Қоныс ЕРМАНОВАтырау-Индер тас жолының күрделі жөндеуден өте бастауы «Дастан»шаруа қожалығының басшысы Қоныс ЕРМАНОВТЫ қатты қуантты. Бұрын ол ауыл шаруашылығы өнімдерін Махамбеттен Атырауға Жайық өзені арқылы жеткізетін. Ал, енді оны қаламен 95 шақырым жаңа асфальт жол жалғап тұр.
АДАМДАР БӘРІН ШЕШЕДІ
Қожалық иелігінде 1,5 мың гектар жер бар. Оның 60 гектары егістік алқапқа тиесілі. Былтырдан бері голландиялық тәсілмен тамшылатып суару әдісіне көшкелі шаруалардың жұмыстары жеңілдеген. Алқаптарға суармалы суды жеткізуден, арам шөп жұлудан құтылып, бастысы - суды үнемдеуге қол жеткізді. Сол себептен биыл егістік алқабының көлемін көбейтіп отыр.
Бұл - шаруа қожалығының құрылғаннан бергі 12 жылдағы жетістігі. Қоныс мұның бәрі осында еңбек еткен адамдардың арқасында келгенін айтудан жалықпайды. Бүгінде қожалықта 40 адам еңбек етеді. Мұндағы адамдардың шаруашылық жұмысына деген жанашырлық көзқарасы мен талапшыл жаңашылдығы мені таң қалдырды.
- Мен өзімнің жұмысшыларыма ризамын. Олар күнде кешкі астан соң атқарылған іс пен ертеңгі күннің қамы турасында ойласып, ақылдасуға кіріседі. Біз бәрін бас біріктіре отырып шешуді әдетке айналдырғанбыз, - дейді Қ. Ерманов.
Қожалықта Қызылқоға, Мақат және Махамбет аудандарынан келген адамдар жұмыс істейді. Қала тұрғындары мен Қарақал-пақстан азаматтары да бар.
- Бізде әртүрлі жастағы адамдар еңбек етеді. Жасыратыны жоқ, ішімдікке үйірлері де кездеседі, ол жігіттерді әйелдері маған өз қолымен тапсырады. Олар қыруар жұмысқа кіріскеннен кейін ішімдікпен уақытша қош айтысады, еңбек тәртібін бұзбау керек. Жұмысшыларға қолайлы жағдай жасау – менің басты міндетім. Сондықтан, бізден басқа жұмыс іздеймін деп ешкім кетпейді, - дейді Қоныс.
Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Басты ұстанымы - жұмысшыларға жағдай жасау және еңбекақыларын уақытылы төлеу. Мұнда адамның еңбегін бағалай біледі. Одан бөлек, қожалықтабесжыл тұрақты жұмыс жасағандар жылына бір рет қомақты ақшалай сыйлыққа ие болады. Ал, еңбек өтілі он жыл және одан да көп болса, оларға ШҚ тегін үй салып береді, көлік сатып алып береді. Шаруа қожалығы жұмысшылардың үйлену тойлары немесе қаделер кезінде мал береді.
ЕГІН БАСЫНДА
«Көктемнің әр күні - жылға азық» демекші, алқапта бүгінде қызу жұмыс қалыптасқан. Жер жыртып болған механизаторлар енді жүйек салу ісіне кірісіп кетіпті.
- Мен көрші ауылдан келгенмін, - дейді тракторшы Асан (суретте). – Менің тәжірибем жеткілікті, өз жұмысымды жақсы көремін. Жүйектер салып болған соң, көк желек егеміз.
Егілген орамжапырақтың көшеті целлофанмен мұқият қапталыпты. Себебі, жер әлі қызбай тұр, ал түннің салқындығыәлсіз жас көшеттерді үсіріп жіберуі мүмкін. Диқаншылар күннің жылуын асыға күтіп отыр.
Орамжапырақ көшеті қазіргі салқындыққа шыдаса, онда егу жұмыстарын қорықпай жалғастыруға болады. Жылыжайда 4 000 дана дәнді дақыл түптері өз кезегін күтуде.
- Біз, әдетте, ақпанның15-інен кейін тұқымдарды отырғыза бастайтынбыз. Ал сәуірдің ортасына таман көшеттерді алқапқа отырғызу басталатын. Бұл жұмыс енді кеш қалып жатыр, түн әлі де салқын, -дейдідиқаншылар.
Енді баклажан, қияр, қызанақ және бау-бақша көшеттері егіледі.
«Дастан» ШҚ шаруалары Ресейге тәжірибе алмасу үшін жиі барады. Жақында көшеттерді егудің әлдеқайда үнемді, бірақ бұдан да зор тиімді жаңа әдісіне көшкен.
«Дастанның» қауыны мен қарбызы ерте піседі әрі дәмі тіл үйіреді. Өткен жылы1 мың тоннаға дейін қауын, қарбыз алған шаруашылық биыл өнімді 4 мың тоннаға дейін көбейтуді көздеп отыр. Биыл картоп пен сәбіз егу де қолға алынбақ. Бұдан бөлек егісте өрік, алма, алмұрт, шие ағаштары жайқалып тұр.
АГРОНОМ АТАНҒАН ҚҰРЫЛЫСШЫ
Шаруа қожалығында күн сайын сиырлардан 80-90 литр сүт сауылып тұрады. Осы жерде қаймақ, сүзбе, айран, көже де дайындалады. Бірақ оларды еркін сатылымнан кездестірмейсіз. Барлық өнімдер қожалықтағы жұмысшыларға үлестіріледі.
- Биыл қар қалың болмаған-дықтан жайылым бізде нашарлау. Кешелі бергі жаңбырдан кейін шөп көтерілмесе, малға қиын тиетін түрі бар, -дейдімазасызданған малшылар.
Шабындық та тапшы. «Дастан» шаруа қожалығына 200 шақырым қашықтықтағы Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылынан жайылым және шабындық жер бөлінген болатын. Алайда, олар бұған амалсыздан барып отыр. Жаз шығысымен, малшылар жайлауға көшудің қамын жасайды. Қысқа пішен де сол жерден дайындалады. Техниканы да жаңарту қажет. Бірақ малсыз күнелтуге тағы болмайды.
Бұрын қожалық ауылшаруа-шылық техникасын лизингке және несиеге алуға батпайтын, бірақ жұмыс алға қойылғасын несие арқылы 17 млн теңгеге тамшылатып суару технологиясысатып алынды.
- Кезінде бұл жер бос жатқан. Енді біз екпінді шаруашылыққа айналдық. Менің негізгі мамандығым - құрылысшы, Целиноградтан институт бітіргенмін, - дейді Қоныс Ерманов. - Кеңес үкіметі тарап, жекеменшік көзқарас қалыптасқаннан кейін бауырларыммен ойласа жүріп, ауыл шаруашылығы кәсібіне кіріскенбіз. Бұл - менің ғана емес, інілерімнің арқасы. Шаруашылықдиректоры - Ақтұрлан ЕРМАНОВ, ал қаржы, басқа да құжат мәселесімен Әбен ҚАСЫМОВ, мен шаруашылық жұмысымен айналысамыз. Біздің басты міндетіміз - егіс көлемін ұлғайту және мал сою цехын ашу. Бұл ойларымыздың жүзеге асатынына жүз пайыздай сенемін, себебі, кәсіпкерлікке оң көзқарас түпкілікті қалыптасқан.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА