Атырау, 27 қараша 02:36
 бұлттыВ Атырау +3
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Мұқалмаған майдангер

1 617 просмотра

Ұлы Отан соғысының ардагері Әлібек ТҮСІБӘЛІҰЛЫМЕН біз оның жұмыс бөлмесінде кездестік. Иә, иә, жұмыс бөлмесінде. Жасы 90-ға жақындаған ақсақал қандай жұмыс жасайды деп ойға қалған шығарсыз?! Қаладағы Ардагерлер ұйымы басшысының орынбасары болып ұйым құрылған 25 жылдан артық уақыт бойы қызмет атқарып келеді. Өзі түскен қоңырауларға жауап береді, келген кісілерді қабылдайды.

«АЯҒЫМДЫ КЕСКІЗБЕДІМ»

- Мен 1925 жылдың 28 наурызында Құрманғазы ауданы бұрынғы «Родина» колхозына қарасты Ботақан ауыл кеңесінде дүниеге келген екенмін. Кейін бұл ауыл Комжол деп аталды. Ауылдағы Ленин атындағы мектептің 10-сыныбын бітірер-бітірместен 1942 жылы әскери комиссариаттан майданға шақырту келді, - дейді ардагер. - Ол кезде 17 жаста едім. Соғыстың шешуші сәтінде майданға жасы 18-ге толмағандарды да алған болатын. Біздерді соғысқа шақырған соң жиналған солдаттарды қызыл вагонға отырғызып алып кетті. Ешқандай жағдай жоқ ол вагонда. Төселген қамыстың үстіне жатып бардық. Барлығымызды карантинге жатқызды бір апта бойына. Кейін үстіміздегі киімдерімізді түгел сыпырып алып, соғыста қаза тапқан солдаттардан қалған қанға малынған, тозған гимнастеркалар мен киім-кешек таратты.

Майдангердің айтуынша, 3 ай оқытатын кіші командирлік курстан олар 1 айдың ішінде өтіп шыққан. Сөйтіп, 1943 жылы 80-атқыштар гвардиясы дивизиясының құрамында қан майданға араласты.

Ақсақал өзінің соғыс даласында жүріп өткен жерлерін, қалаларын тізбектей бастады: ІІ Украина майданы, ІІІ Беларусь майданы, Днепр, Одер өзендерінен өтіп, Киев, Минск, Белая церковь, Рига, Прага қалаларын азат етуге қатысқан. Польша, Румыния, Чехословакия, Германия елдерінің қалаларындағы қанқұйлы соғыстың ортасында жүрген.

- Мен соғыста екі рет жараландым. Бірінші рет 43-тің желтоқсанында Днепрден өту кезінде оң аяғымның жіліншік сүйегін оқ жарып өтті. Содан госпитальге жеткенше аяғымды кесіп тастағылары келді, шамасы, іріңдеп кете ме қорыққан болу керек. Бірақ мен кескізбедім. Далада құралы жоқ, арамен кесіп тастайды ғой, сондықтан сол аяғыммен теуіп жіберіп, кескізбейтінімді айттым. Содан Ленинградтағы госпитальға жеткізіп, сол жерде 1 ай 20 күндей емделіп шықтым. Шыққаннан кейін қайтадан майдан даласына кеттім. Ал екінші рет 1944 жылдың қыркүйек айында Румыния жерінде жараландым.

Ардагердің жауынгерлік наградалары арасында «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ұлы Отан соғысының І дәрежелі» ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі бар.

ТЕК ҚАНА ДЕРЕКТЕР

Ақсақал ардагерлер кеңесінде жұмыс істейтіндіктен, мына бір деректерді айта кетуімді өтінді: Ұлы Отан соғысында елімізден 1 млн 366 мың сарбаз аттанған. Соның тек 683 мыңы ғана елге оралды. Ал, Атыраудан 42 мың 508 адам соғысқа жіберілсе, оның 20 мыңы ғана аман қайтты... Әлібек ақсақал елге 1946 жылдың желтоқсанында ғана оралған. Елге келіп, еңбекке араласқан Әлібек 1952 жылы шаңырақ көтереді. Мәскеудің политехникалық институтында сырттай білім алады. Әр жылдары тұтынушылар одағы жүйесінде жетекшілік лауазымдарда, балық шаруашылығында жұмыс істеген. Жұбайы екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, қазір немере-жиеннің қызығына бөленіп отыр. Өкінішті, өмірлік жарының о дүниеге аттанғанына 19 жыл өтіпті.

- Енді соғыс болмасын! Еліміз бейбітшілік пен бірлікте өмір сүрсін! – деді қария кетерімізде. Сол кезде өзі шырылдаған телефонға жауап беріп жатты...

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген автор

12 мамыр 2014, 17:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.