Атырау, 27 қараша 08:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +5
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қызылқоғада бруцеллез бұрқ етті

6 649 просмотра

Қызылқоға ауданын бруцеллез індеті тағы жайлады. Осыған байланысты аурудың ошағы саналған ауылдарда карантин жарияланды. 

Бүгінде ауданда ауру малды оқшаулап, жаппай өртеп, жою қолға алынғанмен, олардың саны азаяр емес.

Жағдайдың ушыққаны соншалық, жұқпалы кесел малдан адамдарға жұғып үлгерген. Олардың арасында жас балалар да бар. 

Қазір малды жаппай тексерістен өткізу жұмыстары жүріп жатыр. Таяуда ғана аудан бойынша 24 мың ірі қараның 13 440-ы107 мың қой-ешкінің 47 210-ы1 000 түйенің 395-інен қан сынамасы алынған. Бүгінде 172 ірі қара,  500 қой-ешкі,22 түйеден бруцеллез дерті табылып, өртелген. Қатерлі дерт жеті адамға жұққан. Олардың ішінде 7 және 12 жасар екі бала бар.

Салыстыру үшін келтірсек, өткен жылыбұл қауіпті ауру вирусы 561 ірі қара мен 1 279 ұсақ малға  тарап, сол кезде 16 адам ауру жұқтырған болатын. 

Күнелтісі мал болған қызылқоғалықтар үшін бруцеллездің өршіп кетуі дабыл қағарлық жағдай.

- Жыл сайын жаз шығысымен бұрқ ететін бруцеллез індетінен әбден шаршадық. Мал басын көбейтеміз бе деп тырбанамыз, ал, келесі жылы еселеп айырылып жатамыз, –деп ашынады аудан тұрғындары. –Бір жағынан, шығынға батып жүрміз, екінші жағынан, балаларымызға жұға ма деп тағы қатты алаңдаймыз. Ал, мал дәрігерлері малды сақтап қалуға жұмыстанудың орнына оны бірден өртеп жібереді. Бруцеллезді қайтаратын дәрі жоқ әлі.

Бруцеллез, әсіресе, Қоныстану, Миялы ауылдары, Ойыл ауылдық округіне қарасты «Аққора» қыстағында көп байқалып отыр.

Сарып, бруцеллез (Brucellosіs) – адамдарға ауру малдан жұғатын, адам  денесінің буын, жүйке, жыныс мүшелерінің зақымдануына әкеліп соғатын, аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі.
Адам үшін ең басты қауіп қой, ешкі, сиыр, шошқадан келеді. Індет қоздырғышы малдың сүті, несебі, іш тастаған малдың қағанағы арқылы бөлінеді. Сондай-ақ, жигалка шыбыны да бруцеллез тасымалдаушы.
Ауырған мал іш тастайды және оның шуы түспейді. Адамға сарып, көбінесе, ауру малдың сүтін қайнатпай ішуден, етін дұрыс пісірмей жегеннен жұғады.
Адамға сарып көбінесе ауру малдың сүтін қайнатпай ішуден, етін дұрыс пісірмей жегеннен жұғады. Жүн жуатын, ет комбинаттарының жұмысшылары және ауру малды күтуші адамдар сарыппен жиі ауырады. Аурудың белгісі 1-3 аптада білінеді. Ауырған адамның темп-расы 39-400С-қа дейін көтеріліп, қалтырап, әлсіздік пайда болады. Науқасты қалың тер басып, оның басы ауырады, буыны мен бұлшық еттері сырқырап, жүйке және қантамырлар жүйесі зақымданып, кейде адамның психикасы да өзгеруі мүмкін.
Ауруды дұрыс емдемесе, ол  еңбекке жарамсыздыққа әкеледі.
Алдын алу.Сүтті қайнату немесе пастерлеу. Қауіптілігі жоғары топтағы адамдарды профилактикалық егу.

Қоныстану ауылының тұрғыны Нұрмұхан БАЛМҰХАНОВТЫҢ қорасындағы ауру жұқтырған 20-дан астам қойы өртелген. Қазір оның 5 қой-ешкісі қалды. Одан бөлек үш ірі қара ұстап отыр.

- Қоныстанудан 23 ірі қара мен 245 қой-ешкіден аталмыш ауру шықты. Сондай-ақ, бруцеллезді үш адам жұқтырған. Осыған байланысты ауылда малды сатылымға шығаруға, өзге ауылға немесе ауданға алып шығуға, сойып жеуге шектеу қоймақпыз, -деп хабарлады Көздіғара ауылдық округінің әкімі Болат ҚАБЕСОВ.

Бүгінде дертке шалдыққан адамдарды емдеу, есепке қою жұмыстары жүруде. «Республикалық эпизоотияға қарсы күрес отряды» ММ Атырау облысы филиалының мамандары ауру малдың көзін құртуда. Аула мен қораларды залалсыздандыру қолға алынды. Алынған шараларға қарамастан, ауданда бруцеллез індетінің ошағы сақталып қалған. Мұның себебін әркім әрқалай жориды. Ал, ветеринар мамандар ауру малдың іш тастауынан деп отыр. Тұрғындар болса, қанша уақыт шектеу қойылғанымен, мал өрісі жақын, ал, суаттары бір болғандықтан, дерттің жуық арада жойылмайтынын айтады.

- 2009 жылы 2 500 ірі қарадан бруцеллездің оң әсері анықталған. Жылдан-жылға қарағанда ауру мал саны азайып келеді, -деп хабарлады Қызылқоға ауданы әкімі Мақсот МҰҚАНОВ. -Ал, бұл індеттің қоздырғышы Қызылқоғадағы малдың қанында сақталып қалған. Сондықтан қанша шара қолға алынғанымен, бруцеллезді жақын арада ауыздықтау мүмкін бола қоймас. Ойыл ауылдық округіндегі «Аққора» қыстағы мен Миялы ауылындағы кей көшелерге карантин жарияладық. Енді Қоныстануға да уақытша шектеу қоймақпыз. Ал, тұрғындар мал өсірумен айналыса берулері қажет, бұл уақытша қиындықтардан қорықпасын.     

- Жойылған мал басының орнына өтемақы қалай төленеді?

- Өтемақы төлеуді бастап кеттік. Ұсақ малдың жасына қарай әрбір басына 18-26 мың теңгеден төленбекші. Ал, ірі қараларға төлемақы төлеу қарастырылмаған.  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

19 маусым 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.