Атырау, 27 қараша 06:57
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қиын да қарапайым жапон тілі

8 341 просмотра

Атыраудағы жапон тілі курсына бүгінде бес адам барып жүр. Оларды пікірлестер деп батыл атауға болады, өйткені, олар Күншығыс елінің тілін қажет болған соң емес, жапон тарихы мен тіліне деген қызығушылықтары басым болған соң үйренуде.

Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ жанынан курс ашуға тарих пәнінің оқытушысы Серікқали ДӘУКЕНОВ (суретте) бастамашы болған екен. Оның өзі Жапониямен сонау 1975 жылы «ауырған». Сол кезде кеңестік баспасөз Токиода өткен дамушы елдердің көшбасшыларының саммитін жарыққа шығарған еді. Әскерден келген соң ол жоғары оқу орнына түсіп, Жапония тарихы бойынша курстық жұмыс жазды. Осы шалғай елге қатысты кез келген әдебиетті қызыға оқыды. Әсіресе, Владимир Цветовтың «Пятнадцатый камень сада рёандзи» деген кітабы үлкен әсер қалдырған. 2001 жылдан бастап Серікқали Тұрсынғалиұлы жапон тілін өзі біртіндеп меңгере бастаған.

- Рас, анда-санда, бос уақытым болғанда ғана, -деп күлімсіреді ол. – Бірақ Жапонияға деген қызығушылығым 40 жыл өтсе де, әлі басылмай келеді. Мен кітап дүкендеріне жиі барып тұрамын, жаңа түскен әдебиеттерді қараймын. Сатушылар жапон тақырыбын сұрайтын басқа да сатып алушылар бар екенін айтады. Олармен бірігіп, жапон мәдениеті әуесқойларының клубын құруды қалаймын. Өйткені, бұл - көне және тарихы өте бай ел. Бүгінде ол экономикалық даму жағынан дүниежүзілік көшбасшылар үштігіне кіреді.

Алайда, жапон тілінің кәсіпқой оқытушысын табу оңайға соқпады. Дәукеновтің жергілікті БАҚ-қа оқытушы іздейтіндігі туралы алғашқы хабарламасын бергеніне бір жыл өткен соң оған Рәзия ОҢАЕВА (суретте) хабарласыпты. Дегенмен, бұған таңданудың қажеті жоқ. Қазақстанда жапон тілінен тек Алматы, Астана және Семей қалаларының жоғары оқу орындарында дәріс беріледі. Ондағы топтар да аз. Көпшілігі оның қиындығынан қорқады. Өйткені жапон тілінде үш мыңға жуық иероглиф бар.

- Мен Қазақ Ұлттық университетінің шығыстану факультетінде оқыдым. Біздің жапон тілін оқитын тобымызда бар болғаны бес адам болды. Ал Атыраудан жалғыз мен едім, -деп әңгімелейді Рәзия-сенсей.

Тыңдаушылар оны солай атайды. Университеттен филолог-жапонтанушының дипломын алған соң Токиодағы тіл мектебінде оқыды. Туған қаласына оралған соң өз білімін қолданғысы келгенімен, оның орайы келмеді. Атырауда жапондық компания өкілдіктері мүлдем аз, қазіргі уақытта оларға тіл білетін шетелдік қызметкерлер қажет емес. Сол кезде Серікқали Дәукеновтің хабарландыруын көзі шалған.

Алғашқы оқушыларының бірі АГУ-дің 1-курс студенті Әзиза КЕНЖЕБАЕВА болды.Қыздардың болашағы туризммен байланысты, Әзизаның өзі оны Батыстан гөрі Шығыс қызықтыратынын айтады. Ал, 14 жастағы Таняның Жапонияға деген махаббаты фильмдермен және анимэмен таныстықтан басталған. Ол жапон музыкасын тыңдап, оригамимен, судокумен айналыса бастады. Кешікпей жапон тілін ұғынып, жекелеген сөздерді айыра бастайтынын біліп, таң қалды.

- Тез үйреніп кетеді. Тек бір қарағанда ғана жапон тілі қиын көрінеді, ал біз қысқа уақыт ішінде алфавитті жаттап алдық, біртіндеп оқып, жаза бастадық. Бұл тілде тек бір иероглифпен бірнеше мағынаны, тіпті тұтас сөз орамын білдіруге болады. Бір жағынан қиындау, бірақ екінші жағынан оңайырақ, солай емес пе? –деп күлімдейді Рәзия. Сенбесеңіздер, өздеріңіз байқап көріңіздер.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

5 маусым 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.