Еліміздегі барлық бизнес қауымдастығын біріктіруге арналып құрылған Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнесмендерде бірталай сұрақ туындатты. Өкінішке орай, Атырау облысы бойынша кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек ЖӘКИЕВ шағын және орта бизнесті дамыту мәселелері бойынша үкімет басшылығымен өтетін жиналысқа кеткендіктен конференцияға қатыса алмады, алайда ол интернет арқылы бірнеше сұраққа жауап берді. Сонымен қатар, сауалдарға оның экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Ардақ ТӨКЕНОВА, құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Нұрсұлтан ҚАШАҚОВ, әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Нұржан ҒАНИМҰРАТ өз жауаптарын берді.
МҮШЕ БОЛУ МІНДЕТТІ...
- Кәсіпкерлер кейде бизнесті қолдауға арналған түрлі бағдарламалар мен бағыттардың көптігінен кейбірін түсіне алмай жатады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры, Кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы, ӘӨК және т.б. ұйымдардың қандай өзгешеліктері бар? ҰКП-ға кәсіпкерлердің міндетті түрде мүше болу талабы қаншалықты заңды?
А.Ж. Кез келген кәсіпкер бизнес жүргізу бойынша өзін қызықтыратын ақпараттарға, соның ішінде «Бизнестің жол картасы-2020», «Агробизнес-2020» (жеңілдетілген несиелеу, субсидияландыру және басқа да мемлекеттік қолдау шаралары), «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы (жұмысқа орналасу және біліктілігін арттыру мүмкіндіктері) сияқты құжаттарға қол жеткізе алады. Бизнесті жаңа бастағандарға бұл кәсіпкерлік іске үйрену мүмкіндігі, тәжірибелі кәсіпкерлер үшін өз өткізу нарығын кеңейту мен жаңа іскери әріптестер табуға жол ашады. Ұлттық палатаның құрылуымен еліміздің орта табы нақты белгіленеді, кәсіпкер өзін мемлекеттік орган өкілдерімен тең дәрежеде ұстай алады, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғай алады. Сондай-ақ, бұл өз қызметкерлерін оқытып, ҰКП тарапынан қызмет көрсетуге тапсырыстар алу мүмкіндігін береді.
Егер бұрын жұмыс жасаған бизнес қауымдастықтар тек сұраушы рөлінде ғана болып, мемлекеттік органдарға өз пікірлерін жеткізе алмаса, қазір біз кез келген мемлекеттік құрылыммен терезесі тең диалог жасай аламыз. Ұлттық палата қазірдің өзінде прокуратурамен, кеден, қаржы полициясымен меморандумға қол қойды.
Үкіметтің қаулысына сәйкес, бізге «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының төртінші бағыты бойынша қаржылық емес қолдау көрсету операторы қызметі берілді. Осы бағыттың аясында түрлі мақсаттарға жол ашылады, біз соған қызмет көрсетеміз. Мәселен, кәсіпорынды ашу және жабу кезінде көмек, бухгалтерлік есеп жүргізу, аудит, салық және құқықтық мәселелер, ІТ қызметтер. Барлық көмек тегін беріледі. Бұлармен байқау арқылы таңдалған сервистік компаниялар жұмыс жасайтын болады.
Осылайша, сервистік қызмет көрсететін шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс көлемдерін алып, табыс табады. Біз биыл сервис компаниялары сарапшыларының бір бөлігі «Даму» кеңсесінде орналасатын болады деп шештік, өзіміз де осындамыз. Қызметтерді барып көрсету бойынша жұмыстар жөнінде қосымша келісім жасалады. Біз өз тарапымыздан осы компаниялардың жұмысына бақылау жасаймыз. Қазір біз кәсіпкерлер арасында мемлекетке жүгінгенде жиі туындайтын мәселелерді анықтау үшін сауалнама жүргізіп жатырмыз. Алынған жауаптар мемлекеттік органдар өкілдерімен кездесу барысында талқыланады.
