Атырау, 26 қараша 20:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Шаруақор Жандос

6 237 просмотра

Махамбет ауылындағы «Жайық» шаруа қожалығының иесі Жандос МЕҢДІБАЕВ (суретте) өзінің маңдай тері еңбегінің арқасында  шаруасын шалқытып отырған жандардың бірі. 

Жасы небары 32-дегі жігіттің еңбекқорлығына Атырау-Орал тас жолына жақын орналасқан шаруа қожалығының жұмысымен танысқанда көзіміз жетті, көңіліміз тоғайды. Мұнда төрт түліктің бәрі бар, жанға жайлы қыстақ үйі мен аула-қорасы, жылыжай, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар да бар. Мұның бәріне ол бес жылдың ішінде қол жеткізген. Ал кәсіпкерлікпен айналысуды бала күнінен бері ойлап жүрген.  

- Біз үйде төрт бала болатынбыз. Әкем 9-шы сыныпта оқып жүргенде қайтыс болды. Бұған дейін де үй тірлігіне бейім болдым, әкемнің қазасынан кейін өз алдына өмір сүрудің, табыс табудың жолдарын ойластыра бастадым, - дейді Жандос. - Оралда институтта оқып жүріп, жұмыс істеп, ақша таптым. 2003 жылы оқуымды бітіріп, ауылға келгесін көлік жөндейтін шағын шеберхана аштым. Онда біз көлік жуумен, жөндеумен айналыстық. Кәсіпкерлік жұмысым осылай басталды. 

Ол бірден мол табысқа ие болу мүмкін емес екенін білетін, себебі теңгені тиын құрайтынын ешқашан жадынан шығарған емес.

- 2009 жылы нартәуекел деп, «Жайық» шаруа қожалығын құрдым да, Сарытоғайдың сырт жағындағы «Канал» учаскесінің жерін жалға алдым. Бірден шеберханадағы бар қаражатымды, яғни, 3 млн теңгемді жұмсап, екі шақырым жердегі «Сейтек» қонақ үйінен электр желісі мен газ құбырын тартып алдым. Сол жылдары «Ауыл шаруашылығы, қолдау қоры» АҚ Атырау филиалынан 3 млн теңге несие алып, 1 200 шаршы метр алаңды құрайтын жылыжай тұрғызып алдым.

Ол өзінің жылыжайына жылына екі рет - көктем мен күзде қияр, қызанақ егіп, одан жыл сайын 15 тоннадан өнім алып жүр. Енді көктемде Қазақстанның оңтүстігінен диқаншылар келіп, жұмысты қолға алмақшы. Ал жазда қарап отырмай,5-6 гектарға көкөніс пен бау-бақша егеді. Жандос егіс көлемін ұлғайтуды ойлап, күзде 50 гектар жерді жыртқыздырып тастады. Биыл соның 15 гектарына тамшылатып суару әдісін қолданбақшы.

Жандостың мал шаруашылығымен айналысып жүргеніне де бірнеше жыл болды. Бұл саланы әрі қарай дамыту мақсатында ол 2013 жылы«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Атырау филиалынан «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 15 млн теңге несие алып,  Батыс Қазақстан облысы Бөкейорда ауданынан 180 мың теңгенің 77 сиырын,  350 мың теңгенің  4 бас ақбас бұқасын сатып алады.

Қазір қожалықта мал төлдеп жатыр. Енді бір сиыр бізден аппақ бұзауын қызғанды (суретте).

Жандостың қожалығындағы жұмысшылардың көбі көрші ауылдан. Біз барғанда олар Атырауға келген вагоннан жем әкелуге кеткен екен. 

- Менің негізгі мақсатым - ірі қараны асылдандыру, - дейді Жандос. - Ақбас бұқадан қашқан сиырлар сәуір мен мамырда төлдейді, қойлар да солай.

Ж. Меңдібаев Индер ауданы Есбол ауылының қырындағы «Сарқұдық» учаскесіненқосымша 800 гектар жер алған. Бұл жазғы жайлауы болмақ.

- Біз онда мал төлдеп болғасын көшеміз. Тіпті сол жерден малға қажетті пішенді дайындап аламыз.

- Ал бірнеше несиені қатар өтеу қиынға соғып жатқан жоқ па?

- Күні бүгінде ірі сабақты пішен дайындағанға беретін 2 млн теңге, жылыжайға 500 мың теңге субсидия алдым. Әр сиырға 14 500 теңге субсидия тағы төленеді. Осы қаржыларды алған несиелерімді төлеуге жұмсап отырмын. Енді алдағы мақсатым - мал бордақылайтын алаң мен мал соятын цех жасау. Бұлардың бәрі өзімде болса, мен онда ешкімге тәуелді болмаймын деуге болады. 

Жандос, өзі айтқандай, қол қусырып қарап отырмайтын, қай жұмысына да үлгеретін, епті де іскер жан. Шаруасын дөңгелетіп отырған Жандос Меңдібаевтың игі ісі басқаларға үлгі болса дейсің...  

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

20 ақпан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.