Cаша ДЕНИСОВТЫҢ коллажы.
Қазақстан көмірсутек қорларын іздеп табу бойынша аса терең бұрғылаудан дүниежүзілік рекорд орнатуға ниетті. 2015 жылы Атырау облысында (шамамен, Батыс Қазақстан облысымен шектесетін жерде) барлау ұңғымасын тереңдігі 15 шақырымға дейін бұрғылау жұмыстары басталмақ. Жоба «Еуразия» деп аталады, оны Айға зымыран ұшырғанмен салыстыруға болады...
БҰЛ АРМАН ЖАРТЫ МИЛЛИАРД ТҰРАДЫ
«Еуразия» жобасы күзде Атырауда Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен өтетін аймақаралық ынтымақтастық форумында таныстырылатын болады. Жобаның атауына қарағанда, Ресеймен бірге «жер кіндігіне саяхат жасау» жоспарланған болуы әбден мүмкін. Алғаш рет жоба өткен жылы «Болашақ энергиясы — Еуразиялық перспективалар» атты VIII Еуразиялық Kazenergy форумында мәлім етілді. Жоба мақсаты - Каспий маңы ойпатының терең орналасқан мұнайлы қабатын барлау.
Батыс Қазақстан аумағы мен Еділ сағаларында орналасқан Каспий маңы ойпатының мұнайлы-газды жер деп есептелетіндігі белгілі. Ойпаттың ернеуінде Теңіз, Королевское, Қашаған және басқа да ірі кеніштер ашылған. Геологтардың бағалауы бойынша, бес шақырымға дейінгі тереңдіктегі бұл нүктелерде зерттейтін ештеңе жоқ. Каспий маңы ойпатының орталық бөлігінде (мәселен, Атырау мен Орал арасында), болжамдық бағалаулар бойынша, әрқайсысында қоры 300 миллион тоннадан болатын 20 шақты кеніш бар.
«Еуразия» жобасын ҚР үкіметі 2014-2018 жылдардағы мұнай-газ секторын дамыту жөніндегі кешенді жоспарға енгізді.
Жауапты орындаушылар: индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, қаржы министрлігі, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ (келісім бойынша), «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (келісім бойынша). Жоба құны - 500 млн доллар шамасы. Оны жүзеге асыруға ірі шетелдік инвесторлар тартылатын болады және Қашаған үлгісі бойынша Консорциум құруды жоспарлап отыр. Алайда, инвесторларға бұдан не түсетіндігі түсініксіздеу.
«ҒАРЫШТЫҚ»ТЕХНОЛОГИЯЛАР КЕРЕК
«Еуразия» жобасының кейбір егжей-тегжейі туралы бізге оның бастамашыларының бірі, Қашаған кенішін ашуға қатысқан геологиялық-минерологиялық ғылымдардың докторы, «Меридиан Петролеум» ЖШС президенті Балтабек ҚУАНДЫҚОВ әңгімеледі:
- «Еуразия» жобасымен жұмыс әлі басталған жоқ, қазір тек ұйымдастыру жұмыстары ғана шешілуде. Ұңғы салынатын нүктені атау қазір қиын. Бірақ оның Каспий маңы ойпатының орталық бөлігінде, дәлірек айтқанда, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстарының шекарасында болатындығы мәлім. Егер Каспий маңы ойпатын тостаған түрінде елестетер болсақ, бұл оның ең иілген бөлігі.
Жоба үш кезеңге бөлінбек. Біріншісі - бұл сонау Кеңес дәуірінен бері жинақталып қалған бүкіл материалдар жиынтығы, олардың қайталама өңделуі және интерпретациясы. Екінші кезең - жаңа екі деңгейлі өңірлік профильдер құрылатын ауқымды геофизикалық зерттеу жүргізу. Мұнда біз шөгінділердің тереңдігі 20-25 шақырымға дейінгі орналасу көрінісін ала аламыз. Жаңа технологиялар пайдаланылып, ғарыштан жер қойнауын зерттеу әдістері және т.б. қолданылатын болады. Үшінші кезең - тереңдігі 15 шақырымға дейінгі тірек-параметрлік ұңғымаларды бұрғылау.
