2013 жылы тарихи отанына оралған 317 оралман тұрғылықты жері ретінде Атырау облысын таңдады.
-Солардың ішінде 304 адам Өзбекстаннан, жетеуі Ресей федерациясынан, бесеуі Түркіменстаннан, біреуі Қытайдан көшіп келді, - дейді жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Клара МҰҚАШКЕРЕЕВА.
Ол, сондай-ақ, оралмандарға қатысты заңдарға енгізілген өзгерістерге де тоқталды. Атап айтсақ, ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 20 наурыздағы №248 қаулысымен оралмандарды орналастыру өңірлері анықталды. Бұл – Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары. Яғни, оралман мәртебесін тек осы өңірлерге қоныстану арқылы алуға болады. Басқа өңірлерді таңдаған ағайын тұруға ыхтиярхат пен азаматтықты шетелдіктер үшін қабылданған жалпы талаптар бойынша ресімдеп, өз төлемқабілеттіліктерін міндетті түрде растауы керек.
Оралман мәртебесін алу рәсімі де өзгеріске ұшырады. Егер бұрын елімізге аяқ басқан бауырлар бес күн ішінде оралман мәртебесі мен куәлігін алу үшін өкілетті органдарға келуі керек болса, қазір керісінше, бірінші тұруға ыхтиярхат ресімделеді.
- Алдымен олар көші-қон полициясында тұруға ыхтиярхат ресімдейді, тек содан кейін ғана мәртебе мен куәлікке ие болады, - дейді К.Мұқашкереева. – Азаматтық алу мерзімі басқа шетелдіктерге бес жыл болса, оралмандар үшін төрт жыл. Азаматтық алғаннан кейін олар Қазақстанның кез келген жерінде тұруға құқылы.
Оралмандар Қазақстан азаматтарымен бірге жұмыспен қамту бағдарламалары, «Бизнестің жол картасы» және басқа да бағдарламалар бойынша жеңілдіктерді тең пайдалана алады. Жыл басынан бері Атырау облысында тұру үшін 29 отбасы (42 адам) оралман мәртебесін алған, көпшілігі - көрші Өзбекстаннан қоныс аударғандар.
Тамара СУХОМЛИНОВА