Бұл үйге аяқ бассаң-ақ, кішкентай балалар тұратынын бірден түсінесің. Үйдің іші омыраудағы сәбилерден шығатын ерекше иіске бөленген. Дәлізге кептіру үшін жөргектерді іліп қойыпты. Асүйде жас аналар шай ішіп отыр, ал олардың сәбилері екінші қабатта тәтті ұйқыға кеткен.
ТОРЫҒУ ШЕГІНДЕ
Осыдан бір ай бұрын Индира мен Айтолқын (есімдері өзгертілді) қатты торыққан болатын. Тіпті әлдебіреулер оларға қол ұшын береді-ау деген ой үш ұйықтаса да түстеріне кірмеген еді. Индираның жасы 22-де, қызы - 4 айлық. Ол сәбидің әкесі туралы тіс жарғысы келмейді. Бүгінде оның өмірі басқа, оны өзгерткен де сәбиі... Индираның білімі бар, бірақ мамандығы бойынша жұмыс жасамаған, қолынан келгенше дүкенде жұмыс істеп, табыс тапқан. Сәбиі дүниеге келген соң, жұмысынан шығуға тура келіпті. Ешкім көмектеспейді, әке-шешесі ажырасқан. Анасы күнін әзер көріп жүр, жалдамалы үйде тұрады. Ол үйдің жағдайы нашар, сондықтан сәбиді апару ақылға қонымсыз болар еді. Бірақ қайда барады... Атыраудағы қиын-қыстау жағдайда қалған жалғызбасты жас аналарға арналған баспананы ашуға ықпал еткен «Ана үйі» қайырымдылық қорының көмегі болмағанда, не боларын кім білсін.
…Айтолқынды қор қызметкерлері көшеден алып келді десе де болады. Жүкті, ақшасы мен жұмысы жоқ ол құрбылары мен таныстарын жағалап жүріпті. Бір күні баратын жері де болмай қалған. Жаны ашыған қала тұрғындарының бірі қыздың бірнеше сағат бойына аялдамада отырғанын байқап, «Аналар үйі» жобасын үйлестірушінің телефон нөмірін беріпті. Жүктілік мерзімі сегізінші айға шығып кеткен жас ана, өзі білімі бойынша медик болса да, бірде-бір рет дәрігердің қабылдауында болмапты. Ауыр ойлар, ұйқы қанбау, жарытымсыз тамақ - осының бәрі аяғы ауыр әйелдің денсаулығына әсерін тигізбей қоймады. Сәби уақытынан бұрын дүниеге келді, ал, анасы қаназдық сырқатына шалдықты.
«Аналар үйінде» тағы бір жас қыз болды, оны бір жастағы сәбиімен алыпты. Алайда ереже бойынша тек жаңа туған сәбиі бар немесе босануы жақын әйелдерді қабылдайды. Қыздың өзі жетім екен. Бастапқыда анасы мен баласына қараудың өзі аянышты еді: қарындары аш, үстері лас, бар дүниесі – кішкене пакеттің ішінде. Оларды тамақтандырып, күтім жасап, медициналық көмек көрсетті (бұған дейін бала бірде-бір рет дәрігерде болмаған). Бірақ ол бірнеше рет жоқ болып кетіп жүрді. Ол сәбидің әкесіне барып келеді екен. Бұл жолы да соған кетіп қалған болуы керек. Қор қызметкерлері полицияға оны табу туралы шағымданған. Оны қайтару үшін емес, «Аналар үйінде» тұру-тұрмауға өз еркі бар. Тек өзі мен баласының жағдайы жақсы екеніне, тірі, дендері сау екеніне көздерін жеткізу үшін арыз берген.
БӘРІ ӨЗ ҚОЛЫҢДА
Бүгінде жас аналарға өмір соншалықты қиын еместей көрінеді. Олар қауіпсіз жерде, балаларының тамағы мен киімі туралы уайымдаудың қажеті жоқ. Тамағын, киімі мен барлық қажетті дәрі-дәрмектерін қордың өзі ұсынады. Сәбилі аналарға қол ұшын бергісі келген жандар көптеп табылды. «Карт-бланш» фирмасы балалар үшін төзімді жиһаз, жөргектеу үстелін жасап берген, «Медицина» АҚ памперстер береді, «Дина» базары үнемі азық-түліктермен көмектесіп тұрады. Қарапайым қала тұрғындары да көмектеседі. Бір ер адам тұтас қойдың етін алып келді. Аналар өз туыстарымен, балаларының әкелерімен араласа алады. Егер олардың бірі отбасын құрғысы келсе, бұған бәрі қуанады. Өйткені, бұл - уақытша баспана, бар болғаны бір жарым жыл тұрады. Осы уақыт ішінде не нәрсе үйреніп шығатындығы аналардың өздеріне байланысты. Олармен психолог, тігу-тоқуды үйрететін шебер жұмыс істейтін болады. Қазір үйде үнемі медбике кезекшілікте отырады, заңгер жиі келіп тұрады.
Ең бастысы - аналардың ертеңгі күнге деген сенімі пайда болды. Бір жарым жылда олар балаларын бөбекжайға бере алады. Қор әйелдерге жұмыс тауып беруге уәде беріп отыр, бір жақсысы олардың білімдері бар.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор