Президенттің Атырау кәсіпкерлерімен кездесуі
6 ақпан күні түстен кейін ҚР президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ жұмыс сапарымен Атырауға аяқ басты. Президентпен бірге өңірлік даму министрі Болат ЖӘМІШЕВ пен мұнай және газ министрі Ұзақбай ҚАРАБАЛИН еріп келді.
Әуежайдан түскен бойда президенттің салтанатты шеруі Назарбаев Зияткерлік мектебіне бағыт алып, сол жерде үш кездесу өткізді: «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқармасының төрағасы Күләш ШӘМШИДЕНОВАМЕН, жұртшылық өкілдерімен (ардагерлер, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, депутаттар, ауыл тұрғындары, спортшылар) және зияткерлік мектебінің оқушыларымен кездесті.
– Біз білім алған соң туған елінің игілігі үшін жұмыс істейтін, жақсы маман болатын дарынды балаларды табуымыз керек, - деді президент.
Президент осындай мектептердің қажет екендігін, бірақ бұл басқа мектептерде оқитын балалардың жағдайы нашар болуы тиіс дегенді білдірмейтіндігін атап өтті.
Сағат 17.00-де президент АМӨЗ аумағына барып, Хош иісті көмірсутек өндіру кешенінің (ХӨК) құрылысының барысымен танысты. Атап айтқанда, ол бір-бірінен қашық емес, екі құрылыс алаңын қарап шықты. Бұлар - хош иісті және каталитикалық риформинг қондырғылары. Естеріңізге салсақ, ХӨК-тегі құрылыс-монтаждау жұмыстары 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді, жоба құны 1 млрд доллар. ХӨК-ті кілтпен тапсыру 2014 жылдың 31 шілдесіне жоспарланған. Іске қосу-реттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, күзде зауыт 1 млн тонна шикізатты қайта өңдеуге арналған жобалық қуаттылыққа шығуды жоспарлап отыр. Одан жоғары октанды көлік бензині шығарылатын болады.
АМӨЗ-дің отырыс залында президент өзін екі сағаттай күткен Атырау облысының кәсіпкерлерімен кездесті.
Ол Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде бүгінгі күні 800 кәсіпорын іске қосылып, 700 миллиард теңге бөлінгенін, 150 мың адамның жұмыспен қамтылғанын хабарлады.
Қазақстан президенті өз Жолдауында шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне назар аударғанын еске салды.
– Бұл біз үшін негізгі мәселе, ол адамдарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Дамыған елдерде бюджеттердің 80 пайызы шағын және орта бизнес есебінен толығады. Ал Қазақстанда 300 ірі кәсіпорын бюджетке 80-90 пайыз түсім береді. Бұл шағын және орта кәсіпкерліктің лайықты түрде дамымай отырғандығын білдіреді. Мен сіздермен осының себептерін талқылағым келеді. Біз барлық жағдайды жасап отырмыз, несиеге көмектесеміз, жұмысты жеңілдетуге тырысып жатырмыз... Айтыңыздаршы, тағы не істеу керек? – деді президент кәсіпкерлерге қарап. – Алдымен облыс әкіміне сөз берейік.
Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Президент индустрияландыру бағдарламасы бойынша салынған жобалардың тағдыры туралы сұрастырды.
– Өткен жылы кездескен кезде сіздер кейбір жобалардың жобалық қуаттылыққа жеткізілмегенін айттыңыздар. Не істедіңіздер? – деп сұрады президент.
Облыс әкімінің айтуынша, тек құбыр желісінің арматурасын дайындау жөніндегі зауыт жартылай іске қосылған.
– Бүкіл өнім жоғары сапалы және тиісінше жоғары болғандықтан, оны өткізуге қатысты проблемалар туындады. Бұл зауыт қазір 50 пайызға жүктелген. Басқа нысандар толықтай өндірістік қуаттылыққа шықты, - деді әкім.
Сонымен қатар президент алдыңғы әкім кезінде басталып, аяқталмай қалған 15 нысанның тағдыры туралы сұрады.
