Атырау, 27 қараша 06:43
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Хан қорымының қорғаушысы

4 254 просмотра

Атырау облысы Махамбет ауданының Ақжайық ауылы маңындағы Жангелді обасында археолог Марат ҚАСЕНОВТЫҢ жетекшілігімен өтіп жатқан оқу іс-тәжірибесі барысында Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің тарихшы студенттері ер адамның cүйегін тапты. Бұл сармат дәуіріне (б.з.б. VII ғасыр мен б.з. ІІІ ғасыр аралығы)  жататын ескерткіштер.

Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-дің оқу-ғылыми зертханасының меңгерушісі Әния ЕРМАҒАМБЕТОВА айтқандай, адам сүйегімен бірге қылыш, қанжар, қыш құмыра, қола айна табылған.

Сонымен қатар сым білезік табылып, сараптамаға жіберілді. Ғалымдар білезік алтыннан құйылған деп топшылайды. Сараптама қорытындысы жақын арада белгілі болады.

Ер адамның бас жағынан не үшін қолданылғаны белгісіз 30 алтын түйіндік табылды. Университет ғалымдары тағы да жаңа жаңалықтар ашуға үміттеніп, қазба жұмыстарын жалғастыруда.

Ермағамбетованың айтуынша, табылған қалдықтар, кейбір жаңалық арналарында жаңсақ хабар таратқандай, әйел емес, жауынгер ер адамға тиесілі. Қалдықтар тұтас күйінде, артефакт қасынан табылған барлық бұйымдар сүйектің сармат дәуірі тұсында көмілгеніне айғақ болады. Қазба жұмыстары жүргізілген қорғанның көлемі үлкен - диаметрі 41, биіктігі бір метр. Сүйек белгілі ақсүйек адаммен бірге көмілген жауынгерге тиесілі болуы мүмкін. Өйткені ол үлкен қорымның кіре берісінде табылған. Ол осы қорғаннның ортасында жатқан адамдарды күзетіп жатқандай. Бұл жерде сармат хандары жатуы да мүмкін.

- Сармат дәстүрі бойынша көсемдерді қызметшілері және күзетшілерімен бірге жерлеген, - дейді Ермағамбетова. – Олар о дүниеде де керек болады деп есептелген. Ер адамның сүйегі қасынан жылқының жамбас сүйегі мен құстар сүйегінің қалдықтары табылды, бұлар рудың белгілері болуы да мүмкін. Қола айнаның табылуы сарматтардың оны киелі санағанының дәлелі бола алады.

Обадағы жұмыс өте қиын, техника тартуға да тура келді, сондай-ақ, мұндай ыстықта жер қазған оңай да емес. Алайда студенттер жарады, барлық қиыншылықтарға шыдап бағып, жетістікке жетті.

- Университет басшылығы бізді қолдап, алға қарай зерттей беруге ақша бөліп отыр, - дейді Ермағамбетова. – Облыс басшылары да көз қырын салса, жақсы болар еді. Біз қонақтарды, оқушыларды шақыруға, ғылыми-танымдық саяхаттар жасауға болатын археологиялық база жасағымыз келеді. Бұл жерде обалар өте көп, кейбірінің биіктігі бес метрге дейін жетеді. Сарматтар Қазақстанның батысынан Донға дейін өмір сүрген. Осы өңірді аэроғарыштық суретке түсірсе, керемет болар еді. Гугл Планета суреттерінен қарасаңыз, Атырау облысы аумағындағы обалар солтүстікке қарай жатқан обалардан ірі екенін көреміз. Бұл осы жерде сармат хандарының пантеоны болғанын тағы бір растайды. Өйткені, бұдан 2,5 мың жыл бұрын Жайық өзенінің төмен жағының климаты қазіргіден гөрі жұмсақ болды ғой.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА  

Суреттерді Х. Досмұхамедов атындағы АМУ-дің оқу-ғылыми зертханасы ұсынды. 

13 маусым 2014, 15:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.