Ұңғымаларды нақты кеніштерді ашу үшін бұрғыламаймыз. Ол Каспий маңы ойпатындағы келешектегі жұмыстардың негізін салады. Бүкіл келешек - 5000 метрден астам тереңдікте жатыр, одан біз әрқайсысы 300 млн тонна болжамды мұнай қоры бар жиырма шақты кенішті аша аламыз.
Мұндай аса терең ұңғыманы бұрғылау зымыранды ұшырумен тең. Сондықтан, ерекше технология, жаңа материалдар: металдың, цементтің, бұрғылау жабдығының мүлдем жаңа түрі қажет. Осы мақсатта біз ең озат компаниялар мен технологияларды, соның ішінде ғарыштық технологияларды тартпақпыз.
Біз 20-30 жылдан кейін мұнай өндіру азайған кезде бізде жаңа қорлардың болғанын қалаймыз. 5-6 шақырымға дейінгі тереңдікте не бар екендігі бізге белгілі, басқа ірі кеніштерді ашпаймыз, бүкіл ұнамды болжамдар - анағұрлым терең қабаттарда жатыр, сондықтан ол жерде қандай жыныстардың түрлері бар екендігін, температурасын, көмірсутектердің қандай жағдайда екенін зерттеу керек. Бұл ғылымға жер шарының физикалық тарихы жөніндегі орасан зор материал болады, бұл геология, палеонтология, стратиграфия салаларында жаңалықтар ашуы мүмкін. Біздің зерттеулеріміздің нәтижелерін Каспий маңы ойпатына ұқсайтын терең бассейндерді зерттеуге қолдануға болады.
Бұрын ешкім де бұлай терең бұрғыламағандықтан, аномальды қабаттық қысымға және температураға байланысты қауіп бар. Жаңа технологияларды табу қиын болады.
«ТЕРЕҢГЕ ҮҢІЛУГЕ ТУРА КЕЛЕДІ»
«Еуразия» жобасы туралы өз пікірін айтуды ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұфтах ДИАРОВТАН өтінген едік:
- Жалпы бұл - қажет, бірақ өте күрделі жұмыс. Бүгінгі күні өндіріліп жатқан ұңғымалардың ішіндегі ең тереңі Мексика бұғазында, оның тереңдігі - 10 шақырым. Иә, Кольск ұңғымасы әлемдегі ең терең ұңғыма деп есептеледі, оның тереңдігі 12 шақырымнан асады. Алайда, ол жердегісі - көмірсутек емес, кеніш қазбалары.
Жобаның еріккеннен жасалып отырмағаны түсінікті. Бізде аз тереңдікте бәрі зерттелген, орасан жаңалықтар жоқ, сондықтан тереңге үңілу керек. Ол үшін үлкен дайындық жұмыстары қажет. Олар тереңдігі 15 шақырымға дейінгі параметрлік ұңғыманы бұрғылап, ол жерде қандай жыныстардың бар екенін білгісі келеді. Мәселен, карбонатты шөгіндінің жасы - 250 млн жыл. Бұлар - Теңіз, Ақтоты, Қайраң, Королевский, Астрахан кеніштері. Каспий маңы ойпатының орталық бөлігінде тұзды шөгінділер 9-9,5 шақырым тереңдікте болады, әрі қарай көне шөгінділер кетеді. Теңіз секілді кеніштердің, шамамен, 15 шақырымға дейінгі тереңдікте орналасуы әбден мүмкін. Сондықтан 12-15 шақырым жерде қандай шөгінділердің жатқанын, олардың қандай күйде болатындығын, мұнай шоғырланатын жылтылдаған қуысты анықтап, зерттеп білу керек. Бір қиындығы - мұндай тереңдікте қысым өте жоғары болады. Бұрғылау өте қиынға түседі, техникалық ақаулар жеті шақырым тереңдікте-ақ басталуы мүмкін. Сондықтан заманауи жабдықтар керек. Бұл - зерттелмеген сала, бірақ егер мұнайдың белгілері бар болса, жоба ақталады, жер астындағы қомақты кеңістік туралы біздің біліміміз кеңейе түседі.
Ал, жақын күндері ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай НҰРАБАЕВ хабарлағандай, жобаны жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобы құрылып, техникалық-экономикалық негіздеме әзірленген.
- Бұрғылау жұмыстарының бастапқы құны - мемлекет бюджетінен бөлінетін 500 миллион доллар. Әрине, бұл ақырғы сан емес, жобаны жете жасақтау процесінде ол өзгеруі мүмкін. Болжамды бұрғылау уақыты - 2015 жыл, - деп хабарлады ол жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың басшыларымен кездесу кезінде.
«БІЗ ӘРЕКЕТ ЖАСАДЫҚ»
Құрметті геология барлаушысы,қазіргі зейнеткер Зарип ЖҰҚАТАЕВ:
- Кеңес дәуірінде мұнайдан түскен кірістің 8%-ы мұнай қорын молайту үшін барлауға жұмсалатын. Ал, біз 1994 жылы бар қорымыз жеткілікті деп есептеп,жеті геологиялық барлау бірлестіктерін жауып тастадық. Нәтижесінде 1990 жылдан бастап бірде-бір рет салмақты кеніш ашылған жоқ. Сондықтан біздің мұнайшыларымыз, Геология комитеті, ИЖТМ, ҚМГ іздеу жұмыстарын жүргізу керектігін түсінді.
Біздің кезімізде бес шақырым-нан астам тереңдіктегі ұңғымалар өте терең деп есептелді. Каспий маңы ойпатында мұндай ұңғымалар көп бұрғыланды. Мәселен, Теңіз кеніші жанында орналасқан Каспий маңы ойпатының оңтүстік-шығыс бөлігіндегі аса терең Бекжал ұңғымасы. Оны жеті шақырымға дейін бұрғылауға тиіс болды, бірақ тек алты шақырымға дейін жетті. Мен 1984 жылы Оңтүстік Ембі терең бұрғылау мұнай-газ барлау экспедициясының бастығы болған кезде бұл ұңғыманы қабылдап алдым. Зерттеу аспабы түсірілген желі үзіліп кеткендіктен, Бекжал ұңғымасын жою керек болды. Аспап алты шақырым тереңдікте ең түбіне барып құлады. Бұрғылау тоқтатылды, өйткені, аспапта болған радиоактивті заттың шығып кетуінен қорықты. Біз ұңғыманы бұзып, цемент көпір орнаттық.
Айта кету керек, аса терең ұңғымалар негізінен міндеттелген жобалық тереңдікке жеткен жоқ. Бекжал ұңғымасын бұрғылауға 10 жылдай уақыт кетті. 1967 жылы бастап, 1973-74 жылдары аяқтады, онда да апатпен аяқталды. Неліктен қиындықтар туындады? Аса терең бұрғылау кезінде ең жаңа технологиялар жасалады. Біз беймәлім тереңдіктерге бойладық, әрбір өткелден өткен сайын бірнеше ондаған институттар авторлық қадағалау жүргізді.
Ұңғымалар бұрғыланып, есептен шығарылып тұрды. Нәтижесінде бізге Қарашығанақ, Теңіз, Қашаған секілді кеніштерді берді. Одақ кезінде «Недра» компаниясы құрылды, ол тек ғылыми мақсат үшін аса терең ұңғымаларды бұрғылаумен айналысты. Кольск жартыаралында, мәселен, 12 шақырымнан астам тереңдікте бұрғылады. Мұндай жұмыстар қажет. 1970 жылға дейін егер тұзға жеткенше бұрғыласа, онда әрі қарай мұнайдың болуы мүмкін емес деп есептеді. Ал, 1980 жылға қарай орасан мұнай қорларының тұзасты шөгінділерінде болатынын түсіндік.
Тұзасты шөгінділер пайда болғанда бізге арнайы күкіртке төзімді тұрбалар қажет болды. Оларды Одақ кезінде шығарған жоқ, шетелден валютаға сатып алуға тура келді, негізінен жапондық «Сумитомо» сатып алынды. Сондықтан Қашағандағы тұрбалар төзбеді деу бекер деп есептеймін. Теңізде де қолданылған осы тұрба ғой, ондағы күкіртсутек -24 пайыз.
Теңізді игеру кезінде көптеген жабдықты шетелдіктер сатып алды. Мәселен, ұңғымаларды сынауға арналған қондырғылар 1000 атмосфераға дейінгі қысымға төтеп берді. Ол жердегі температура 130 градусқа жетіп, арнайы ерітінділер мен реагенттер қолданылды. Қиындықтар болады. Бірақ жер қойнауын зерттеу керек.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА