«Ішкі істер органдары туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен қосымшаларға сәйкес, азаматтар тарапынан қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы шағымданған жағдайда немесе сол құқықбұзушылықтарды тікелей өзі анықтаған қызметкерлер атқаратын лауазымдарына және тәулік мерзіміне қарамастан заңға қарсы әрекеттерге жол бермеу шараларын қабылдап, адамдарға көмектесу керек, сондай-ақ, ішкі істер органдарына хабарлауы қажет.
Жол бермеу астарынан құқық бұзушыны жақын маңда орналасқан ішкі істер органдары бөлімшелеріне жеткізу немесе оқиға болған орынға полиция жасағын шақыруды түсіну керек. Сонымен қатар, кейбір БАҚ беттерінде бұл заң талаптары теріс жеткізілді. Яғни, қызметкерлер қызмет уақытынан тыс, штаттық киім үлгісінсіз хаттама толтырып, ЖҚЕ бұзушыға қатысты айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолдана алады екен деп түсіндірілді.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне сәйкес, жол қауіпсіздігі саласындағы құқық бұзушыларға хаттама толтырып, айыппұл салуға жол-патрульдік полициясы қызметкерлері тек өз құзыреттері шегінде және жұмыс уақытында арнайы киім үлгісімен тұрғанда ғана құқылы.
Әкімшілік құқықбұзушылық үшін жауапкершіліктің күшейтілуіне қатысты айтатын болсақ, «ҚР жол қозғалысы мәселелері бойынша кейбір заңнамаларына өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» Заң аясында ӘҚБтК-ге 30 сәуірден бастап күшіне енген бірталай өзгертулер енгізілді. Атап өтсек, келесі құқықбұзушылықтарға қатысты айыппұлдар өсті: қозғалыс жылдамдығын арттыру; жол қиылыстарынан өту ережелерін бұзу; маневр жасау ережелерін бұзу; қарсы бетке шығу немесе басып озу ережелерін бұзу; көлік құралдарын тоқтату немесе қою ережелерін бұзу; көлік жүргізіп келе жатып телефон немесе радиостанция қолдану. Сонымен қатар, тыйым салынған жағдайларда қарсы бағытқа шығуға салынатын айыппұл бір жылға көлік құралдарын басқару құқығынан айырумен ауыстырылды.
Сол сияқты жүргізушілік құқығынан айыру мерзімдері ұлғайтылды:
- мас күйінде көлік жүргізу, бірінші рет - үш жылға (екі жылға), екінші рет - алты жыл және 15 тәулікке әкімшілік қамақ (бес жыл және 10 тәулік қамақ болды), үшінші рет – 10 жыл және 30 тәулік қамақ;
- ішкі істер органы қызметкерінің алкогольге тексерілу жөніндегі заңды талабын орындамау бірінші рет – үш жылға (екі жыл болды), екінші рет – алты жыл және 15 тәулікке әкімшілік қамақ (бес жыл және 10 тәулік қамақ болды), үшінші рет – 10 жыл және 30 тәулік қамақ.
Әкімшілік құқықбұзушылыққа салынатын санкциялар туралы нақты ақпараттармен ІІД сайтынан танысуға болады.
Осы өзгертулерді енгізгенде халықаралық тәжірибе есепке алынғанын ескерген жөн. Мәселен, Финляндия мен Францияда жылдамдық режімін сақтамағаны үшін ең төменгі айыппұл 1,5 мың еуроны (379 500 теңге) құрайды, Жапонияда - $800 (145 000 теңге), АҚШ-та - $500 (91 000 теңге). Полиция қызметкерінің немесе бағдаршамның тыйым салу белгісіне қарамастан жүргені үшін Жапонияда - $420 (76 440 теңге), Францияда 90 еуро (22 770 теңге) айыппұл төлейді. Жүргізілген мониторинг көрсеткендей, ЖҚЕ бұзғаны үшін қатал жаза қолданатын елдерде жолдағы апаттылық деңгейінің төменділігі байқалады.
Атырау облыстық ІІД ӘПБ