Құлсары қаласында сумен қамту мәселесі шешілмей келеді. Ал, аудан орталығынан 130 шақырым жерде жерасты суы далаға төгіліп, ысырап болып жатыр.
Соңғы күндері 87 көпқабатты үй тәулігінесегіз сағаттан берілетін суға қарап қалды. Мәселе мынада, жылыойлықтар «Қиғаш-Маңғышлақ» су құбырына тәуелді. Бұл құбыр «ҚазТрансОйл» ЖШС-не тиесілі болса, одан жылыойлықтарды сумен қамтушы «Жылыойсу» ЖШС сатып алады. ЖШС-нің мойнында 133 млн теңге қарыз ілініп тұр. Онымен қалай есеп айырысады, белгісіз. Бастысы, қарызы бастан асатын серіктестікке «ҚазТрансОйл» су бергісі жоқ.
- Бұрын қалаға тәулігіне 5 мың текше метр су босатылатын. Облыс басшылығының араласуымен оны 7 мың текше метрге дейін көтеруге қол жеткіздік, -дейді Құлсары қаласының әкімі Шәкір КЕЙКИН. - Негізі, қала халқын сумен толық қамту үшін тәулігіне 10-12 мың текше метр су керек.
Ал, қаладан 130 шақырым жерде Жаңасу мен Бәли учаскелеріндегі жерасты суының мақсатсыз далаға ағып жатқанына бірнеше жыл болды. Жаңасу жеріндегі Оңтүстік Ембі артезиандық бассейні Кеңес уақытында Гурьев облысын сумен қамтитын стратегиялық қор ретінде қарастырылған.
- Жаңасу жеріндегі жерасты су кенішінен күніне 60 мың текше метр су мақсатсыз ағып жатыр. Ал, Атырау халқына тәулігіне 45 мың текше метр су қажет. Жерасты суы әлсіз минералданған, оны тұщытып, ауыз су ретінде пайдалануға болады. Суды тұщытуға кететін шығын Жайық суын тазартуға кететін шығынмен пара-пар, - дейді гидрогеолог ардагер Едіге САБУРОВ.
Билік мәселеден хабарсыз емес. Тіпті, су жоғалтуды тоқтату және суды тиімді пайдалану мақсатында Құлсары және Атырау қалаларына дейін су құбырын тарту мен тұщыту қондырғысы құрылысын салу (жалпы құны - 15 млрд теңге) жобасы жасалған болатын. Оны іске асырғанда, облыс орталығын да, Құлсарыны да сумен толық қамтуға болар еді. Алайда, жоба әзірге қағаз жүзінде қалып отыр. Себебі, ол Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі тарапынан қолдау таппай отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА