранит пен бетонның қума метрі үшін баға айырмашылығы қандай?
- Бетонның метрі 3,5 есе арзанырақ.
ГОСТҚА СӘЙКЕС
- Биік жолжиектердің өткір ернеулері сынға ұшырап отыр. Неге олардың фаскасы жоқ?
- Фаскасыз жолжиек анағұрлым арзан. Бұл айқындаушы факторға айналды, - деп түсіндірді Тұрсынғалиева. – Және ол барлық стандарттарға сай келеді.
Жаңа жолжиектердің өткір ернеулері үрейлі көрінеді. Мәселен, оның қырына абайсызда баспен құласа, немен аяқталатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Алайда мердігер, шынымен де, нормативті ұстанған екен: мен ғаламтордан тиісті мемлекетаралық стандартты (техникалық шарт) тауып алдым. «Тау жыныстарынан жасалатын борттық тастардың» параметрлерін ГОСТ 6666-81 бекітеді, 1.6 тармағына сәйкес, «тұтынушылардың талаптары бойынша тастар фаскамен де, фаскасыз да дайындалуы мүмкін».
- Бұрылыстарда жолжиектердің өткір бұрыштары бар. Бұл қолайсыз және көлікпен маневр жасаған кезде өте қауіпті.
- Дайын қисықсызықты жолжиектер екі есе қымбатқа түсетіндіктен, біз оларды сатып алудан бас тарттық. Алайда бүгінде проблема шешіліп, өткен аптада ғана бізге арнайы станок жеткізілді. Оның көмегімен анағұрлым қысқа сегменттерді кесуге болады. Бұл бұрылыстарға анағұрлым жонылған ернеулерді салуға мүмкіндік береді.
- Көптеген қалаларда мұндай жұмыстар қала тұрғындарына кедергі келтірмес үшін түнгі уақытта жүргізіледі.
- Түнде біз адамдардың ұйықтауына кедергі келтірер едік – шуыл, жарқыраған шам, т.б. қолайсыздықтар болады ғой.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА