Атырау қалалық сотында «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің Махамбет көшесінің бойындағы №118 «а» үй тұрғындарына қатысты талап арызы бойынша істі қарау басталды.
ӨЗГЕРГЕН КЕЛІСІМ
Талап-арыздың басты талабы – үй тұрғындарынан 2012 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасы аясында үйге жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстарының төлемақысы бойынша бережақтарды өндіріп алу. Ал, жауапкерлер бұл талаппен мүлдем келіспейді.
Талап-арызда айтылғандай, «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС мен мердігер мекеме «РитмРемСтройСервис» ЖШС арасында 2011 жылдың 7 қарашасында терможаңғырту бағдарламасының екінші механизмінің аясында көппәтерлі тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстарын орындауға келісімшарт жасалған.
118 «а» үйде мердігер қасбетті, шатырды, подъездерді, ыстық және салқын сумен қамту жүйелерін, кәріз жүйесін жөндеген, электр монтаждау жұмыстары мен аулада абаттандыру жұмыстарын жүргізген. 2012 жылғы 30 желтоқсандағы жұмыс комиссиясының актісіне сәйкес, үйді күрделі жөндеу және терможаңғырту жұмыстары сметалық құжаттамаға, құрылыс және техникалық ережелерге сәйкес толық көлемде орындалған.
Үй тұрғындарының жалпы жиналысының хаттамасына сәйкес, олар күрделі жөндеу жүргізуге алдын ала келісім берген. Бұл туралы дауыс беру парағындағы олардың қойған қолдары дәлел болады.
Бірақ әрі қарай олар келісімшарт жасаудан бас тартып, мемлекет қазынасының 7 млн 300 мың теңгесіне шыққан орындалған жөндеу жұмыстары үшін төлемақы төлемей отыр.
ЖӨНДЕУ ДЕГЕН АТЫ ҒАНА
Шоттар бойынша төлем тө-леуден бас тартып отырған тұрғындардың өз ұстанымдары бар:
- Біз өз келісімімізді берген кезде подъездерге кілем төсейтіндей уәдені үйіп-төкті. Ал, іс жүзінде бәрі басқаша болып шықты. Кейбір жұмыстар сапасыз жасалды, кейбірі мүлдем жасалмады. Кепілдеме мерзімі берілген екі жыл ішінде жөндеу жұмыстарының ізі де қалмады. Ал, біз оны он жыл төлеуге тиіспіз, - дейді үй тұрғыны Валентина МЕЛЬНИКОВА (суретте).
Сол кезде басқа тұрғындар күрделі жөндеудің «ғажайыптарын» көрсете бастады. Бұлар тот басқан подъезд есіктері, үй сырты мен подъездердегі түсіп жатқан сылақтар, ұшып кеткен және кей жерлерде соңына дейін төселмеген кафель плиталары. Ал, бәрінен бұрын үнемі қоймалжыңға толып қалатын иісі мүңкіген жертөле тұрғындардың наразылығын тудырып отыр.
- Біз жүргізілген жөндеу үшін, егер ол ақылмен жасалса және ол көрініп тұрса, ақы төлеуге қарсы емеспіз. Ал, былай, өздеріңіз көріп отырсыздар, біз не үшін төлемекпіз? Олар өз олқылықтарын түзеп, тиесті дәрежеде жасасын немесе осы жөндеудің құнынан мұны шегеріп тастасын, - дейді басқа тұрғын.
Адамдар, сондай-ақ, нысанды қабылдау-тапсыру туралы актіге қол қойылғандығы туралы оларға ешкімнің хабарламағанына наразы болып отыр. Алайда тұрғындар үшін өте маңызды құжаттарға қол қою үшін олардың арасынан әр подъезден бір-бір өкілден таңдалып алынған екен:
- Әрине, бұлай болған жағдайда біз қабылдау-тапсыру актісіне қол қоймай, бүкіл кемшіліктерді жойып, бәрін дұрыстап тапсыруды талап етер едік. Бірақ біз үшін бәрін шешіп қойған, ал енді сот арқылы ақша өндіріп алмақшы.
