15 ақпан күні Жеңіс саябағында кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25 жыл толуына арналған митинг өтті.
Сол сұм соғысқа облысымыздың 536 тұрғыны қатысты. Олардың 13-і мерт болса, біреуі із-түссіз жоғалып кетті. Бұл қандай соғыс болды? Бізбен 40-армия құрамындағы 108-ші Невельская Краснознамённая мотоатқыштар дивизиясының инженерлік-саперлік батальонының сержанты Әлішер КУЛОВ (суретте) өз естеліктерімен бөлісті.
- Біздер Баграм провинциясында қызметте болдық. Біздің ротаның міндеті әскери техника мен азық-түлік тиелген колоннаның жүретін жолын жарылғыш миналардан тазарту болатын. Колоннаның алдында бұдыр дөңгелекті ауыр каток тіркелген КамАЗ жүреді. Бұл техника «миналарды жоятын инженерлік көлік» деп аталатын. Көліктің артынан мина іздеуге үйретілген иттерін жетелеген кинологтар, мина іздегіштері мен қармауыштары бар саперлар жүріп отыратын. Қыстақтарға барарда мина іздегіші бар сапер құрамында байланысшы мен екі пулеметші бар барлаушылар тобына бас болатын. Олардың іздеріне жүз адамнан тұратын жаяу әскер түсетін. Бір ізбен, жәймен ғана жүретінбіз... «9 рота» фильмінде көрсетілген оқиғалар – нағыз шындық.
Душмандар іздегіш құрал таба алмайтындай қылып, миналарды жарты метр тереңдікке дейін көміп қоятын. Ондай миналар колоннаның алдында емес, соңында келе жатқан жүк машиналарының дөңгелектерінің астынан жарылады. Ал кейде олар жерге радиомен басқарылатын қуатты фугастарды (ішінде жарылғыш заты бар мина) көміп тастайтын. Ондай «тозақ машинасы» кеңес танктері мен бронетехникаларын тас-талқан етеді. Моджахедтерді жарылыс істеріне шетелдік мамандар оқытты, сондықтан жарылыс механизмдерінің схемасы жыл өткен сайын күрделеніп кететін. Менің көз алдымда осындай минаға Минскіден келген кинолог Игорь КУХАРСКИЙ жарылып кетті.
Партизандар жиі торуылдар ұйымдастыратын, кейін кериздерде жасырынатын. Ол - ауған қыстақтарындағы үйлерді бір-бірімен жалғайтын жерасты дәліздері, моджахедтар осы дәліздер арқылы жер үстіне күтпеген тұстан шыға келеді.
Ауған қыстақтарында кеңес әскерлері «тосын» миналарға жиі ұрынатын болды. Оларды әскерлердің қызығушылығын тударатын бұйымдарға орнататын. Мәселен, отанында дефицит саналатын жапондық магнитофондар немесе өзге де тұрмыстық тауарлар. Оларға адамды өлтіру үшін емес, әдейі мүгедек қылу мақсатында қуаты аз миналар орнатылатын.
... 1987 жылдың жазында, әскерден қайтуға санаулы айлар қалғанда рота командирі болып капитан ЖУК тағайындалды. Аты есімде жоқ. Оның да Ауғанстандағы қызмет уақыты аяқталып қалған. Ол былай деді: біз үшін бұл соңғы әскери операция болмақ, Әл-Фейль жырасындағы жаңа нүктеге баратын артиллерияны алып бару туралы бұйрық түсті....
Бұл жаз журналистердің келуімен де есте қалды. Біздің әскери бөлімдегі Кеңес Одағы Батырларының барлығының өлгеннен кейін марапатталғаны басшылыққа ұнамаса керек, тірі батырды табу туралы нұсқау келіпті. Командирлер кандидатура іздеп жатты. Менің екібастұздық қызметтесім, сержант Николай КРЕМЕНШИН келді. Ол елу шақты мина мен он шақты фугасты жойған. Мен «Ерлігі үшін» медалін алдым. Біз марапатымызды ұзақ тойладық...
Жазып алған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