ҰКП-ға міндетті түрде мүше болу талабының заңдылығына келетін болсақ, бүгінде Қазақстанда 300 мыңнан аса заңды тұлға және миллионнан астам жеке кәсіпкер тіркелгенін атап өткіміз келеді. Жалғыз немесе оншақты әріптесімен біріккенмен, кәсіпкер төрешілдік рәсімдерді азайтумен, экономикалық жағдайға талдау жасаумен, ел сыртынан өткізу нарығын іздеумен айналыса алмайды, ғаламдық экономикалық үдерістерге қарсы тұра алмайды. Бұл мәселелерді ҰКП шешеді. Әсіресе, елдегі кәсіпкерліктің 800 мыңнан астам белсенді субъектісінің 90 пайызын құрайтын шағын қалалардағы кәсіпкерлерге, ауыл бизнесіне мықты қолдау қажет.
Кедендік одақ өз жұмысын бастағаннан бері сарапшылардың жетіспеушілігі мәселе күйінде қалды. Мысалы, Ресей өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының деректер қорында техникалық регламенттерді сараптау бойынша 2000-нан астам маман тіркелген, ал қазақстандық қауымдастықтарда мұндай мамандар жоқтың қасы.
Мемлекеттік органдар кейде кәсіпкерлік қауымдастықтың пікірлері бойынша өзгертулер мен қосымшалар енгізуді қажет ететін заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер жобаларын әзірлейді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта экономикада мемлекеттік сектордың шамадан тыс кеңеюі байқалып отыр. Бұл - мемлекеттің қатысы бар ұйымдар жеке бизнесті ығыстыра береді деген сөз.
Осыған байланысты Ұлттық палата кәсіпкерлік субъектілерінің заңды мүдделерін үкіметте, парламентте және басқа да мемлекеттік органдарда, сондай-ақ, халықаралық ұйымдарда (ДСҰ, Кедендік одақ) қорғайды, құқықтық актілерді дайындауға қатысады.
ЖАРНА ТӨЛЕУ КЕРЕК
-Кейбір мәліметтерге сәйкес, Атырау - мүшелік жарна лимитін жинай алмай отырған жалғыз қала. Кәсіпкерлердің барлығы түгел ҰКП-ға мүше болуға міндетті ме? Жарна мөлшері қалай белгіленеді? Жарна төлегісі келмейтін немесе төлей алмайтындардың мәселесін палата қалай шешпек?
Сайт арқылы
А.Ж. ҰКП туралы заңға сәйкес, орта және ірі бизнес субъектілері мүшелік жарна төлеуге міндетті. Бұл қаражаттар Ұлттық палата қызметіне бағытталады. Кәсіпкерлерге мықты палата керек, ал оған қол жеткізу үшін қаржылай тәуелсіз болу қажет.
Жарналарды белгілеу мәселесі қазір қаралуда, біз сәйкесінше ұсыныстарымызды бердік. Бүгінгі таңда жағдай төмендегідей: жылдық жиынтық табысы 103,86 млн теңгені құрайтын шағын бизнес 5 жылға мүшелік жарна төлеуден босатылады. Орта бизнеске жылдық жиынтық табысы (ЖЖТ) 103,86 млн теңгеден 2,595 млрд теңгеге дейін жететін кәсіпорындар, ірі бизнеске жылдық жиынтық табысы 2,595 млрд теңгеден асатын компаниялар жатады. Үкіметтің 31.12.13 күнгі «Ұлттық кәсіпкерлер палатасына төленетін міндетті мүшелік жарналардың шектік мөлшерлерін бекіту туралы» қаулысымен 1-ші санатты кәсіпкерлік субъектілері үшін (ЖЖТ 1 500 000 АЕК-тен аса) – 4 400 АЕК; 2-ші санатты кәсіпкерлік субъектілері үшін (ЖЖТ 60 000 АЕК-тен аса және 1 500 000 АЕК-тен кем) – 160 АЕК болып бекітілді. Міндетті мүшелік жарналар салық есептелгенде шегеріледі. Бұл қосымша шығындардан қорғайды. Мүшелік жарналарды төлеу шоттары кәсіпкерлерге 1 шілдеге дейін беріледі, оларды 31 желтоқсанға дейін төлеу керек.