БӘРІНЕ КІНӘЛІ КӘРІЗ
«Әли» ПИК-інің төрағасы Амантай МҰСТАФИННІҢ ахуалға өз көзқарасы бар:
- 2011 жылы терможаңғырту бағдарламасы бойынша біздің ПИК-тің 6 үйіне жөндеу жүргізілді. Жұмыспен 5 мердігер айналысты. Әлдебіреуін атаудың мәнісі жоқ, өйткені, әр үйдегі проблемалар бірдей. Нақты №118 «а» үйге келер болсақ, бұл жерде әуел бастан-ақ жұмыс дұрыс жүйеленбеген. Алдымен инженерлік коммуникацияларды ретке келтіріп алып, содан соң ғана қасбетті әрлеумен және подъездерді жөндеумен айналысу керек еді. Оған қоса бұл үйдегі басты проблема, басқа «рахаттық» үйлер секілді өздігімен ағатын коллектордың негізіндегі кәріздік жүйе. КНС-тің шамасы келмейді, тұрбалар бітеліп қалады, осыдан келіп құдықтар лық толып, жертөлелер суға кетеді. Бұған мердігерді кінәлай алмаймын, өйткені, бұл «АтырауСуАрнасы» КМК-нің шаруашылығы. Қабылдау-тапсыру актісіне қол қояр алдында мердігер жертөлені үш мәрте тазалап шықты. Қол қойылғаннан кейін біз оларға әлденеше рет талап хат жолдадық. Бірақ бұл ахуал осы аудандағы кәріздік жүйе реттелгенше қайталана беретін болады. Авангард, Привокзальный, Балықшы үйлерінде де осындай жағдай... Қазақстанның бірде-бір қаласында біздегідей жертөлеге қатысты мұндай проблема жоқ.
Ал, актіге, иә, мен қол қойдым. Мен осылай етуге мәжбүр болдым. Түсінесіз бе, бұл мемлекеттің ақшасы, ол сөзсіз қайтарылуы тиіс. Қазір мердігерлермен жасалған келісім бар. Олар өз есептерінен үйді жөндеп шығады. Абай көшесіндегі №17 үйді қосымша жөндеу аяқталып қалды, таяу күндері Махамбет көшесінің бойындағы №118 «г» үйінде жөндеу басталады. №№118 «а» мен «б» үйлерінде жөндеу жұмыстары маусымның аяғында басталмақ.
- Жаңа жөндеу жұмыстары ұзақ уақытқа жете ме? Егер жертөлелер солай толып қалатын болса, оны жасаудың мәнісі бар ма?
- Ал, басқа не істеуге болады?!
«БӘРІ ЕСЕП ШОТТАРМЕН ТӨЛЕНЕДІ»
«Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС директоры Асылбек МҮЛІКОВТІҢ айтуынша, Махамбет көшесі, 118 «а» үйінде 100 пәтер бар, оның тек 33 меншік иесі ғана күрделі жөндеу жүргізуге қол қойып, оны төлеуге келісім берген, 67-сі – бас тартыпты. Сот талап-арызы әзірге 32 пәтердің меншік иелеріне берілген.
- Нәтижесінде талап-арызды бәрі де алады, бұл - уақыт еншісіндегі мәселе. Қазір осы үй бойынша тұрғындардың қарызы 6 млн 981 мың теңгені құрайды. Бұл - ең төмен өтеу пайызы.
- Бірақ адамдар жөндеудің орны да қалмағандықтан төлегілері келмей отыр ғой...
- Қабылдау-тапсыру кезінде үй керемет жағдайда болды. Пәтер иелерінің төлемі 2012 жылы басталуы тиіс еді. Қазір мердігер кемшіліктерді түзетуде.
- Терможаңғырту бағдарламасы шеңберінде жөндеу жүргізілген басқа үйлердегі төлемдердің жайы қалай?
- Проблемалар бар. 20-30 пайызы – борышкерлер. Тек Атырауда ғана осындай проблема, төлемдер бойынша ең төменгі пайыз бізде. Өскеменде адамдар тұрғын үй жәрдемақысын белсенді түрде пайдаланады және осы ақшамен өз төлемдерін өтейді. Біздікілер қозғалғысы келмейді. Оның үстіне олар терможаңғырту шеңберінде жалпы үйлік жылу өлшегіштер орнатылғанын ұмытты. Енді олар жылу үшін 50 пайызға дейін үнемдеп отыр. Қалай болғанда да бүкіл қарыздарды біз сот арқылы талап етеміз.
Әділдікті сот төрелігі шешеді.
Тамара СУХОМЛИНОВА