Атырау, 26 сәуір 05:46
 ашықВ Атырау +25
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Есболдағы «рейд»: Полицейлер бес жылға сотталды

7 244 просмотра

Индер аудандық соты екі полиция қызметкеріне бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді. Естеріңізге салсақ, полиция қызметкерлері - 31 жастағы Асылхан НЫСАНОВ пен 23 жастағы Наурызбек ҚАЙЫРҒАЛИЕВҚА Есбол ауылының тұрғындарына қарсы арнайы құралдарды заңсыз қолданды деген айып тағылған еді. Толығырақ «АЖ» материалынан оқыңыз.

АУЫЛДАҒЫ ПОЛИЦЕЙ РЕЙДІ

Үкімге сүйенсек, 2019 жылдың 26 маусымында кешкісін Индер ауданының Есбол ауылына «рейд шараларын» жүргізу үшін «Нива» мен «Шкода Октавия» маркалы бес көлікпен полицейлер келген. Ауыл тұрғындарының айтуынша, олар сиреналары мен жыпылдауықтарын қосып, адамдардың үрейін ұшырып, ауыл ішін аралап жүрген. Тайманов көшесінде полицейлер құжат тексеру үшін «ВАЗ-21060» көлігін тоқтатқан. Оның рөлінде жергілікті тұрғын Айбол ҚҰРМАНБАЕВ отырған. Жүргізушімен жанжалдасып қалған Қайырғалиев оның бетіне көзден жас ағызатын газ шашып жібереді. Әрі қарай жүргізушіге оның досы Шыңғыс АЛИПОВ араша түседі. Оны полицейлердің бірі электрошокермен тоқтатады. Үкімде ауыл тұрғындарымен қақтығысқа қатысқан бүкіл полицейдің аты-жөндері бар, алайда электрошокерді кімнің қолданғаны анықталмаған.

Әрі қарай Нысанов пен Қайырғалиев күш қолданып, Құрманғалиев пен Алиповты ауылдық полицияның тірек пунктіне әкеледі. Кешікпей осыдан кейін тірек пунктінің алдына полицейлердің заңсыз әрі аяусыз әрекеттеріне наразы болған елуден астам есболдықтар жиналады. Жиналған жұртқа жергілікті әкім мен ақсақалдар басу айтады. Бірақ тұрғындар ұсталған жігіттер босатылғаннан кейін ғана тарайды.

Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Құрманбаев электрошокерден жеңіл дене жарақатын алған.

Кейінірек билік өкілдерінің Есбол ауылының тұрғындарымен кездесуі кезінде ауыл тұрғындары бірнеше күн бұрын жергілікті жастар мен полицейлер арасында қақтығыс болғанын, көше аралаған бұл «рейдтің» тәртіп сақшыларының өш алуына көбірек ұқсайтынын айтады.


ПОЛИЦЕЙЛЕР КІНӘСІН МОЙЫНДАМАДЫ

Сотта екі полицей де ауыл тұрғындарын ұрып-соқпағандарын, өздерінің еш кінәсі жоқтығын мәлім етті.

Мен зардап шегуші бізге дөрекі сөйлеп, қарсылық білдіре бастаған соң күш қолдандым. Біз оған бірнеше рет ескерту бердік, бірақ ол құлақ аспады. Жүргізушінің еш құжаты болмады, сол үшін де ол қарсылық көрсетті, - деп әңгімеледі Қайырғалиев.

Асылхан Нысанов та өз кінәсін мойындамады.

Сол күні кешкі сағат 8 шамасында бастығымыз Халелов жиналыс өткізіп, Есбол ауылына рейд жүргізу керегін айтты. Ол өзімізбен бірге арнайы құралдарды: резіңке дубинкалар, бұрыш баллондары, қолкісендер ала кетуімізді бұйырды. Ауыл ішінен осы жүргізушіні байқадық, мен бірнеше рет дауыс зорайтқышпен оның тоқтауын өтіндім. Бірақ ол елең етпеді.

Полицейдің айтуынша, екінші полицей көлігі алдына тұрып алған соң ғана Құрманбаевтың машинасын тоқтату мүмкін болған.  

