Атырау, 27 қараша 06:35
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Бекіре-2014» қорытындылары: жетістіктер мен «қылмысты аймақтар» туралы

2 736 просмотра

4 маусымда «Бекіре-2014» балық қорғау акциясын жүргізу жөніндегі штабтың қорытынды отырысы өтті.

Жайық-Каспий бассейні облысаралық балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВТІҢ айтуынша, акция жүргізілгеннен бері (сәуір-мамыр) заң бұзушылардан 27 тонна балық, оның ішінде бір тоннадан жоғары бекіре тұқымдас балық, 17,8 келі қара уылдырық тәркіленді.

«Бекіре-2014»-тің «жүзеге аспаған» іс-шараларынан Ермекқалиев Исатай ауданындағы Жанбай және Зинеден ауылдарындағы тіркелмеген жүзу құралдарын анықтау бойынша рейдтерді, сондай-ақ шекара қызметі қызметкерлерімен бірге Каспийдің солтүстік бөлігіне тікұшақпен бірлескен рейд жасауды атап өтті. Не себепті жүзеге асырылмағаны айтылмады.

ІІД өкілі Әбілсейіт ӘМІРОВ өткен жылы полиция алған жылдам жүрісті катердің арқасында 90 браконьерлік қайық ұсталғанын хабарлады. Бұл өткен жылғы акциямен салыстырғанда (онда тек бір жүзу құралы ұсталған болатын) үлкен жетістік.

«Бекіре-2014» акциясының жемісті болғанын Ермекқалиев балық аулау кооперативтерінің биыл көктемгі маусымда өткен жылға қарағанда жақсы табыс тапқандығымен растайды.

Ермекқалиевтің айтуынша, өткен балық аулау маусымында жиі кездескен заңбұзушылықтар қатарына балық аулау тартымдарында бекіре өсіру зауыттарына өткізуге келмейтін аналық балықтардың ұсталғаны және жіберілгені жөнінде тіркейтін жорналдың жоқтығын жатқызуға болады. Біз мұны «егер тіркемесе, суға жібермейді, үйлеріне алып кетеді» деп түсінуіміз керек. Жалпы, көктемгі маусым ішінде балық өсіру зауыттарына 136 бас бекіре тұқымдас балық тапсырылды.

Бірде-бір бекіре тұқымдас балық Жайық өзенінің жоғары жағындағы табиғи уылдырық шашатын жерлеріне жетпегеніне ҚР балық комитеті төрағасының орынбасары Нариман ЖҮНІСОВТІҢ 19 мамырда айтқан мына сөзі дәлел болады. Оның айтуынша, Индер ауданы аумағында ҚР балық шаруашылығы институты қызметкерлері ғылыми мақсатта ау салғанда бекіре тұқымдас балық түспеген. Алайда штабтың осы қорытынды отырысында жауапты тұлғалар өзен ағысымен төменірек – Махамбет ауданы тұсынан ау тартқанда, екі шоқыр ұсталды деп мәлімдеме жасады.

Ал табиғи уылдырық шашу жерлеріне келетін болсақ, Қазақ балық шаруашылығы институты филиалының директоры Әбілхайыр МҰХСАНОВТЫҢ айтуынша, қазір Атырау облысы аумағындағы Жайық өзенінің жоғары бөлігінде тек бесеуі қалған. Бұрын 15 болған еді. «2010 жылы жүргізілген зерттеу жұмыстарына сәйкес, 10 бекіре тұқымдастардың уылдырық шашу орны «уылдырық шашу субстратының» - жұмыр тастар мен құмның сапасыз жағдайына байланысты жойылып кеткен. Бұған 90-шы жылдардың аяғынан басталған Жайық суының тайыздануы үлкен әсер етті».

Журналистер Ермекқалиевқа Жанбай мен Зинеден ауылдарында рейдтер неге ұйымдастырылмағандығы жөнінде сұрақ қойды. Бейресми ақпарат көздерінің деректері бойынша, ол жерлерде браконьерлер балық қорғау қызметкерлерінің жұмысына ашықтан-ашық кедергі жасайды екен. Бас балық қорғаушы баяндама барысында өзін «қате түсінгенін» айтты. Шын мәнінде Исатай ауданының теңіз жағалауындағы ауылдарына төрт рейд жасалған, қазір онда браконьерлік қайықтар жоқ. Каспий теңізінде балық аулау кооперативтеріне жалданған, ресми рұқсат алған балықшылар ғана кәсіпшілік етеді.

Бір қызығы, штабтың ең басты отырысында облыстың табиғат қорғау прокуроры Қайрат ӨТЕУЛИЕВ үн-түнсіз отырды. Бұл оған ұқсамайды. 7 сәуірде өткен штабтың кезекті отырыстарының бірінде ол Ермекқалиевқа тапа-тал түсте браконьерлер қайықпен балық аулап жүретін Жұмыскер ауылы тұсына стационарлық бекет салу керек деп ескерткен еді. Сол кезде Ермекқалиев Жұмыскер ауылындағы «аса күрделі қылмыстық ахуалға» байланысты балық қорғау инспекциясы полицияның көмегінсіз ол жерге брандвахта қоя алмайды деп жауап қатқан болатын. Ол бекет ақыры ашылмады.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ       

9 маусым 2014, 12:41

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.