30 қаңтарда жұмыс кеңсеме көлігіммен жақындай беріп, сәл абыржып қалдым – бұрын жарнама беруге келген көліктерден орын болмайтын автотұрақ бос тұр! Көрші ғимараттың жанында екі жігіт көлікті жалынның көмегімен «жылытқысы» келсе, одан әрі бір байғұс тұтандырғыш білтесін (свеча) ауыстырып әлек. Алайда, таңғалатын ештеңесі жоқ, сол аязды күндері әрбір екінші көлік қызбай қалды десек, өтірік айтпаспыз. Бұл мәселе қазір де өзекті болып тұр.
АУЛАДАҒЫ ГҮРІЛ
...Көшеде көліктер сиреп қалған, алайда жол бойында кезекті бір көліктің сөніп қалуына байланысты кептелістер болып тұрады. Эвакуаторлар жетпей жатыр. Бағалары да ұшынып кеткен – былай күндері қала ішінде шақыру 5 мың теңге болса, аязды күні 7 мыңға көтерілген. Эвакуатор жүргізушілерінің өз уәждері бар – олардың өздерінің де мынадай аязда жанар майлары қатып, қызбай жатыр. Отын «қысқы» деп сатылғанмен, -25 градусқа дейін ғана қалыпты жұмыс жасайды. Одан төмен температурада жүкшығырлары қатып қалып, механизмдер дұрыс жұмыс жасамайды. Шақыруға барып тұрып, өзі бұзылып қалады.
- Бізге мұндай мәселелермен көбіне дизельді автокөліктер иелері хабарласады, салқында дизельді отын қатып қалады, - дейді жергілікті көлік жөндеу орталықтарының (КЖО) бірінің шебері Антон.
Эвакуатор керек болмаса, шеберді шақырыңыз. Алайда қазір тапсырыстар өте көп, шеберді аулаңа шақырып, ақауды сол жерде анықтап, мүмкіндік болса, жылытып, қыздырып беру үшін не жақсы танысың болу керек, не ол бас тарта алмайтындай ұсыныс жасауың керек. Көбіне КЖО-ға көліктерді эвакуаторлармен алып келеді. Автокөліктердің қызбау себептерінің ең көп тараған түрі – тұтандырғышқа бензин құйып кету. Жүргізуші соңына дейін өз көлігіне сеніп, енді қызар деп, қуа береді. Мұндай жағдайда ресейлік автопром көліктері иелеріне оңай. «Нивадан» немесе «он бестіктен» тұтандырғыштарды шығарып, кептіріп, болмаса ауыстыру қиын емес. Қымбат көліктердің иелері бұлай жеңіл құтыла алмайды:
- «Мерседес» және «ВМW» сияқты көліктердің тұтандырғышын тек КЖО-да керекті құралдармен ғана ауыстыруға болады, - дейді көлік жөндеушілер. Жұмысына да аз төлемейсіз. Мәселен, 12 цилиндрлі қозғалтқыштың тұтандырғышын ауыстыру - 20 мың, 6 цилиндрлі – 8 мың. Бұл тұтандырғыш білтенің бағасын қоспағанда. Айтпақшы, бүгінде тұтандырғыш, сүзгі, май және аккумулятор саудасы қызып тұр. Аккумулятордың қолданыс мерзімі әр түрлі факторларға байланысты, алайда шеберлер ең жақсысы Варта екенін айтады.
ҚЫСТЫҢ ҚАМЫН КҮЗДЕ ОЙЛА
Қазір таксишілердің де құдайы беріп тұрған кез. «Нексия» көлігімен адам тасып жүрген жүргізушілердің бірі машинасы таңда ота алуы үшін оны түнде әрбір сағат жарым сайын қыздырып тұратынын мойындады. Көлік ескі болған соң, солай жасауға тура келетін шығар деген уәжіме өкпелей жауап қайтарды:
- Менің көлігім жаңа. Көршім су жаңа 50-лік «Тойота» алған, қанша тұрады, ия, елу мың доллар. Ол да қызбай жатыр!
Таксишілердің күйі қазір жаман емес – осындайда жүрмегенде, қашан жүреді?! Владимирский бойындағы және Стройконторадағы кептелістер болмаса, бәрі керемет. Ал кептелістер жөніне келсек, таксишілердің пікірінше, жол полициясы қозғалысты реттеуді қойған. Бірақ мына үскірік аязда жол ортасында өзің тұрып көр!
- Бізде қазір тапсырыстар өте көп, әсіресе адамдар жұмысқа баратын таңертеңгілік уақыт пен кешкі уақытта тыным болмайды. Біз бағаларды көтермейміз, тапсырыстардың көптігінен табыс та жақсы, - дейді такси шақыру қызметінің диспетчері Нұрзила.
Таңертеңгілікте көлік еш қиындықсыз қызу үшін шеберлер күзде аккумулятордың тығыздығын тексеріп, қажет болса, жаңасын салып, тұтандырғыштарды ауыстыруға кеңес береді. Айта кетсек, бұл жаңа автокөліктерге де қатысты. Оларды Атырауға алып келеді, келгеннен кейін суық автосалондарда тұрады, көлік салқындап, аккумуляторлар отырып қалады. Сондықтан еш ерінбей, бензинді де аямай, қала көшелерімен ұзақ жүріп, машинаны қыздырып, аккумулятор қуатын арттырған жөн.
Зульфия ИСКАЛИЕВА