Заң бәріне ортақ және міндетті, жарналарды төлемеу ел заңнамаларын бұзу деген сөз. Жарналарды төлемегені үшін заңда жауапкершілік жазылмаған, алайда сот арқылы өндіруді ешкім жоққа шығарған жоқ.
Жалпы төлеу бойынша біздің көрсеткішіміз жаман емес, кәсіпкерлер белсенділік танытуда, көпшілігі міндетті мүшеліктің басымдықтары туралы түсінік берулерімізді өтінеді.
ӘКІМДІКТЕН ПАЛАТАҒА
-Біздің палатаға барған кезімде таныс адамдарды көріп, қатты таңғалдым – бұл адамдар бұрын әкімдікте жасағандар. Әңгіме бұл жөнінде емес, алайда олардың жұмыс жасау дағдылары бұрынғысынша қалған, яғни, олар үшін кәсіпкерлер тең құқылы әріптес емес, баяғыша сұраушы сияқты. Палата қызметкерлерді іріктеуді қалай жүргізді?
Сайт арқылы
А.Ж. Атырау палатасында штаттық кестедегі 44 қызметкердің орнына бүгінде 20 адам жұмыс жасайды, яғни, жартысынан азы.Әр аудан орталығында бес адамдық штатпен филиал ашуды жоспарлап отырмыз. 20 қызметкердің тек екеуі ғана бұрынғы әкімдік қызметкерлері. Олардың іс-тәжірибесі өте мол, олардың біреуі кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары лауазымында жұмыс жасаған, екіншісі кәсіпкерлерді сервистік қолдаумен көп жыл айналысқан. Бүгінде аудандық филиал Құрманғазы ауданында жұмыс жасап жатыр.
Бұл - өте жауапты жұмыс, мемлекет ақшасымен жұмыс жасаймыз. Біз жұмысқа осы саланың қыр-сырын білетін адамдарды тартуды жөн көрдік.
Біздің қызметкерлердің барлығы бірнеше рет іріктеу кезеңдерінен өтті, біз ешкімді «қоңырау шалу» арқылы алған жоқпыз. Көпшілігі шетелде жақсы білім алған, шет тілдерін біледі, жұмысқа жаңаша көзқараспен қарайды. Бізде төрешілдік деген жоқ, бізге көмек сұрай хабарласқан кәсіпкерлерге қоятын бір-ақ талабымыз – хаттарын электронды поштамен немесе жазбаша түрде ұсыну. Кәсіпкерлерді қорғауға мемлекеттік органдарға барғанда бізге негіз керек.
-Палата ұсақ және орта кәсіпкерлерге нақты немен көмектесе алады? Біздің өңірімізде қандай шаруа тындырды?
Әйгерім АЛДИЯРОВА
Н.Қ. Образды түрде айтсақ, біз кәсіпкерді қолынан жетектеп, бұрын ол үшін жабық болған мемлекеттік органдар мен монополист кеңселерінің барлық кабинеттеріне кіргізе аламыз. Біздің қызметімізге бизнес мүдделерін сот инстанцияларында қорғау да кіреді. Жоғарыда айтқанымыздай, палатаға заңдарға өзгеріс енгізуге ұсыныс беруге дейін үлкен құзыреттіліктер берілген. Қазіргі уақыттағы шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий жариялауға да біздің септігіміз тиді. Осы сәтті пайдаланып, біз кәсіпкерлікке қатысты ел заңдарына сараптамалық баға берумен айналысып жатырмыз. Бизнес қауымдастық осы үдеріске белсенді қатысып, өз ескертулері мен тілектерін айта алады. Атырау палатасы өз жұмысын бастағаннан бері кәсіпкерлердің құқығын қорғау бойынша 50-ге жуық өтініш келіп түсті, олардың 17-сі кәсіпкерлердің пайдасына шешілді, қалғандарымен жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, Құрманғазы ауданы Ганюшкино ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Мірғали ГАБДУШЕВТЕН телефон арқылы арыз-шағым түсті. Ол аумақтық ветеринарлық инспекция тарапынан болған заңсыз тексеруге шағымданды. Оқиға орнына прокуратура мен палатаның біріккен жедел тобы барды. Нәтижесінде прокуратура кінәлілерді жауапқа тарту туралы акт жасады.
Бүгінде монополистермен өзара әріптестік мәселесі өзекті болып тұр. Біз тарифтерге қатысты өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс дайындадық. «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалы басшылығымен меморандумға қол қою туралы келісімге келдік. Оның ережелерінің бірінде ай сайын өзекті мәселелерді шешу үшін кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастыру белгіленген.
А.Ж. Бүкіл ел бойынша біз 3 ай ішінде қолданыстағы заңнамаға барлығы 270 түзету енгіздік, жүйелі проблемалардың тізілімін, мемлекеттік қызмет көрсету мониторингісін іске қостық және т.б. «Халықаралық бағдарламалар орталығымен» («Болашақ» стипендиясының әкімшісі) бірігіп, бүкіл салалардың инженерлік-техникалық қызметкерлерін дайындау бағдарламасын іске қосамыз: компаниялар мемлекет есебінен өз қызметкерлерін шетелге оқытуға жібере алады. Олардан шет тілін білу талап етілмейді.
ТАҒЫ ДА ЖЕРГІЛІКТІ МАЗМҰН ЖӨНІНДЕ
-Ірі компаниялар айналасына сервистік компаниялар белдеуін құру жоспары жергілікті кәсіпкерлер үшін өте қызықты жобалардың бірі. Бұған Палата қалай қатыспақшы?
А.Т. Шикізат секторы кәсіпорындарына қызмет көрсетуге шағын және орта бизнесті тарту керек. Бұл «Қазақстан-2050» стратегиясына сәйкес 2030 жылы экономикада шағын және орта бизнестің үлесін екі есе арттыруға мүмкіндік береді.
Ірі компаниялар, мемлекет және халықаралық ұйымдардың күш салуларын біріктіре отырып, өңірлерде шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдауды мақсат еткен «Әріптестік бағдарламасы» жұмыс жасайды. Бұл жердегі басымдық берілетін міндет – ірі қазба байлықтарды қолданушылар айналасында жергілікті жеткізушілердің торабын дамыту. ТШО-мен бірлесе жасалған мұндай бағдарлама 2012 жылдан бері жұмыс жасайды. Палата құрылғаннан бері біз ТШО-мен байланысымызды арттырдық және компания басшыларының жергілікті бизнесті дамытуға бағытталған жұмыстарды бізбен бірге атқаруға деген ниеттерін көріп отырмыз. Алайда, көптеген мәселелер де жоқ емес, мәселен, ТШО жұмыс жасап жатқан 20 жылда мұнай және газ саласына қызмет ететін қиын, көп қаражатты қажет ететін өндірісті айтпағанда, шығын материалдарын, қосалқы тауарларды өндіретін бірде-бір шағын кәсіпорын ашылмаған. Бизнес қоғамдастық ТШО-дан ашық, шыншыл әріптестікті күтеді және «Шеврон» әлеуметтік жауапкершіліктің жоғары стандарттарымен жұмыс жасайтын компания ретінде бізбен әріптестікте болады деп үміттенеміз. Жақында біз АМӨЗ басшылығымен кездестік, ол жақта да «Әріптестік бағдарлама» жүзеге асқалы жатыр.
Біздің Палатамыздың мұнай өнеркәсібіне қажетті тауарлар мен қызметтерді ұсыну саласында біріккен кәсіпорындар құру үшін шетелдік компанияларды тарту бойынша жұмыстарды тұрақты жүргізіп келе жатқанын атап өткен жөн. Итальяндық, швейцариялық, қытай, беларусь бизнес қоғамдастықтарымен байланыстар орнаттық. Егер сіздерде «Әріптестік бағдарламасы» аясында жүзеге асырғыларыңыз келетін жобаларыңыз болса, бізге хабарласыңыздар дегім келеді.
САУДА-ӨНЕРКӘСІП ПАЛАТАСЫ БОЛМАЙДЫ
–«Ұлттық инвестор» ұғымын кейбіреулер «жергілікті жерден шыққан инвестор» ретінде түсінеді немесе «отандық өндіруші», ішкі инвестор түсінігімен шатыстырады. Сарапшылардан осы мәселеге айқындылық енгізуді өтінемін. Екінші сұрағым – сервистік компания деген не? Мұнай кеніштерінің қызмет көрсету келісімшарттарын жасаған кезде, сонымен қатар, сервистік компаниялар инвесторлар бола алмайды деген жаңылыс түсініктерге жол бермеу үшін осы ұғымды ашып көрсету маңызды.
