Атырау, 24 қараша 04:03
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Ғажайыптар әлемі» жанданбақ

4 147 просмотра

Әр жаз сайын ата-аналар балаларын қайда апарсақ екен деп бастарын ауыртады. Қалада ашық жерде ірі аттракциондар жоқ. Сауда орталықтарының жандарында және алаңдарда түсі оңып кеткен батуттар ғана бар. Жеңіс саябағында орналасқан жалғыз ғана «Ғажайыптар әлемі» ойын-сауық кешенінің жұмыс істемей қалғанына бірнеше жыл болды. Алайда қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер кешенді жыл аяғында ашу жоспарланып отырғандығын хабарлады. Ұзын-сонар қоңыраулар мен келіссөздерден кейін, бұрынғы және қазіргі директорлармен тілдесудің сәті түсіп, кейбір жайттарға қанық болдық.

Орталықтың ресми атауы - “Евразия” ойын-сауық кешені» ЖШС.Бұрынғы директоры Ербол КӨШКЕНБАЕВТЫҢ айтуынша, аттракцион 2008 жылдың аяғында мүлдем жабылған. «Алғаш 2008 жылдың ортасында жабылдық, - дейді ол. - Әжейдің немересімен бірге әткеншектен құлағаны естеріңізде шығар. Содан кейін біз жөндеу жасаттық. Жыл аяғына қарай бірер айға ғана ашылды. Содан кейін мүлдем жабылды – қысқы үзілістен кейін тәуекел ете алмадық».

Танымал болған ойын-сауық орнын жабу үшін қожайынға салмақты себеп қажет болғаны анық. Сол кезде дағдарыс пен әткеншектердің тозғандығын себеп етуге болар еді. Дегенмен, басшылық сол кезде жапа шегушілер, бақтарына қарай, жеңіл жарақат алды, оған өздері кінәлі, уақытынан бұрын белдіктерін ағытып жіберген деп жорамалдап қойған еді. Алайда азғана уақыт өтпей жатып, аттракционды жауып тастағанын ескерсек, шынымен де әжептәуір қауіптің болғаны ғой. Қалай дегенмен де, кешен жұмысын тоқтатты.

 

«БӘРІН АУЫСТЫРУ ҚАЖЕТ»

«Еуразия» ойын-сауық кешені 1999 жылы ашылған. Оның аумағы жеке меншік құқығымен сатып алынған. Қожайыны туралы ештеңе белгісіз. Оның үстіне қожайыны алматылық. Қаңыраған кешенді аралап серуендеген жақсы әсер қалдырмайды. Қозғалыссыз қалған және кей жерлері жартылай қираған әткеншектер; кейбірінің бұрандалары ұрланған, бір төбе боп үйілген «көңілді паровоздар» мен «ұшқыр машиналар». Балалардың оны көргенде көңілдері құлазитыны анық. Осы темірлердің барлығы ашық аспан астында 10 жыл бойына жатты. Оның үш жылы пайдаланылмастан және тиісті күтім жасалмастан өтті.

Ойын-сауық кешенінің жаңа директоры Айболат РЗИЕВ алдағы уақытта кешеннің ашылатындығы туралы ақпаратты растады: «Кейбір аттракциондар істен шыққан. Мен осыдан он күн бұрын ғана директор боп сайландым, істің мән-жайына енді ғана қанығып келе жатырмын. Қазір нысанмен танысудамын. Біз оны қалпына келтіріп, іске қоспақпыз. Әуелі ойын-сауық орталығы орынжайының өзін ашуды жоспарлап отырмыз. Ол жерде: тир, балалар батуты, «үрей бөлмесі» мен бильярд залы бар. Ойын-сауық орталығын қысқа дейін қалпына келтіруге үміттеніп отырмыз. Парк аумағындағы аттракциондарға келер болсақ, оларға толықтай тексеру жүргізіп, содан соң қажетті жабдықтарға тапсырыс береміз».

- Яғни, ашық аспан астындағы аттракциондар келер жылдың жазында ашылуы мүмкін бе? Жабдықтарды тексеруді кім жүргізеді? Менің білуімше, қалада мұндай арнайы мекеме жоқ.

- Біз алматылық компаниямен келісім-шарт жасастық. (Атауы қандай екенін және оның қандай салада мамандандырылғанын директор нақтылап айтпады – С.Т.)

- Аттракциондардың ахуалы бір қарағанда қандай?

- Темірдің аты темір. Әрине, 100 пайыз ауыстырған жақсы. Бірақ Қазақстанда мұндай жабдықтар жоқ, бәрі Ресейден әкелінеді. Бүгінде құрылтайшылар осы мәселе бойынша келіссөздер жүргізуде.

 

АТТРАКЦИОНДАРДЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ҮШІН КІМ ЖАУАП БЕРЕДІ?

Ең алдымен Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке хабарластық. Алайда директордың орынбасары Қабылбек ҚЫСТАУБАЕВ бізді тұқыртып тастады. «Ешқандай батуттарға да, ірі ойын-сауық аттракциондарына да біздің қатысымыз жоқ. Кім жауап береді? Еңбекті қорғау қызметі жауап беретін шығар», - деп жорамалдады ТЖ қызметкері.

Еңбек департаментіндегілер, азғана таңданыс білдіріп, еңбек заңдылығы үшін жауап беретінін айтты. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау қызметі (ол жерге де хабарласқанбыз) техникалық жабдықтарға емес, салынып жатқан нысандарға бақылау жүргізетінін хабарлады. Әкімшіліктегілер білмейтінін ашық мойындады. Ендеше, балалар аттракциондарының қауіпсіздігі қожайындардың ар-ұятында болмақ.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суреттерді түсірген В. Истомин

23 маусым 2011, 01:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.