Қалалық сот І топ мүгедектері көмекшілерінің өткен жыл ішінде толық алмаған жалақыларын төлеу туралы талап-арызын ішінара қанағаттандыруға шешім шығарды. Атырау облыстық қаржылық бақылау инспекциясының тексеру қорытындыларына сәйкес, 73 көмекші барлығы 4 млн теңгедей мөлшерде жалақыларын кем алған.
«ОЛАР АҚЫЛҒА СЫЙЫМСЫЗ ЕСЕП БЕРЕДІ»
Естеріңізге салсақ, І топ мүгедектері өткен жылдан бері өздерінің жеке көмекшілерінің еңбекақыларын толыққанды төлеу үшін алуан түрлі инстанцияларға жүгініп, күрес жүргізіп келеді («Әуреге салған әлеуметшілер»; «Астанадағы күлкі мен Атыраудағы көз жасы»). Атыраудан қорытынды шығара алмаған соң олар өз өкілдерін Астанаға жіберген болатын. Ол жерде оларды жеке көмекшілердің мүгедектерді апаратын мекемелерден мөртаңбалары мен қолтаңбаларын талап ету келісімшартта қарастырылмағандығына ауызша және жазбаша түрде сендірді.
Алайда, жергілікті органдар өз дегендерінен қайтар емес – көмекшілер іс жүзінде мүгедектерді дәріханаға, дүкенге немесе шаштаразға апарғандығын немесе олармен бірге коммуналдық есепшоттарын төлегендігін растауы тиіс дейді.
– Олар (көмекшілер) мүгедектердің жанында тәулігіне сегіз сағат бойына бірге болдық деп көрсетеді. Түске дейінгі төрт сағатын «Атырау-Жарыққа» электр энергиясын төлеу үшін жұмсағанын айтса, түстен кейін тағы төрт сағат бойына «АтырауСуАрнасында» кезекке тұрдық дейді. Бірақ бұл ақылға қонбайды ғой. Көмекші немесе отбасының кез келген мүшесі коммуналдық қызметтердің бәрін өздері төлей алады. Ол жерде мүгедектің болуы міндетті емес. Бұдан басқа, көмекшілер алып бару және күтім жасау түсініктерін шатастырады. Оларға мүгедектермен бірге барғаны үшін ақша төлейді. Оларға күтім жасау ақысы, өкінішке орай, төленбейді, - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бастығының орынбасары Рая ОРАЛОВА.
Дегенмен де, Астанаға сапар өз нәтижесін әкелді: облыстық прокуратураның тапсырмасы бойынша Атырау облыстық қаржылық бақылау инспекциясы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметіне тексеру жүргізген еді. І топ мүгедектерінің 73 көмекшісінің өз жұмыстары үшін өткен жылы 3 720 456 теңге кем алғандығы анықталды. Инспекция осы заң бұзушылықты жоюға ұсыным берді.
– Мүгедектер қол қойған табельдерге сәйкес, олардың көмекшілері іс жүзінде есептелген ақшадан көп сома алулары тиіс, - дейді Атырау облыстық қаржылық бақылау инспекциясының бас бақылаушы-ревизоры Рашида ӨТЕБАЕВА. – Тапсырыс беруші болып табылатын қалалық жұмыспен қамту бөлімі мен «Шуақ» ҚБ (осы арқылы төлем жүргізіледі) бұл сәйкессіздікке былайша уәж айтады: кей жағдайларда көмекшілер, шынымен де, мүгедекті бір жерге апарғанын дәлелдей алмайды. Алайда реттемелеуші құжаттарда қалалық жұмыспен қамту бөлімінің бұл талабын сақтауға көмекшілерді міндеттейтін нақты тармақ жоқ. Ол жерде мүгедектердің өздерінің растауы талап етілген. Ал табельдерде олардың қолдары бар.
БӨЛЕК ЖӘРДЕМАҚЫ ЖАҚСЫ МА?
«Мөлдір көз» зағип мүгедектер қоғамының өкілі Виктор ПЯСТОЛОВТЫҢ айтуынша, сәуірде қалалық жұмыспен қамту бөлімінің қызметкерлері еңбек министрінің ерекше тапсырмасына дейін әлеуметтік қызмет көрсетуге тендер жүргізілмейтіндігі туралы хабарламаларды үйлерге тарата бастаған.
– Бірнеше мүгедек көмекшілері, 6-7 адам «Шуақ» ҚБ-інен еңбекақыларын толық төлеуді талап етіп, сотқа шағымданды. Сот олардың талаптарын ішінара қанағаттандырды. Бірақ олар бұл шешіммен келіспей, аппеляция беруде, - дейді В.Пястолов.
Өз тарапынан қалалық прокуратура да мүгедек көмекшілерінің еңбекақысына қатысты сотқа талап-арыз берді. Жауапкер – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі.
Бізге Р.Оралова айтқандай, әлеуметтік қызмет көрсету тендері мүлдем өткізілмеуі де мүмкін. Мүгедек көмекшілері қалалық жұмыспен қамту және әлеуметттік бағдарламалар бөлімімен тікелей жұмыс жасап, олармен қайтарымды әлеуметтік қызмет көрсету келісімшартын жасайтын болады. 152 көмекші осындай келісімшарт жасап қойған.
Шамасы, ұзаққа созылып кеткен даудан тек мүгедектер мен олардың көмекшілері ғана емес, қалалық жұмыспен қамту бөлімінің өкілдері де шаршаған секілді.
– Біз еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне мүгедектерді оңалтудың кейбір мәселелері туралы үкімет қаулысына өзгеріс енгізу туралы ұсынысымызды жолдадық, – дейді Р. Оралова. – Атап айтқанда, І топ мүгедектерінің өздеріне өз қалаулары бойынша, мәселен, көмекшілердің қызметін төлей алатындай бөлек жәрдемақы төлеуді ұсындық.
Зульфия ИСКАЛИЕВА