19 ақпан күні баспасөз конференциясында«Kaspi Bank», «Альянс Банк және «Банк ЦентрКредит» банктерінің облыстық филиалдарының жетекшілері өздерінің банкротқа ұшырағандары туралы қаңқу сөздерді жоққа шығарды.
АДАМДАР КЕПІЛДІК ТУРАЛЫ БІЛМЕГЕН
Алдымен ҚР Ұлттық Банкі облыстық филиалының директоры Қозыбақ ҚҰЛБАРАҚОВ «үлкен құпияны» жария етті. 2009 жылғы девальвацияға (ол кезде теңге бір доллар үшін 120 теңгеден 150 теңгеге түсті) дейін облыс тұрғындарының 10 пайызы ғана өз жинақтарын доллармен сақтаған, содан кейін бұл сан 4 еседей көбейіп, қазіргі девальвация кезінде 37 пайызды құрады.
- Соңғы күндері СМС хабарламалар арқылы және әлеуметтік желілерде кейбір қазақстандық банктердің аса қиын қаржылық жағдайға тап болғаны туралы ақпарат тарады. Кеше бұл ақпаратты Ұлттық Банк төрағасы Қайрат Келімбетов жоққа шығарды. Бүгін біз бұл істің шынайы жайын баяндау үшін аталған банк филиалдарының жетекшілерімен осында келдік, - деді Қ.Құлбарақов. – Көптеген салымшылардың депозиттік есепшотын жауып тастауына байланысты қалыптасқан ажиотаж салдарынан, негізінен, есеп шоттарында 100-120 мың теңге жинақтары бар қарапайым адамдар зардап шекті. Олар 1999 жылдан бері салымдарды кепілдендірудің Қазақстандық қоры бар екенін білмеген. Егер банк банкротқа ұшыраса, мемлекет осы қордан 5 млн теңгеге дейінгі салымды толығымен қайтарып беруге кепілдік береді. Сонымен қатар, бұл үш банктің қаржылық жағдайымен ҚР Ұлттық Банкінің, аталған банктердің өздерінің және бұл банктер акционерлік қоғам болғандықтан, KASE Қазақстандық қор биржасының сайттарынан танысуға болады.
ОРНЫҚТЫЛЫҚ ҚОРЫ ЖЕТКІЛІКТІ
«Kaspi Bank» АҚ филиалының директоры Жанат СӘРСЕНБЕКОВТЫҢ айтуынша, белгісіз біреулер банктің банкротқа ұшыруы туралы жалған ақпарат таратқан соң салымшылар есеп айырысу-кассалық қызмет көрсету бөлімдеріне салымдарын қайтару талабымен келе бастаған. Банк бөлімшелеріне қолма-қол есеп айырысу үшін қосымша қаражат жеткізілуде. «Kaspi Bank» клиенттерінің алдындағы өз міндеттемелерін толығымен орындауды мақсат етеді, сондықтан касса бөлімдерінің жұмысы бір сағатқа ұзарды. Ж.Сәрсенбеков оның банкінің негізгі акционері ақша айналымында 33,7 млрддоллары бар «Baring Vostok Capital Partners» компаниясы екенін, сондықтан банкроттық туралы ақпараттың шындыққа еш жанаспайтынын ерекше атап өтті. Банкроттық туралы жалған хабарлар «Альянс Банк»-ке де қатысты тарады. «Альянс Банк» облыстық филиалының директоры Алма БАЙНЕКЕЕВА касса бөлімдері қалыпты жұмыс жасап жатқанын хабарлады. Ағымдағы есеп шотынан ақша түсіріп алғысы келгендер өз мүмкіндіктерін пайдалана алады. Салымшылардың көп кетуі 14 ақпанда байқалды, бірақ бүгінгі күні саябырлады. Және өткен аптада ақшаларын түсіріп алған адамдар қазір ақшаларын қайта салу үшін оралып жатыр. Алма Маратқызы да өз әріптесі сияқты банк иелеріне банкроттық қаупі төніп тұрмағанын жеткізді, себебі оның 67 пайызакциясы «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-на тиесілі. «Банк ЦентрКредит» филиалының директоры Мұратбек ЖАЛБЫРОВ банктің банкротқа ұшырағаны туралы жалған ақпарат алғашында WhatsApp мобильді мессенджер қолданушылары арасында тарағанын жеткізді. Салымшылардың көптеп кетуі 11 ақпан күні, яғни, теңгенің девальвацияға ұшыраған күні орын алды, Атырау қаласындағы салымшылар есепшоттардан 100 млн теңге түсіріп алған. Салымшылардың бір бөлігі ақшаларын түсіріп алып, оларды сейфтік депозитарийлерге салып қойды, бірақ бірнеше күннен кейін ақшаларын депозиттік шоттарына қайта салды. Қазір банк қалыпты жұмыс жасауда. Оның 40 пайыздан артық акциясы корейлік «Kookmin» банкіне тиесілі.
- Біздің банктің банкротқа ұшырауы қисынсыз. Биылғы жылдың қаңтарында біз өзіміздің валюталық міндеттемелерімізді алдын ала жаптық, сондықтан девальвация қатері бізге әсер етпейді. Қазір салымдардың қайтып кетуінен кейін біз 2 млрд теңге түсімді байқап отырмыз,- деді оптимистік көңіл-күймен М.Жалбыров.
Қ.Құлбарақов Ұлттық Банк филиалына бір банктің касса бөлімінен банкте қолма-қол ақшаның жоқтығы туралы шағым түскенін хабарлады. Ұлттық Банктің құзырына банктік қызмет көрсету нарығында азаматтардың тұтынушылық құқығын қорғау кіретіндіктен, тексеру жұмыстары жүргізілген. Әйел адамның таңертеңгі сағат 9-да банк жаңа ғана ашылғанда келгені, бұл уақытта инкассаторлардың қолма-қол ақшаны әлі әкелмегені анықталды. Айтпақшы, 19 ақпанда БАҚ беттерінде үш қазақстандық банктің банкротқа ұшырағаны туралы арандатушы хабарламаларды таратқандарды құқық қорғау органдарының анықтағандығы туралы ақпарат тарады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