Атырау, 27 қараша 00:38
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Қашағанды қылмыскер итальяндық пен министр орынтағындағы бизнесмендеріміз құртады

2 892 просмотра

ENI мұнай және газ компаниясының басшысы Паоло СКАРОНИ.ENI мұнай және газ компаниясының басшысы Паоло СКАРОНИ.ENI итальяндық трансұлттық мұнай және газ компаниясының атқарушы директоры Паоло СКАРОНИ үш жылға бас бостандығынан айырылды.

Reuters агенттігі хабарлағандай, бұл жазалау үкімін 31 наурызда Ровиньо қаласының (Италияның солтүстік шығысында) соты шығарған. Reuters агенттігінің осы іске жақын ақпарат көздері сот шешімі Италияның солтүстігіндегі Порте-Толле электр станциясында 2002-2005 жж. кезеңінде, яғни, Скорони Enel Porto Tolle компаниясының бас директоры болып тұрған кезде  табиғат қорғау нормаларының бұзылғандығымен байланысты деп хабарлайды. Бұл компания Италияның тұрғын үй-коммуналдық саласының көшбасшы және Сильвио Берлускони тобының бақылауындағы кәсіпорын  болып табылады.

La Repubblicaгазеті хабарлағандай, сот айыптаушы тараптың электр станциясының атмосфераға нормативтен тыс зиянды заттар шығарғаны және адамдар денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтіргені туралы уәждерімен келіскен. Экологиялық қондырғыны орнатудан бас тарту балалар арасында тыныс алу жолдары аурулары мен ісіктердің көбеюіне әкеліп соқтырған. Келтірілген шығын 3,6 млрд еуроға бағалануда.

Скарони соттың осындай шешіміне қатты таңғалып отырғаны жөнінде мәлімдеме жасады: «Менің бұл іске еш қатысым жоқ, сот шешіміне аппелляция беремін, - деді Скорони.– Порто Толле электр станциясы қашанда да барлық қолданыстағы стандарттарға сәйкес жұмыс жасайды, қаулыда көрсетілген кезеңдерде де осылай болды».

Естеріңізге салсақ, Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлусконимен тығыз байланысы бар Скаронидің ENI мемлекеттік компаниясының басында отырған үшінші кезеңі биыл мамырда аяқталады.

 

«ТАЗА ҚОЛҒА» ТАП БОЛДЫ

Паоло Скарони Италияда, сондай-ақ халықаралық мұнай және газ нарығында кез келгеннің қалтасынан тиімді келісімшартты суырып ала алатын принципсіз іскерлігімен және жымысқылығымен танымал.

1992 жылы ол мемлекеттік және құқық қорғау органдарына мафияның ықпалын жоюға, атап айтсақ, сайлауалды науқандық шараларды заңсыз қаржыландыру және саясаткерлерге пара беруді тоқтатуға бағытталған «Таза қол» полиция операциясының құрығына ілігеді. Бір кезде ол Enel компаниясына тиімді келісімшарттар алу мақсатында Италияның социалистік партиясы саясаткерлеріне пара берді деген айыппен түрмеде отырған.

Италиядағы қазіргі жанжалмен қатар Паоло Скарониге Алжир үкіметіне пара берді деген айып тағылып отыр. Бұл жерде әңгіме Enі мен Saipem инжинирингтік компаниясының Алжир үкіметінен 11 миллиард доллар тапсырыс алуы туралы болып отыр. Тергеудің болжамдары бойынша, бұл үшін итальяндық компаниялар Гонконгтегі фирма арқылы бірқатар алжирлік саясаткерлерге 197 миллион еуро пара аударған.

Күдікті ретінде барлығы сегіз адам тексерілді, ішінде 43%-ы Eni-ге тиесілі Saipem-нің екі топ-менеджері бар. 2009 жылы Saipem Алжирдің солтүстігінде мұнай құбырын салу келісімшартын алды. Жоба құны 580 миллион долларға бағаланды.

 

ҚАШАҒАН ҮШІН ПАРА

ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Нұрлан ҚАППАРОВ.ҚР Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Нұрлан ҚАППАРОВ.Паоло Скарони мен ENI-дің Қазақстандағы қызметіне келетін болсақ, бұл жерде де жемқорлық жанжалынсыз іс бітпеді. 2012 жылдың мамырында Милан прокуратурасы  компанияны Қашаған кен орнын әзірлеу бойынша келісімшартты жасасу кезінде ірі көлемде пара берді деген күдікке қалдырды. Тергеу жорамалы бойынша, Қашаған кен орнын әзірлеудің алғашқы кезеңінде, 2007 жылдың көктеміне дейінгі кезеңде белгісіз бір қазақстандық саясаткерге  20 миллион доллардан кем емес пара берілген.

Қазақстандық құқық қорғау органдарының Италиядан келген ақпаратты тексермеуі, бұл ақша Астанадағы кімге бұйырғанын анықтамауы түсінікті іс қой.

Пара болды ма, жоқ па белгісіз, алайда ENI-дің операторлығы Қазақстанға алты жылдан кейін өз зардаптарын тигізуде – Қашаған жобасы көптеген «олқылықтардың» кесірінен тоқтап тұр.

Естеріңізге салсақ, тесік, жарамсыз болып қалған құбыр желісін қондыру және пісіру жұмыстарымен Saipem (Алжирде жемқорлық жанжалға тап болған ENI-дің еншілес компаниясы) және «Ерсай Каспиан Контрактор» ЖШС (Нұрлан ҚАППАРОВ пен Ерболат ДОСАЕВ (екеуі де қазір ҚР Үкіметінде министр) негізін қалаған Lancaster Group бөлімшесі) жүргізді.

ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат ДОСАЕВ.ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат ДОСАЕВ.Құбырларды әртүрлі компаниялар жеткізген, ішінде жапондық металлургия алпауыты Sumitomo бар.

Осы құбыр желілерінің қазіргі жағдайы туралы «АЖ» ақпарат көзі былай дейді:

- Қазіргі уақытта мұнай және күкіртті газ жүретін екі құбыр желісін алу жұмыстары жүріп жатыр. Апат қосылыстардың арасын сапасыз пісіру кесірінен болды деген алғашқы жорамал расталған жоқ. Барлық шығарылған құбырлар темір арамен кескендей, ұзыннан жарылған. Қашағаннан Қарабатанға дейін тартылған 95 шақырымдық құбыр желісін түгелге жуық ауыстыруға тура келеді. Құбыр желілері түскен Каспий теңізінің жағалау бөлігінің балшық болуы жағдайды одан сайын қиындата түсуде. Техника балшыққа түгелдей батып кетіп жатыр. Жақында батпаққа екі су жаңа «Hitachi» эксковаторы батып кетті, оларды шығарып, дайындаушы зауытқа кері жіберді. Толыққанды жұмысты қыста немесе қатты ыстық болатын жаз ортасында жүргізуге болады. «Болашақ» зауыты биыл іске қосылады деп үміттеніп жүрген мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалиннің көңілін басуға мәжбүрмін. Бұл жерде жыл жарым-екі жылдың жұмысы бар...»

Азамат МАЙТАНОВ

1 сәуір 2014, 15:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.