Атырау, 12 желтоқсан 18:54
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 516.93
€ 542.52
₽ 4.98

Санитарлық дәрігерлер көкөністерге тексеру жүргізбек

2 856 просмотра

Жергілікті санэпидемиологтар Еуропадан әкелінетін көкөністерге қатысты қала мен аудандардағы барлық супермаркеттер мен базарларға рейдтік тексерулер жүргізуді бастайтын болады.

«Біз мемлекеттік санэпидқадағалау комитетінен әкелінетін өнімге, соның ішінде қиярға бақылауды күшейту жөнінде нұсқау алдық, - дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің санэпидқадағалау комитеті департаментінің тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қадағалау бөлімінің бастығы Мәриям МЕҢДІҒАЛИЕВА. – Енді барлық сауда орындарын тексеруге прокуратурадан және құқықтық статистика және ақпарат орталығынан рұқсат аламыз. 5 маусымдағы ақпарат мынадай: 12 елде жұқпалы өткір ішек ауруларының 2200 оқиғасы тіркелген. Оның 22-сі өлімге соқтырған. 21-і – Германияда, 1-уі – Швецияда орын алған. Энтерогеморрагиялық ішек таяқшалары арқылы туындаған жұқпалы өткір ішек ауруы бүйрек жетіспеушілігіне әкеп соғады. Бұл өмір үшін қауіпті. Сондықтан да кісі өлімі көп болып отыр. Бастапқыда ауруға қиярлар себеп болуы мүмкін деген ақпарат болды, әзірге бұл расталған жоқ. Брокколи мен асбұршақтан болуы мүмкін деген күдік бар, сондықтан тысқарыдан әкелінетін барлық көкөністерді тексеретін боламыз».

Меңдіғалиеваның айтуынша, тексерудің алғашқы нәтижелері 15 маусымға қарай белгілі болады. Ал әзірге санэпидемиологтар халыққа қарапайым гигиена мен тамақтану ережелерін сақтау, әжетханадан соң қолды жуу, тамақты дұрыстап қайнатып, пісіру, азық-түліктерді дұрыс сақтау, көкөністерді термикалық өңдеу, сатып алар кезде жарамдылық мерзімін қарау қажеттілігі туралы ескертеді.

Естеріңізге салар болсақ, «қияр» немесе «көкөніс» арқылы жұқтырылған өткір ішек ауруының белең алуы Германия аумағында мамыр айында басталған еді. Бастапқыда ауруға Испаниядан әкелінген қиярлар себеп болуы мүмкін деген болжам айтылған болатын. Енді мамандар Германияның солтүс-тігіндегі бір ферманың көкөністері ауруға себеп болғанын теріске шығармай отыр. Көршілес Ресей болса, Еуроодақ елдерінен көкөністер әкелуге тыйым салды.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

9 маусым 2011, 16:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.