Атырау, 26 қараша 20:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Келесі кезек кімдікі?

3 388 просмотра

«Атырау» дене шынықтыру кешенінде жыл сайын бір ахуал қайталана береді. Маусым басталар алдында керемет  міндеттер қойылып, айбынды сөздер айтылады да, кезекті  бас бапкер кешікпей өз орнынан кетеді. Бұл жолы да осылай болды.

Мұнайлы астана командасы 10 жыл ішінде әжептәуір жетістіктерге жете қойған жоқ. 2001 және 2002 жылдары Талгаевтың кезінде алған «күмістер» мен Вахид МАСУДОВ жаттықтырған кезеңдегі (2009 жылғы) Қазақстан кубогы ғана. Сол кезде Масудов командамен жиын өткізіп жатқан кезде, оған күтпеген жерден есікті көрсеткен болатын. Бейресми ақпарат бойынша, бұл хикая клуб сомасының шығынымен (жұмсалуына) байланысты болған. Бұған Вахид Юнусовичтің ешқандай қатысты болмапты. Осы уақыт ішінде клубта әлсін әлі сыбайлас жемқорлық дау-дамайлары, дүрдараздықтар, ойыншылардың бас көтерулері, толықтай сәтсіз маусымдар орын алып жатқан еді. Істің насырға шапқаны сондай, өткен жылы қала әкімі Мереке ЕСМҰРАТОВ тіпті футбол саласына бөлінетін миллиондар басқа салада анағұрлым тиімді қолданыс табуы үшін команданың таратылатындығы туралы мәлім еткен еді.

2011 жылдың маусымы Қазақстанға белгісіз Рамиз МАММАДОВТЫҢ командаға шақырылуымен басталды. Оны  клуб басшыларының бірі ұсынған болатын. Алайда тәлімгердің орнына бірнеше үміткерлер қарастырылған еді. Айтпақшы, наурыз айында 90 пайызға жаңарған команданың алғашқы жаттығу ойынына келген облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ клуб бюджетінің мөлшері туралы айтқан кезде бұл ойыншыларды қуантып тастаған болатын.

- Бюджет 900 миллион теңгемен ғана шектелмейді, - деп мәлімдеді ол. – Біз бірнеше ірі компаниялармен келісімге келдік. Олар маусым бойына жекелеген ойыншыларды да, команданы да ынталандыру үшін қаржы құюға дайын. Бастысы - жігіттер сапалы ойын көрсетіп, жоғарғы нәтижеге қол жеткізсе дейміз.

Облыс басшысының бүкіл аймақтағы спорттың дамуына лайықты назар аударып отырғанын айта кету керек. Оған мысал – «Бейбарыс» хоккей командасы мен «Барыс» баскетбол командасының чемпион болуы. Таяуда «Атырау» футбол клубының бас директоры Рашид МЫҢБАЕВ атап өткендей, клуб 2-3 жылдан кейін осындай биіктікке қол жеткізуді жоспарлап отырған көрінеді. Алайда «Атырау» ФК қызмет еткен жылдары ішінде баспасөздің, ол арқылы мыңдаған жанкүйерлердің сансыз уәделерге тойып болғаны сондай, біздің аймағымыз баяғыда-ақ еліміздің абсолютті чемпионы болуы тиіс еді. Алайда бүгінгі ахуалға оралайық.

«Атыраудың» маусымдағы үздік үштіктің көшбасшысы болу үшін күресетін алдыңғы алтылықтың қатарына ену әрекеті сәтсіз аяқталды. Маммадовтың өзінің мойындауынша, астанада «Астана» командасынан 2:3 есебімен жеңіліс тапқаннан кейін, ол облыс басшылығымен сөйлесіп, өзінің командадан кету ниеті туралы мәлімдеген. Оған мүмкіндік берілген, бірақ ол мүмкіндік «Тобылмен» болған матчтан кейін мәнін жойды.

Жыл сайын жаттықтырушылардың маусымына екі рет, кейде үш рет ауысуы атыраулық жанкүйерлерді қатты ызаландырғанын атап өткен жөн. Оны клуб басшылығының тарапына айтылған сөздерден байқауға болады (Inet-гі комментарийлерге көз салсаңыз жеткілікті).

- Егер соңғы жылдары маусым ішінде командада екі мәртеден жаттықтырушылар ауысқан болса, қандай сапалы ойын болады деп күтуге болады? Әрбір жаңа бапкер өз ойыншыларын әкеледі. Ақыр соңында құрама жаттығып үлгермейді. Одан да балалар футболын қамқорлыққа алған жөн, - деп, екі жылдай бұрын №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің танымал жаттықтырушысы Николай Петрович ВОРОБЬЁВ орынды уәж айтқан еді. Меніңше, оның бұл пікірі әлі күнге дейін өзекті секілді.

Шындығын айтқанда, тіпті клуб құрылған сәттен бастап оның тағдырына бақылау жасап келе жатқан тілшілеріңіз де сол клубқа әр жылдары басшылық еткен барлық бапкерлерді әрең деп санамалап шыққан еді. Ваит Талгаев, Александр Голоколосов, Вячеслав Еремеев, Сергей Тимофеев, Сергей Волгин, Сергей Андреев, Александр Аверьянов, Бақтияр Байсейітов, марқұм Антон Шох, Вахид Масудов, Рамиз Маммадов. Егер есімі аталмай қалған бапкерлер болса, кешірерсіздер. Енді келесі кім екен?

Жаңа бас бапкерді табу туралы мәселе әзірге ашық күйде қалып отыр. Бастысы, қайтадан сол бәз-баяғы кейпімізді қайталамасақ болғаны.

P. S. Бүгінде Рамиз Маммадовтан кейін іле-шала «Атырау» ФК бас директоры Рашид Мыңбаев отставкаға кетті. Дәлірек айтқанда, Мыңбаев команданың әкімшісі болған бұрынғы қызметіне кетіп, сол қызметте болған Арман ҮМБЕТӘЛИЕВ енді бас директор боп тағайындалды.

Лев ГУЗИКОВ

23 маусым 2011, 19:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.