Масалармен күресу үшін биыл қалалық бюджеттен 80,3 млн теңге бөлінді. Масаларды жою жұмыстарына тендерді «AG disinfection services» ЖШС ұтып алды.
Оның директоры Жұман САТЫБАЛДИЕВТІҢ айтуынша, компания 16 сәуірде – қалалық ТКШ бөлімімен келісімшартқа қол қойғаннан кейін келесі күні жұмысқа кіріскен. ЖШС-нің иелігінде арнайы үш көлігі бар, ресейлік, голландық және неміс өндірісіндегі препараттарды қолданады.
– Маусымға 4,8 тонна химикаттар әзірленді, – дейді Ж. Сатыбалдиев.
Келісімшарттағы техникалық ерекшелікке сәйкес, компания:
Айына бір рет ашық су қоймаларын (сәуірден қарашаға дейінгі аралықтағы маусым);
Тұрғын үйлердің жертөлелері мен подъездерін – айына бір рет;
Қаланың ашық аумақтарын, демалыс орындарын, жасыл-желектерді – айына бір рет өңдеуі тиіс.
Бөлінген қаржыға 2,171 гектар ашық су қоймаларын, 388,1 мың шаршы метр болатын қаланың ашық аумақтары мен жасыл-желектерін және 1,2 млн шаршы метр жертөле орынжайларын, подъездер мен үй маңындағы аумақтарды өңдеу жоспарланған. Қазір «AG disinfection services» мәліметтері бойынша, қалада масалардың бізге таныс үш түрі тараған: табиғи (теңіз) Aedes Caspius масасы, қалалық ірі Culex pipiens және атыраулық жертөлелерде көптен бері мекендеп келе жатқан Culex modestus масасы.
«AG disinfection services» үшін бұл бүкіл қаланы дәрілеу бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесі.
Мұнымен 15 жыл бойына үзіліссіз айналысқан «Атырау облыстық дезинфекция» ЖШС биылғы жылы тендерге қатыспады. Атап өту керек, 2014 жылы осы бағдарламаны қаржыландыру, әсіресе, теңгенің девальвациялануы ескеріліп, азайтылған. Өткен жылы 89 млн теңге болса, бұған дейін бюджетке орташа алғанда 100 млн теңге салынып отырды.
Өткен жылы масаға қарсы күрес сәтсіздікке ұшырады. Кейбір мамандардың болжамына қарағанда, осы жазда жақсаруы неғайбыл. Азғана мөлшердегі ақшалар қала аумағын өңдеуге ғана бөлініп отыр. Селолық округтер үшін мұндай бап қарастырылмаған.
Өткен жылғы масалардың аномальды қаптауы бұған дейін 2005 жылы орын алған еді. Содан кейін билік 2006 жылдың бюджетінен арнайы препараттармен қала маңы мен жабайы масалар көбейетін жерлерді өңдеу үшін барьерлік өңдеуге әжептәуір қаржылар қарастырды. Осынау батыл шаралардың және қаладағы тұрақты жұмыстардың арқасында Атырау шыбын-шіркейден жеті жылға демалып қалған еді. Алайда 2013 жылы «Ақжайық» табиғи резерватында бірінен соң бірі көпжылдық қамыс қопасы өртеніп, теңіз желімен қалаға үйреншікті жағдайдан айырылған сансыз теңіз масасы келді. Қамыс қопасы қалпына келмеді, бұған көптеген жылдар қажет. Яғни, өткен жылғы жағдай қайталанса – ұзақ уақыт теңіз желі соғып, қала маңының өңделмесе, біз үшін жаз маусымы тағы да ауыр болмақ.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА