Атырау, 13 желтоқсан 03:56
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 522.91
€ 548.85
₽ 5.05

Жолдас Тимралиев туған жеріне жерленді

4 570 просмотра

Маусымның 13-і күні «Нұрбанктің» топ-менеджері, біздің жерлесіміз  Жолдас Тимралиевті жерлеу рәсімі өтті.

Жерлеу рәсімі әдеттегіден ертерек сағат 8.30-да оның етжақын туған-туыстарының қатысумен «Каспий» шағын ауданындағы жекеменшік үйлердің бірінде басталды. Онымен бақұлдасып қалуға барлық жекжаттарына қоса әріптестері де келді. Марқұммен қоштасу сөзін сөйлеген Жолдастың бауыры Азамат Тимралиев, «Нұрбанктің» бұрынғы басқарма бастығы Әбілмәжін Ғилымов, Арман Дәненов және қайын атасы Қайрош Қапашев, ауылдың құрметті ақсақалы Айдын Айбаровтар оның беделді, ісіне адал, іскер азамат, өнегелі отағасы болғанын еске алды.

- Жақын араласқандықтан Жолдасты терең білетін едім, мінезі ашық, таза, адал азамат еді. Ол адамдармен тіл табысып, жақсы сыйласып жұмыс жасады. Жора- жолдастарына қолдау танытып жүретін. Оның асар биіктері әлі алда еді, алайда тағдыр осылай болды. Ол әрдайым есімізде ақжарқын күлкісімен, ашық мінезімен қалады, - деді қаралы жиында сөз алған «Нұрбанктің» бұрынғы басқарма төрағасы Әбілмәжін Ғилымов.

Айта кету керек, 2007 жылдың қаңтарынан бері үшті-күйлі жоқ болып кеткен «Нұрбанктің» қос топ менеджерінің ақырына Қазақстан Республикасының президенті Н.Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы, «Нұрбанктің» бұрынғы акционері Рахат Әлиев айыпты саналып келген болатын. Дегенмен бұл қаралы жиында Рахат Әлиевтің атына лағынет айтқан ешкім болған жоқ. Жиылған жұрт үнсіз жылап, тарқасты. Тек қоштасу сөзін айтқан 88 жастағы Айдын Айбаров ақсақал: «осыны жасаған адам көзсіз, қол-аяқсыз қалсын» деген қарғыс айтты.

Жолдас Тимралиевтің мүрдесі Атыраудан 140 км қашықтықтағы Исатай ауданындағы Амангелді елді мекеніне жерленді.

Жолдас Тимралиев 1967 жылғы мамырдың 12-сінде Атырау қаласында дүниеге келген. Мәскеудің Губкин атындағы институтын, Саратов қаржы-экономика академиясын, кейіннен Мәскеудегі жоғары менеджерлік курсты бітірген. Еңбек жолын кеңес жылдары-ақ Мәскеуде бизнес саласында бастаған. 1994 жылдары Атырау облысындағы Ұлттық банк филиалында жұмыс жасаған.

Кейінен 1994 жылы аймаққа инвестиция тарту мақсатында жергілікті әкімшілік көмегімен   Атырау қаласында құрылған «Нұрбанкті» ұйымдастыруға белсене атсалысты. Жаңа банктің жетекшісі болып 24 жасар Мәскеу жоғары оқу орыны түлегі, бірнеше Мәскеу банктерінде қызмет істеп үлгерген Әбілмәжін Ғилымов тағайындалған еді. Ал Жолдас Тимралиев банк басқармасы төрағасы орынбасары болады және осы банкте 2007 жылдың қаңтарына дейін 1-ші орынбасар болып жұмыс істейді.

2003 жылы «Нұрбанктің» бас кеңсесі Алматыға қоныс аударады. Ал банктің бас акционерлерінің бірі президенттің сол кездегі күйеу баласы Рахат Әлиев болған еді.

2007 жылдың 31-қаңтарында Жолдас Тимралиев «Нұрбанктің» басқа менеджері Айбар Хасановпен бірге банктің жаңа басшылығымен кездесуге кеткеннен із-түзсіз жоғалып кетеді. Оларды Рахат Әлиев ұрлап әкетіп, азаптаған деген болжам бар. Осы жанжалдағы басты куәгерлердің бірі «Нұрбанктің» бұрынғы басшысы Әбілмәжін Ғилымов болған. Оны да Әлиев қапаста ұстаған-ды.

Биылғы жылдың 13 мамырында Алматының тау бөктеріндегі «Қазтелерадио» қойма базасының аумағынан үш метр тереңдіктен ішінде мүрдесі бар, ізбес сеуіп тасталған екі металл бөшке табылған. Таяуда германиялық сот-медициналық сарапшылар табылған мүрделердің хабар-ошарсыз кеткен Жолдас Тимралиев пен Айбар Хасеновтің денелері екенін растаған болатын.

Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген автор

P.S. Бейресми ақпарат бойынша, бір кездері шектен шыққан Рахат Әлиевті әшкерелеуде Иманғали Тасмағамбетов басты рөл атқарған екен. Ол 2007 жылы Алматының әкімі болған кезінде  әуежайдағы кездесуде  қатты ашулы Назарбаевқа күйеу баласына қарсы барлық дәлелдерді жайып салған көрінеді. Сол жолы қызу әңгіменің салдарынан президент лайнері бір сағатқа кешіккен. Егер Тасмағамбетов Ғилымовпен туысқан болмағанда, ол мұндай тәуекелге басын тігер ме еді?! Дегенмен де оның батылдығына қайран қалмасқа болмайды.

16 маусым 2011, 19:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.