- Оның құжаты болмады, біз оны үйінен алып келуін өтіндік, әйтпесе оның көлігін айып тұрағына қоятынымызды айттық. Сол кезде оның досы Ш.Әлипов жақындап, «Неге досымды тоқтаттыңдар?» деп, бізге дөрекі сөз айта бастады. Ол полицейлерді балағаттап, содан соң қызметкер Наурызбаевпен төбелесті. Мен Әлиповті машинаға отырғыздым. Содан соң артқы орындықтан жүргізуші Құрманбаевты көрдім. Қолына кісен салынған, көздерінен жас аққан. Бастығымыз Халелов екеуін де жергілікті тірек пунктіне әкелуді бұйырды. Бірақ кейін жергілікті тұрғындар жиналған соң, оларды босатуды бұйырды. Мен Құрманбаевты ұрып-соқпадым, мені ақтауыңызды сұраймын, - деді Нысанов.

Сотта отыздан астам куәгерден жауап алынды. Жас ағызатын газды есболдыққа сот процесіне куәгер ретінде қатысып жатқан басқа полицейдің қолданғаны анықталды.

Индер аудандық сотының судьясы Әділ ҚҰСПАНОВ екі полицейді 362-бап (Күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп және қаруды немесе арнайы құралдарды қолданып билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) бойынша кінәлі деп тауып, 5 жыл түрме жазасын берді. Бұған дейін олар үйқамақта болып, сот залында қамауға алынды. Бұдан басқа, олар зардап шегушілерге моралдық зиян ретінде 700 мың теңге және Зардап шегушілер қорына 50 мың теңге төлеуі тиіс.


ПОЛИЦЕЙЛЕРДІҢ ТУЫСТАРЫ: «СОТТАЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ БҰЗЫЛДЫ»

Асылхан Нысановтың әйелі Асылжан ҚАУКЕНОВА сотта қоғамдық қорғаушы ретінде қатысып, тергеу кезінде және сотта кінәсіздік презумпциясы қағидасы өрескел бұзылғанын мәлімдеді.

Зардап шегуші өзін кімнің ұрып-соққанын білмеген. Атырау облыстық полиция департаментінің қауіпсіздік қызметінің тергеушісі Ж.Дүйсеғалиев Құрманбаевқа күйеуімнің суретін көрсетіп, осы адам деп айтуын меңзеген. Зардап шегуші полицейдің жүзін көрмеген болса, Асылханды қалай танығаны түсініксіз, - дейді Қаукенова. – Тергеуші Құрманбаевтан Нысановты қандай белгілері бойынша танығанын сұрамады.

Қаукенованың айтуынша, тергеу шарасы кезінде айғақтар болмады, тергеу шаралары заңда көзделгендей бейнежазбаға түсірілмеген.

- Осындай өрескел заң бұзушылықтардан кейін біз сотқа өтініш бердік, бірақ судья қабылдамады. Содан кейін прокурор әлдебір күмәнді «тергеу» бейнежазбасын тауып алып, судья оны іске қосып қойды. Сот кезінде Құрманбаевқа қолкісенді күйеуім емес, полиция қызметкері Айбол ЕРКЕБАЕВТЫҢ салғаны белгілі болды. Атырау облысы прокурорының орынбасары Абзал ҒИЛЫМОВ айыптау актісін оқымастан, қол қоя салған секілді. Ол жерде ҚР заңнамасы ғана емес, ҚР азаматтарының Конституциялық құқықтары көп бұзылған, - дейді қоғамдық қорғаушы.

Басқа полицей Наурызбек Қайырғалиевтің әпкесі Эльмира БИҒАЛИЕВА да Атырау облыстық ПД ҚҚ тергеушісін лауазымын асырды деп айыптайды.

Оның пікірінше, тергеуші жас полиция қызметкерлерін айыптап, белгілі бір тұлғалардың мүдделерін қорғап отыр.

«АЖ» Атырау облыстық сотына сот процесі кезіндегі заң бұзушылықтарға қатысты шағымдарға комментарий беру өтінішімен жазбаша сауал жолдады. Ал сотталушы полицейлердің туыстары үкімге қатысты шағым түсірмек.

Фархат ӘБІЛОВ

16 шілде 2020, 15:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.