Атырау, 24 қараша 06:45
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Киев: азаматтық қақтығыс азаматтық соғысқа айналып жүрмесін...

3 448 просмотра

©REUTERS©REUTERSКеше түнде Киев Майданы төңкеріске барды. Бір ай бойына оппозициядан нәтиже күткен олардың да төзімі таусылды. Өйткені оппозиция келіссөз барысында билікпен ауыз толтырып айтарлықтай бір келісімге келе алмады. Сондықтан бейбіт шерушілер, еріксіз бұл рөлді өз қолына алды. Алайда билік тарапынан аяусыз қарсылыққа ұрынды. Қазір Киевтің госпитальдарында ине шаншар орын жоқ, сондықтан жараланғандар шіркеуге де жеткізіліп жатыр. Адам өлімі де тіркелген. Киевтің орталық көшелері отқа оранған. Қақаған қысты елемей, алаңнан кетпеген украин халқы бүгін билік үшін де, оппозиция үшін де алаңдамайды. Олар елінің бүтіндігі үшін қорқулы...

Бұл қорқыныш, ең алдымен, мемлекеттің экономикалық күрделі жағдайымен тығыз байланысты. Осы жылдың ІІ тоқсанында Украинада рецессия орын алу ықтималдылығы болжанып жатыр. Мұндай жағдайда мемлекеттің басына өте қиын күндер туындайды. Ұлттық валюта – гривен де қатты құнсызданған. Қазірдің өзінде Украинаның кейбір өңірлерінде азық-түлік, жанар-жағармай тапшылығы орын ала бастаған. Бүгін төтенше жағдай енгізілмесе де Киев сондай ахуалда боп тұр. 19 ақпан демалыс күні деп жарияланды. Бүгінге барлық мекеме жұмысын тоқтатты. Әсіресе, банктердің жұмыс істемеуі халықты қатты толқытып тұр. Өйткені Украина дефольт жарияласа, барлығымыздың жинағымыз күйіп кетеді деп халық алаңдаулы. Осы жағынан алғанда, өз тұғырын сақтап қалған жағдайда да президент Виктор Янукович елге жақсылық жасай алмайды, өйткені бюджет тапшылығы орасан. Демек, осы қиыншылық жүгін артқысы келмесе ол жылы орын іздей бастауы тиіс. Соған қарағанда кеше түнде «Борисполь» әуежайынан президент тікұшағымен елден қашып кетті» деген алып-қашпа әңгіме ақиқат болып шығуы да ықтимал. Украинаның «5 арна» тілшісі Андрей Ковалев өзінің «Твиттердегі» жеке парақшасында осындай мәлімет таратыпты.

Ал өз кезегінде оппозиция әлем елдерін Украина жағдайына назар аудартуға тырысып, Жолдау жасады. Бұл жолдауда «2014 жылдың 18 ақпанында Киевте 2004 жылғы Украина Конституциясын қалпына келтіру талабымен Жоғары Радаға бет алған бейбіт халыққа Виктор Януковичтің бұйрығымен оқ атылды. «Беркут» арнайы бөлімшесі қолданған қарудың салдарынан 24 адам көз жұмып, жүздеген адам жарақаттанды. Жараланғандарға дәрігерлер жіберілмей жатыр. Бұған дейін Евромайданның бірқатар белсенділері ұрланып, соққыға жығылған, өлтірілгендері де болған. Осыған байланысты Майданды жақтаушы комитет халықаралық қауымдастықты:

- Киевтегі қантөгісті шұғыл түрде тоқтату үшін кез келген мүмкіндік пайдалануға;

- адамзатқа жасалған қастандығы үшін Янукович режимін жазаға тартуға;

- Янукович режимінің Украина халқына қарсы қолданған қылмыстық әрекеттерін тергеу үшін халықаралық трибунал құруға;

- Янукович пен оның маңайындағылардың әлем елдері банктеріндегі барлық шотын жабуға;

- Януковичке және оның жақтастарына қарсы қылмыстық іс қозғап, олардың аты-жөнін Интерполға енгізуге шақырады»
делінген.

Жергілікті БАҚ-тардағы мәліметтер бойынша, кеше «Беркут» арнайы бөлімшелері «Евромайдан» лагерін ығыстыра бастаған. Сол кезде радикалдар мен құқыққорғаушылар арасында жаппай қақтығыс басталған. Тәртіпсіздікке қатысқандар Майдандағы (алаңдағы) алауды нысанға алған, яғни «Беркут» баррикадасын осы сызықтан асырмауды мақсат еткен.

Сондай-ақ радикалдар облыс әкімшілігін, милицияның аймақтық бөлімшесін, облыс прокуратурасын және ІІМ-нің Львовтағы ішкі әскери бөлімшесіне шабуыл жасағаны белгілі боп отыр.

Енді мамандар бейбіт акциямен басталған азаматтық қарсылық азаматтық соғысқа ұласып жүрмесін деп қауіп те білдіріп жатыр. Себебі қазір халық қарумен қамтамасыз етілген. ІІМ-нің есебі бойынша жеке қолда шамамен 872 мың мылтық бар. Алайда сарапшылар бұл ресми цифр әлдеқайда төмендетіліп көрсетілген дейді. Мысалы, Small Arms Survey швейцария қару-жарақ жобасы Украинаның қара базары айналымында 3 млн қару жүр деп бағалайды. 

Саясаттанушы Уәлихан Төлешов Киевтегі жағдай мұндағы саясаттың әбден дағдарысқа ұшырағанын, биліктің де, оппозицияның да тығырыққа тірелгенін білдіретінін айтады.

– Бәрінен өкініштісі, Украинаның билігі де, оппозициясы да әбден дағдарысқа ұшырады. Өйткені екеуі де шешуші қадам жасауға қорқады, оған шамалары да, қолында ықпал да жоқ. Әйтпесе кез келген мемлекет күндердің күні дағдарысты басынан өткереді. Ондайда дағдарыстан шығу бағдарламасы әзірленіп, сол бойынша шешуші қадамдар жасалуы тиіс. Ал мұндай бағдарлама Украинаның билігінде де, оппозциясында да болмай тұр. Мұндай жағдайда халықтың толқуы да негізді, – дейді ол.

Еске сала кетелік, 2013 жылдың 21 қарашасында Украина Еуропалық одақ қауымдастығымен келіссөзге қол қою процесін кілт доғарған. Билік бұл шешімін басты сауда-саттық әріптестері – Ресей мен ТМД елдері арасындағы тауар айналымның күрт төмендеуімен, сонымен қатар Украина бұл келіссөзге қол қойса, экономикалық қиын жағдайға тап болатындығымен түсіндірген. Үкіметтің мұндай шешімі бейбіт шерушілердің ашу-ызасын туғызған, сөйтіп ол Киевтегі және Украинаның басқа қалаларындағы «Евромайдан» деген атауға ие болған тәртіпсіздікке ұласқан.

Дереккөз: alashainasy.kz

19 ақпан 2014, 17:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.