Жиырма жасқа толмай жатып, тағдыр талқысына ұшыраған жылыойлық Құрайыш ТАҢАТАРОВ өле-өлгенше сырын ешкімге ашпастан, «халық жауы» болып өмірден өтті. Оның есімі кейінгі жылдары ғана ақталды.
...1941 жылы әскерге жарамды жігіттер үсті-үстіне майданға аттанып жатты. Сол кезде небары 17 жастағы Құрайыш Жылыой өңіріндегі «Қарағай» елді мекенінде («Микоян» колхозы) жергілікті әскери комиссариаттан Отанын қорғауға қайта-қайта сұранып, көппен бірге сұрапыл соғысқа аттанады.
- Енем «Құрайышым жасынан алғыр, зерек болып өсті» деп айтып отырушы еді. Қайнағам майданға кеткеннен хабарсыз қалған. Ата-енем одан «қара қағаз» келмегесін жамандыққа жорығылары келмей, жолға қарап, зарыға күтті, -дейді Құрайыш Таңатаровтың келіні Гүлбаршын ҚОЖИЕВА.
Құрайыштан хабар болмаған себебі, ол соғыстың алғашқы жылында-ақ тұтқынға түсіп қалады. Фашистердің концлагерінде екі жылдай болып, жан азабын шегуге тура келетін нағыз тозақты бастан кешіреді. Ауыр жұмыс титықтатып, аштық қанша қинаса да, ол өмір сүруге деген құлшынысын жоғалтпайды. Ал, тұтқыннан босаған сәтте оның алдында екі жолдың бірін таңдау тұрған еді.
Таңдаудың бірінші жолы - елін қорғау үшін қолына қару алып, жауға қарсы күресу болса, екіншісі - бас сауғалап, шетел асу болатын. Комсомол Құрайыш бірінші жолды таңдап,1943 жылы майдан даласына қайта араласады. Бірақ НКВД қызметкерлері оған сенімсіздік танытып, көп тергеуден кейін бір жыл өтпей жатып, оны саяси тұтқын ретінде 15 жылға соттайды. Құрайыш Ресейдің Қиыр Шығысындағы Магадан облысы, Усть-Умчук қаласында орналасқан «Аргобаза» лагеріндегі алтын өндіретін кен орнынан бір шығады, сондағы ауыр жұмыстарға жегіледі.
- Ағам елге келгенде өз құрдастарына аз-кем сыр ағытып, «жауынгерлер тұтқыннан босағанда не болады?» деп талай рет бас қатырғанын әңгіме қылып айтыпты, - дейді Құрайыш Таңатаровтың інісі Қали ТАҢАТАРОВ (суретте). - Ол екеуміздің жас алшақтығымыз - 17 жыл. Мен 1941 жылдың қаңтарында дүниеге келіп жатқанда, ол соғысқа аттанып жатқан. Ағам алғаш елге 1956 жылы арып-ашып бір келіп кетті. Бірақ, неге екенін білмеймін, бірер жылдан кейін «Магаданға барып, құжаттарымды реттеуім керек» деп қайта кетіп қалды, кейін оралды. Бірден жұмысқа тұрды, грейдер жолдарды салып жатқан жұмысшыларға басшылық етті. Үйленді, бір ұл, бір қыз егіз баласы болды, бірақ олар екеуі де қазір өмірде жоқ.
Мен ағаммен көп тұра алмадым, себебі әскерге кетуім керек болды. Ағам мен сол әскер қатарында жүргенде қайтыс болды. Ол өте байсалды, көп сөйлемейтін жан еді. Одан лагерьдегі күндер турасында сұрай қалса, «небір жайсаң жігіттер мезгілсіз опат болып, сүйектері айдалада қалды-ау» деп қамығатын. Лагерьдегі азапты жылдары туралы сол бірауыз сөзден артық ештеңе айтпайтын, сұрақтар қойсақ, орнынан тұрып кететін. Сол себептен, біз де оның жанын жегідей жемейік деген оймен көп ештеңе сұрамауға тырысатынбыз.
Құрайыш Таңатаров 1961 жылы 17 мамырда қайтыс болған. Ол бар болғаны 37 жыл өмір сүрді.
- Ағамның сүйегі өзі туылған Қарағай елді мекенінде жерленген. Зираты да сонда. Егер ағам тірі болса, биыл 90 жасқа толар еді, -дейді Қали аға. - Шешем құжаттарға мұқият адам болатын, бірақ ағам қайтыс болғаннан кейін оның бірде-бір құжаты сақталмапты. Магадандағы қос суреті ғана естелік болып қалды. Ол кезең қиын еді ғой, мүмкін, ағам отбасымыздың ертеңін ойлап, бізге бір зияны тимесін деп, бүкіл құжаттарын өртеп жіберген болар? Көп жайт жасырын күйде қалды, сонысы өкінішті...
Құлсары қаласында Ұлы Отан соғысына қатысқан боздақтарға арналған ескерткіш бар. Ескерткіште Құрайыш Таңатаровтың да есімі жазылған. Жұмбақ жаннан қалған жалғыз белгі сол ғана...
Ләззат ҚАРАЖАНОВА