Тоғжан ҚИЗАТОВА
А.Ж.1994 жылғы 27 желтоқсандағы «Шетелдік инвестициялар туралы» күшін жойған ҚР заңында ұлттық инвесторға Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын жеке тұлға және (немесе) Қазақстан Республикасында инвестицияны жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы деген түсінік берілген.
2003 жылғы 8 қаңтардағы «Инвестициялар туралы» ҚР Заңында тек инвесторды Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асырушы жеке және заңды тұлғалар деп түсіндірген. Соған сәйкес, ҚР-да заңды бекітілген ұлттық инвестор мәртебесі жоқ. Бірақ біздің пікірімізше, ұлттық инвесторлар шеңберіне біздің отандық инвесторлар да, Қазақстанда тіркелген, жұмыс істейтін, салық төлейтін шетелдік инвесторлар да кіруі тиіс. Мәселен, егер Қазақстаннан көлік шығару ісін жолға қоюды жоспарлап отырған «Тойота» компаниясын алатын болсақ, онда ол да ұлттық инвестор болып табылады. Өйткені, елімізде тіркеліп, тауарлар шығарады, салықтар төлейді, осылайша тұтас саланы дамытуға септігін тигізеді. 2-ші сұраққа келер болсақ, бұл жерде бөлініс керек. Жабдықтарды сатып алып, жергілікті қызметкерлерді оқытатын, технологияны трансферттеумен айналысатын мұнай сервистік компаниялар бар. Бұлар біздің елімізді дамыту үшін іс жүзінде инвестициялар салып отыр. Өкінішке орай, «Теңіз» және «Қашаған» ірі жобаларында шетелдік сервистік компаниялар бар. Олар мердігерлер, қосалқы мердігерлер болып табылады, біршама табыс табады, бірақ іс жүзінде технологияны табыстау, сервис орталықтарын ашуға ештеңе салмайды. Олар тек капиталды шығарады. Бұл мәселе бойынша бәрі компанияның өзіне, оның әлеуметтік жауапкершілік саясатына, жалпы корпоративтік даму деңгейіне байланысты.
– 2014 жылдың 12 шілдесінен бастап Атырау облысының Сауда-өнеркәсіп палатасы (СӨП) өз қызметін тоқтатады. Бұрын СӨП-пен жұмыс істеген кәсіпкерлер енді қайда жүгіне алады?
Телефон арқылы
А.Т.ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) туралы заңға сәйкес, СӨП қызметі Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ауысады. Сондықтан кәсіпкерлер бізге жүгінетін болады.
ЖЕРЛЕСІҢЕ ЖҰМЫС БЕР
– ҰКП өз жұмысын бастаған уақытта бүкіл бизнесмендерді мазалайтын мәселелерді анықтаған болатын. Олардың ішіндегі ең өзектісі деп – жер мәселесі, сәулет басқармасынан рұқсат алу, ғимараттар мен құрылыстарды пайдалануға берудегі қиындықтар, инженер-лік коммуникацияларға қосылу, сонымен қатар, төрешілдік сөзбұйдаға салынып, соның салдарынан құжаттарды рәсімдеу мен берудің кешеуілдеуін атауға болады. Бұл мәселелер қалай шешіледі?
Н. Қ.Мораторий кезеңінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен оның бүкіл өңірлердегі филиалдары бизнеске байланысты бүкіл нормативтік-құқықтық құжаттарға толық тексеру жүргізеді. Соның нәтижесінде үкіметке өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар берілетін болады.
