Атырау, 27 қараша 06:58
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Парақорлық фактілері? Бар.

2 448 просмотра

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы Жемқорлыққа қарсы әрекет жөніндегі қоғамдық Кеңестің отырысы өтті.

Отырыс қарсаңында Кеңес мүшелерінен құрылған арнайы жұмысшы тобы қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінде, атап айтқанда, №3, 7 емханаларда, Алмагүлдегі балалар емханасы мен облыстық ауруханада болып қайтты.

Кеңес мүшесі, «Жас Отан» жастар қанаты Атырау облыстық филиалының атқарушы хатшысы Асқар БОПЫЛДЫҚОВ:

- Бізге емделушілер мен көмекке мұқтаж азаматтардың көпшілігі дәрі-дәрмекті өздері сатып алатындықтарын, тегін берілетін дәрілердің арзан әрі сапасыз екендігін, олардың емге жарамайтынын, медициналық тексерістен өту үшін қаланың түкпір-түкпіріне баратындықтарын жеткізді. Облыстық аурухананың Неврология бөлімшесіндегі емделушілер трентал, мидокалм, корнам секілді препараттарды өздері сатып алатындықтарын айтты. Ал, дәрігерлер мен емдеу мекемелеріндегі қызметкерлер жалақыларының аздығына шағымданды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВ:

- Облыс бойынша стационарлардағы дәрігерлердің орташа жалақысы 78 282 теңге болса, оған қосылатын дифференцияланған төлем 53 698 теңгені құрайды, нәтижесінде дәрігерлер айына орташа есеппен 131 980 теңге жалақы алады. Орта буынды медицина қызметкерлерінің жалақысы 62 788 теңге, ал дифференцияланған төлем 23 574 теңге, барлығы – 86 362 теңге. Кіші медициналық қызметкерлер – 40 759 + 9 312, барлығы – 50 071 теңге. Ал, Қазақстанның басқа қалалары мен шетелге емделуге баратын атыраулықтар туралы айтсақ, бұл облыста дәрігерлердің жетіспеушілігінен деп білемін. Әрі қайда барып емделем десе, ол - әр адамның жеке құқы. Сонымен қатар, облыста қолданылмай тұрған 23 медқондырғының 15-і басқа мекемелерге берілсе, төртеуі іске қосылды,екеуі есептен шығарылды, ал тағы екеуі шығарылуда. Соның ішінде қалалық перзентхана, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері, қалалық балалар емханасы, Жылыой аудандық туберкулезге қарсы күрес ауруханасының қолданылмаған аппараттары басқаларға берілді. Емдеу мекемелеріндегі медаппараттардың қолданылуы қатаң бақылауға алынды.

Дәрігерлер тарапынан парақорлық фактілері бар-жоғы туралы тіке сұрақ қойды Кеңес төрағасы Сайын ҚУАНЫШЕВ.

- Бар, - деді облыстың бас дәрігері. Қоғамдық кеңес оған бақылауындағы мекемелердің жұмысына көбірек көңіл бөлуді тапсырды.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

12 маусым 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.