Жерлесіміз, «X Factor» конкурсының финалисі Руслан БЕРДИМАТОВ музыка әлеміндегі өз жолын жалғастырып, қазақстандық «Жұлдыздар фабрикасына» қатыспақшы. Іріктеу туры осы аптада басталды.
Осынау тартымды жігіт алғашқы турда-ақ Джеймс Браунның «I feel good» композициясын тамаша орындауымен көрермендердің есінде қалып, осы конкурстың финалистерінің біріне айналған болатын. Финалистердің апта сайынғы ән айту сайыстарының бірін көрсету кезінде Русланның сахнадағы өнерін тамашалауға қандай техникалық ақаулардың кедергі келтіргенін ешкім де білмейді. Бірақ жерлестері оның жаңа әнін тыңдай алмай, өздерінің сүйікті әншілері үшін дауыс бере алмаған еді. Осыған қарамастан Руслан өзінің талантына шынайы сенеді. Ол шынымен де ерекше әнші.
«X Factor» жобасы аяқталғаннан кейін Руслан «Мама» деп аталатын әнімен шыққан болатын. Содан соң ол «Я верю» деп аталатын жаңа әнін жаздыру үшін Мәскеуге жол тартады. Сапары сәтті болып, жаңа әнін жаздырумен қатар, Ирина Дубцовамен (суретте) жүздесіп, оның вокалдан шеберлік класынан сабақ алу мүмкіндігіне ие болады. Бүгінде жарқын мінезді жас жігіт өз шығармашылығымен достарын, таныстарын және бейтаныс жандарды да қуантып келеді. Руслан тек жанды дауыспен ғана ән айтады.
«X Factor» жобасына қатысқан кезде талантты жігітті «Еуразия» 1-арнасындағылар байқап, қазақстандық Жетінші арна іске қосқан «Фабрика звезд» шоуына қатысуға шақырады. Көрермендер бұл шоуды жаңа телемаусымда көре алады. Ал кастингтер қазір Астанада, Өскеменде, Оралда, Шымкентте және Алматыда өткізілуде. Дүние жүзінің көп елдерінде танымал болған бағдарламаның отандық нұсқасы «Жұлдыздар фабрикасы» деп аталады. Қазақстандық «фабриканттар» арнайы оқу орталығындағы апта сайынғы ән сайысына дайындалатын болады.
«Үздік ондықты іріктеуді Игорь Крутой мен Константин Меладзе жүргізеді», - дейді Руслан. Отандық фабриканың қазылар алқасында «Жұлдыздар фабрикасының» продюсері боп табылатын «А-Студио» тобының мүшесі Байғали Серкебаев бар.
Біз Руслан Бердиматовты «Жұлдыздар фабрикасының» нағыз жұлдызына айналады деп қатты үміттенеміз.
Зульфия ИСКАЛИЕВА