Атырау, 27 қараша 04:25
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Жаужүрек Құрақ

7 461 просмотра

Махамбет ауданындағы Жайықтың арғы беті мен бергі бетін қосып тұрған Ақ Жайық ауылына қарсы жағадағы Сарытоғай ауылына іргелес жатқан Бала Ораз елді мекенінде «Осы жерде Исатай мен Махамбет бастаған қол 1837 жылғы қарашаның 14-іне қараған түнде Жайықтың арғы бетіне өткен» деген жазуы бар ескерткіш тақта орнатылған (суретте).

Бүгінде көтерілісшілер өткен тұстан он шақырымдай жерде жаңа көпір салу қолға алынды. Қазір сол көпірге бір топ көтерілісшіге өзеннен өтуге көмектескен Құрақ МАЯБАСҰЛЫ деген кісінің есімін беру туралы ұсыныстар айтылуда. 

...1836-1839 жылдары Жәңгір ханға және патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарсы ұлт-азаттық көтерілісті басқарған батырлар - Исатай ТАЙМАНҰЛЫ менМахамбет ӨТЕМІСҰЛЫ жағы жеңіліске ұшырағаны тарихтан белгілі. Көтерілісшілердің бір тобы жеңілістен кейін жан сақтау мақсатымен Жайықтың арғы бетіне өтуге шешім қабылдайды.

Күн қарасуық, ызғарлы, өзеннің бетін мұз енді торлап жатқан. Өзеннен өту қауіпті еді. Осы кезде Махамбет бала күнгі досы Құраққа қолқа салып, өзеннен өткізіп жіберуін өтінеді. Батыр оған текке қолқа салмаған. Себебі, Құрақ жершіл, із кескіш адам болған деседі. Ақтоғай ауылында тұратын Құрақтың төртінші ұрпағы, (шөпшек) марқұм Қырым ҚАНЫКОМОВТЫҢ жұбайы Қарлығаш ҚАБДОЛОВА (суретте) дакөнекөз қариялардан естігенін бізге айтып берді:

- Атамның жершілдігі сол, түнде түсіп қалған тұсауды қайтып келіп, аттан түспей еңкейе іліп алып кететін. Махамбет батыр оның осындай қасиетін жақсы білгендіктен көмек сұрап келген болуы керек.

...Құрақ хан жарлығынан сескеніп, отбасының ертеңін ойлағанмен, жолдасының бірауыз сөзін жерге тастамай, көтерілісшілерге көмектеседі. Атырау мемлекеттік университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали АХМЕТТІҢ дерегінше, Құрақ қарасуық түнде Бақсай бекінісі мен Жаманқала арасындағы Сарытоғай жырасын бойлай отырып, Жайық өзенінің тік жар қабағы арқылы мұзға киіз, төсеніштер төсеп, көтерілісшілерді арғы бетке өткізіп жіберген. Бұл туралы Орал казак әскерінің атаманы В. О. Покатилов Орынбор әскери губернаторы В. А. Перовскийге 1837 жылы 18 желтоқсанда өз рапортында «Қарақшы Тайманов желтоқсанның 12-інен 13-іне қараған түні сағат 4-те 30 шақты еркек, әйелі бар топпен Жайықтан өтіп, қашып кетті. Жауыздарға қатты сақылдаған суық пен ақ боран жәрдемдесті» деп жазды (ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағатының құжаттары бойынша).  

Рапортта Қ. Маябасов туралы дерек жазылмаған. Құрақтың қалай қолға түскені турасында зерттеушілер әртүрлі жазып жүр. А.Ахметтің нұсқасында мынадай бір дерек бар:

- Төменгі Орал линиясының басшысы ротмистр АКУТИН қолға түскен Нұрмағамбет СҮЙІНҰЛЫНЫҢ айтқанына сүйеніп, «Исатай тобын Жаманқала бекінісінен сәл жоғарылау тұстан Құрақ Маябасов өткізген. Ол осыған қарсы бетте 80 шақырымдай жерде орналасқан» деп мәлімдеді. Бұл Исатай мен Махамбет батырлардың Жайықтың бұқар бетіне өткізген Құрақпен соңғы рет кездесуі болатын.

Көтерілісшілерге Маябасовтың көмектескені көп кешікпей белгілі болғанда, дәл осылай боларын іштей жақсы сезген Құрақ жазаны салқынқандылықпен күткен екен. 

Көтерілісшілерге немесе оларға көмектескендерге екі түрлі жаза қолданылды. Бірінші топтағыларға, яғни, қолдарына қару алып, көтеріліске белсене қатысқандарға әскери соттың шешімі бойынша 1 000 дүре соғылып, Сібірге жер аудару, солдатқа айдау, қамал салу жұмысына жіберу жазалары қолданылды. Екінші топтағылардың, көтеріліске қатысы болса да, жазалары жеңілдетіліп, оларға дойыр қамшымен 25-тен 30-ға дейін дүре соғу белгіленген. Құрақ бірінші топқа жатқызылып, Сібірге, итжеккенге айдалып, содан қайтып оралмады. Оның сүйегінің қайда қалғаны белгісіз.

Құрақ Маябасовтың артында әйелі мен жас баласы Әжмағамбет қалады. Махамбеттей жолдасы үшін басын қатерге тіккенде Құрақ-тың жасы 40-қа да жетпеген екен. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

29 мамыр 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.