Атырау, 27 қараша 06:50
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жасыл желек және миллиондар

4 391 просмотра

Құлсары қаласын көгалдандыру жұмысына жыл сайын миллиондар бөлінеді, алайда, жасыл желекке оранған қала көрінбейді. 

- Біздегі билік бар қаржыны Махамбет даңғылындағы маусымдық гүл егуге жұмсап жатыр, -дейді жергілікті халық.  - Ал, экологиямыздың жақсаруына сәл де болса септігін тигізетін талдарды неге көптеп екпеске? Қалада тал өте аз.

Өткен жылы алты айға белгіленген көгалдандыру жұмысына бюджеттен 23 млн 702 мың теңге бөлінген. Көгалдандыру жұмыстарын «МеталлПромСтрой» ЖШС атқарды. Биыл да бюджеттен осы көлемдегі қаржы қаралып, көгалдандыру жұмысын жүргізуге жеке кәсіпкер Талғат АТАБАЕВ тендер ұтып алды. Алты айға белгіленген 23 млн 702 мың теңгенің 12 млн 849 мың теңгесі 2 151 шаршы метр алқапқа біржылдық шырайгүл (петунья) мен бархотка гүлдерін егіп, баптауға арналған. Ал, қалған бөлігі жасыл желектерді суарып, күтуге, үй жануарларынан қорғауға бөлінген болатын. 

- Бүгінде гүлдерді отырғызу  жұмыстары аяқталды, - дейді жеке кәсіпкер Талғат Атабаев. -Бірақ олар бірден көтеріліп кете алмай тұр, белгілі уақытқа дейін «ауырып», кейін қалпына келеді. Қала тұрғындары малын кез келген уақытта бос жібере салады. Ал, біз қуып әлекпіз, басқа қолдан келер шара жоқ. Мал иелеріне айыппұл сала алмаймыз, жәй ескертумен шектелеміз.

Кәсіпкердің жұмысына талдарды айына 20 рет суаруды  ұйымдастыру және он күн сайын тыңайтқыштар қолдану кіреді  екен. Бір ағашқа айына 30 литр су жұмсалуы тиіс. Алайда, біз біраз талдың шөліркеп тұрғанын байқадық. 

- Біз бұған дейін үш тонна суды үш мың теңгеге кез келген жеке меншік су таситын көліктер арқылы тасып, талдарды суарып тұрдық. Көшеде кездескен водовоздарды тоқтатып аламыз, енді «ҚазТрансОйл» ЖШС-мен техникалық суды пайдалану келісіміне келдік, -дейді Атабаев. 

Биыл, сондай-ақ, Құлсары қаласында ағаш егу жұмыстары «Жасыл ел» бағдарламасы негізінде жастардың ұйымдасты-руымен іске асқан.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

5 маусым 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.