– Іс жүзінде мұндай нысандар 50 шақты, - деді әкім. – Соның ішінде «Ақ Бұлақ» бағдарламасы (ауыз су) бойынша аяқталмаған 21 нысан, ірілердің қатарында – аяқталмаған 15 нысан бар. Олар бойынша біз премьер-министрмен және бас прокурормен сөйлестік, сараптама қорытындысын, сот шешімін алдық. «Ақ Бұлақ» бағдарламасы бойынша бүкіл нысандар сотқа берілген, қазір қаралып жатыр. Бұл жерде бір мәселе шешілмеген күйде қалып отыр. Мен бүгін ғана бас прокурормен сөйлестім, өйткені, Бюджет кодексінде бір жобаны екі мәрте қаржыландыру қарастырылмаған. Бірақ аяқталмаған нысандарды жабу керек, сондықтан мен сізден премьер-министрге осы мәселелерді заңды түрде шешуге тапсырма беруді өтінемін. Оларды кейінге ысыруға болмайды, өйткені кейбір нысандардың тозығы жеткен.
Президент өңірлік даму министрі Болат Жәмішевке қарады. Жәмішев, атап айтқанда, осы проблеманың қаржылық мәселелері мен басқа да мән-жайларын анықтау үшін Атырауға өзінің қаржыгері мен басқа мамандарын жібергенін айтты.
– Нысандардың көпшілігі су тартумен және сумен қамтумен байланысты. Бұлар қалдырып кетуге болмайтын нысандар, - деді Жәмішев.
– Қане, аяқтайтын болайық. Ол жақта не істеуге болады екен, егер бір нәрсе болса, маған баяндаңыз. Бұдан аттап өтіп, әрі қарай жұмыс істеуіміз керек, - деп түйіндеді президент. – Ол жерде сот істері бойынша... бұл бассыздық, қылмыскерлер өз жазаларын алуы тиіс.
Әкімге қарап сөйлеген президент облыстағы 168 елді мекеннің тек 98-і ғана ауыз сумен қамтылғанын айтты.
– Менде облыста «Ақ бұлақ» бағдарламасының жұмыс істемейтіндігі туралы ақпарат бар, - деді ол.
Оған әкім жұмыстардың жасалып жатқанын, аяқталмаған жобалардың ішінде тек бір ірі жобаның аяқталу үшін тек республикалық қаржыландыруды ғана қажет етіп отырғанын, қалғандарын жергілікті бюджеттің қаржыландырып отырғанын айтты. Нысандар 2014-2015 жылдары аяқталмақ.
– Шағын және орта бизнеске келер болсақ, - деді президент кәсіпкерлерге қарап. – Сіздердің барлығыңыз бұл жерде іскер жандарсыздар, қанеки, дамуға не кедергі екенін әңгімелейік. Атырауда ірі өнім өндірушілер бар, бұлар – мұнай, газ, мұнай өңдеу. Олар 40 млрд береді. Бұл сіздің еңбектеріңіз емес, бұл мүлдем басқа нәрсе. Егер, айталық, мұнай мен газды бөліп алып, басқа экономиканы қарайтын болсақ, бұл тұрғыда өте нашар жұмыс істеп жатқанымыз бірден көрінеді. Мұнай-химия кешендері мен басқа ірі кәсіпорындардың төңірегінде шағын және орта бизнес үшін кәсіпорындар көп ашылуы тиіс. Ол үшін бүкіл жағдай жасалуда. Ауылда жұмыс жасайтындар шағын несиелер ала алады немесе олар қаладан білім алып, мамандық ала алады. Бизнесмендер үшін несиелер бойынша мөлшерлемені төмендетуді қамтамасыз ететін арнайы бағдарламалар бар. Яғни, мемлекет өз тарапынан бәрін жасап отыр, еш кедергісіз рәсімдеу мәселесін шешуге мүмкіндік беретін заңнама өзгеруде. Тағы не істеу керек, айтыңдаршы маған? Ел бойынша шағын және орта бизнес шығаратын өнімдер бүкіл экономиканың 50 пайызына жетуі тиіс. Ал қазір 20-25 пайыз, сіздің облысыңызда одан да төмен – 13 пайыз. Кім сөйлейді? Араларыңызда батыр бар ма?
Батырлардың алғашқысы болып мұнай машина жасау зауытының өкілі Александр ДОНСКОВ сөз алды. Кәсіпорын мұнай өндіру және мұнай дайындауға арналған жабдықтарды жобалаумен және шығарумен, мұнай мен газды өңдеумен айналысады. Барлығы кәсіпорында 262 адам жұмыс істейді.
Донсков олардың кәсіпорындары импортты жабдықтарды жеткілікті алғанын, өз менеджерлерін Еуропада оқытқанын, дәнекерлеу өндірісінің мамандарын даярлайтын өз оқу орталығын ашқанын әңгімеледі. Орталық биылғы жылы халықаралық мәртебесін алған екен, кәсіпорын шетелдік компанияларға қызмет көрсетеді.
Донсковтың айтуынша, ТШО мен ҚМГ-нің еншілес компаниялары кәсіпорын серіктестері болып табылады. Бүгінде олардың өнімдері шетелдік аналогтардан кем түспейді. Тіпті кейде асып та кетіп жатады. Өйткені жергілікті климаттық жағдайға бейімделіп жасалған екен.
– Индустрияландырудың екінші бесжылдығында біз тағы екі нысанды енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл нысан блоктық-модульдік үй салу бойынша – арзан және тез тұрғызылатын баспана. Мұнайшыларды капиталды және вахталық баспанамен қамтамасыз етуді, сондай-ақ, өзіміздің әлеуметтік мәселелерімізді шешуді жоспарлап отырмыз. Бұл жерде біз жеңілдікпен берілетін несиеге үміт артамыз. Несиелеудің мөлшерлеме және мерзімдер бойынша бұдан да жеңілірек болғанын қалаймыз...
– Мүлдем ештеңе болмағаны, салықтың да, пайыздық мөлшерлеменің де болмағаны жақсы ғой, - деп әзілдеді президент. Содан соң Донсковтан оларда несиелер бар ма және қандай мөлшерлемемен алынғанын сұрады.
–Теңгемен12%. Біз қазір жаңа жобалар бойынша рәсімдеп жатырмыз, оны жеңілдікпен несиелейді.
– Жақсы, жарайды, рахмет, – дедіпрезидент.
– Сізге рахмет, денсаулық тілеймін, –деп жауап берді Донсков.
Владимир РОЗМЕТОВ.Облысқа танымал кәсіпкер Владимир РОЗМЕТОВ қазақ тілінде (әжептәуір еркін) қысқаша ғана өз шаруашылығының дамуы туралы әңгімелеп, ешкі сүтін өндіру жөнінде алда жоспарлары бар екенін айтты. Облыс тұрғындарының атынан президентке мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.
– Проблема жоқ па?– деп сұрадыпрезидент.
– Жоқ, – деп жауап берді кәсіпкер.
Өңірлік даму министрі Б. Жәмішевкәсіпкерлерді белсенді болуға шақырып, мемлекеттің қолдауымен жүзеге асырылған жобалар саны Атырау облысында Павлодар мен Ақтөбе облыстарына қарағанда төрт есе аз екендігіне назар аудартты.
– Шамасы, облыстағы саланың әсері шығар, - деп жорамалдаған Жәмішев Маңғыстау облысында да осындай жағдай екенін атап өтті. – Сонда да, бұл сіздерде бар әлеуетке сай келмейді.
– Сала бар, әрине, адамдар ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істеп жатыр. Бизнесті дамытуда қандай пікірлер бар? – деді президент залда отырғандарға.
Жауап ретінде Атырау облыстық кәсіпкерлер қауымдастығының төрағасы Әлия БЕКҚОЖИЕВА бизнес проблемасын тереңдетпей-ақ, президент пен әкімнің бизнес үшін жағдай жасап отырған еңбектерін санамалап шықты. Атап айтқанда, ол облыстағы агроөнеркәсіп өндірісінің қарқынды дамуын, жәрмеңкелердің тұрақты өткізілетінін және т.б. тізбектеді.
– Бірде-бір елде бизнесмендер үшін мұндай жағдай жасалмаған, - деді ол президентке, Бизнестің жол картасы шеңберіндегі жеңілдікпен несиелеу туралы бағдарламаны меңзеп. – Бұл ауызға нан шайнап бергенмен бірдей, сондықтан баршаның атынан зор алғысымды білдіремін.
Кездесу соңында президент Германияны мысалға ала отырып, үшінші рет шағын және орта бизнесті дамытуға шақырды. Президент осы мемлекеттің экономикалық табысының 90 пайызын тұрақты түрде бизнестен алатынын айтты. Ал біз мұнай мен металлдың бағалары түсіп кетпей ме деп, қорқынышпен қарап отырмыз.
– Атырау бизнесмендерінде сұрақ жоқ екенін түсіндім, - деп, президент кездесуді түйіндеді.
7 ақпан күні таңертең мемлекет басшысы Сочиге ұшып кетті.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