А.Ж. ҚР президенті Ұлттық Инвесторлар кеңесінің отырысы шеңберінде «Ақ Ордаға» келіп түсетін кәсіпкерлердің шағымдарын қарауды ҰКП-ға берді. Сонымен қатар омбудсмен институты құрылады, яғни палатаның рөлі күшейетін болады. Біз шенеуніктер жасайтын «шектен шығу» фактілеріне үнсіз қарап отыра алмаймыз, тиісті органдарға жеткізетін боламыз. Осы фактілер мен шенеуніктердің фамилиялары біздің сайтымызда жарияланатын болады, еліміз өз кейіпкерлері туралы білсін. Өткен аптаның аяғында өңірлік палаталардың директорлары премьер-министр Мәсімовпен және оның бірінші орынбасары Сағынтаевпен кездесу кезінде облыстардағы шағын және орта бизнесті дамытудың күрмеуі көп мәселелері туралы баяндады. Осындай жоғарғы деңгейде кездесу тәжірибесі жалғасын табады және біздің өңіріміздегі шағын және орта бизнесті дамыту туралы объективті ақпаратты жеткізе аламыз деп ойлаймын.
- Көптеген мемлекеттік орган-дардың өз сенім телефондары, сонымен қатар кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі мобильдік әрекет ету қызметтері бар. Мәселен, прокуратурада. ҰКП осындай «жедел жәрдемді» ашуды жоспарлай ма?
Тоғжан ҚИЗАТОВА
Н. Қ. Облыстық прокуратурамен және Қаржы полициясы департаментімен жасалған меморандум шеңберінде кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі біріккен мобильді топтар бар, олардың қызметтерін қайталаудың мәнісі жоқ. Сенім телефонына келер болсақ, біз мұның қажеті жоқ деп есептейміз. Әрбір кәсіпкер өзі мазалаған мәселе бойынша бізге қоңырау шала алады.
ҰКП-ның бірыңғай ақпараттық орталығы бар. 59-79-60 телефон нөміріне хабарласып, кеңес алуға болады. Қоңырау шалу тегін.
– ҰКП шағын және орта бизнесті дамытуға қолдау көрсету үшін құрылды. Ендеше неліктен биыл жеке тұлғалар өз мұқтаждықтары үшін шетелдік жұмыс күшін жалдай алатын, ал кәсіпкерлер олай ете алмайтын заң қабылданды?
Сайт арқылы
Н. Ғ. Бұл мәселені бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғы-сынан қарастыру керек. Кәсіпкер гастарбайтерді не үшін жұмысқа шақырғысы келеді? Ақшасын үнемдеу үшін. Ал бұл шетелдік азаматтар шақырылатын жұмыс-тарды орындауға белгілі бір дағдылары мен тиісті білімдері бар азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделеріне қысым жасау болады.
БОЛАШАҚ– САПАЛЫ БІЛІМДЕ
- Палата басқа бағыттармен қатар адами капиталды дамытумен айналысады. Атырау облысының палатасы бірнеше оқу орындарын таңдап, оларға қолдау көрсетуді жоспарлады. Атап айтқанда, қандай – материалдық-техникалық базаны жақсарту ма, оқытушылардың деңгейін арттыру ма, шетелдік мамандар шақырту мүмкіндігі ме?
Н. Ғ.Біз Атырау облысындағы нарыққа талдау жасадық. 520 мың тұрғынның297 мыңы экономикалық белсенді тұрғындар. Облыстық статистика басқармасының ресми мәліметтеріне сәйкес, жастар арасындағы жұмыссыздық 5-6% құрайды, басқа мәліметтер бойынша ол 27%-ға тең. Бұл - республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш. Бұл ахуал өз шешімін талап ететін проблемалар жиынтығының нәтижесі болып табылады: соның ішінде оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсарту, оқытушылардың кәсіби деңгейін арттыру, олардың еңбекақыларын көтеру, жаңа кәсіби стандарттарды жасақтау. Оларды жергілікті деңгейде шешу мүмкін емес, тек ел ауқымында ғана мүмкін болады. Және бұл процесс жылдарға созылуы мүмкін. Атыраулық палата өз тарапынан біздің облысымыз үшін басымды бағытты анықтады. Ол – мұнай-газ саласы, құрылыс және сервис. Біз болашақ мамандарды тәжірибеден өтуге жіберіп, студенттерді дайындау жобасын енгізу процесінде бірігіп жұмыс істегіміз келетін 40 шақты кәсіпорынды іріктедік.
Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА