Махамбет ауданы әкімі Ерлан ЖАҢАБАЕВ есеп беру жиынын өткізді. Оған облыс әкімі де қатысты.
Аудан әкімінің мәліметіне сәйкес, өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы және өзге қаржы институттары арқылы 330 млн теңгеге несие берілген. Бүгінде ауданда 1 253 белсенді шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген және бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 35,5 пайызға артып отыр екен. Сондай-ақ, ауданда өткен жылы жергілікті тұрғындардың қаржы салуымен 15 244 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, облыстық бюджет есебінен аудан орталығынан бір пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысы басталған. Бұдан бөлек, ауданда 933 жаңа жұмыс орны ашылып, жұмыссыздық деңгейі 2,6 пайызды құрапты. Өткен жылы бес рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткен. Сол кезде әр түрлі фирмалардың сұранысына сәйкес, 18 адам жұмысқа орналасқан.
- Өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4,1 млрд теңгені құрады. Егістіктің көлемі 70 пайызға артқан. Тамшылатып суару әдісі егістікте кеңінен қолданылып,екі есеге артып отыр. Алдағы жылы егіс көлемін кеңейту көзделуде. Соңғы уақытта ауданда мал шаруашылығы дамып келеді, -деді өзінің баяндамасында Е.Жаңабаев.
Есеп беру жиынында «Шаттық» мөлтек ауданының тұрғыны Зинур НҰРЫМОВ 20-ға тарта үйге инфрақұрылымның жүргізілмеуіне байланысты сұрақ қойса, спорт мектебінің директоры Абат ҚАБЕНОВ бір спорт залының белсенді өмір сүремін дегендерге тарлық ететінін айтты. Ал еңбек ардагері Молдаш БЕРДІМҰРАТОВ облыс әкімінен Сарайшық мұражайына барар жолдың күрделі жөндеуге көмектесуін өтінді. Айта кету керек, негізі басқа ауылдарға баратын кірмежолдар да жөндеуді күтіп тұр. Бұған аудан әкімі жол жөндеу жұмысы биылғы жылдың жоспарында жоқ екенін, ал «Шаттық» мөлтек ауданына инфрақұрылымдар жүргізудің жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, сараптамадан өтуде екенін мәлім етті.
Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ өз сөзінде өткен жылы аудан әкіміне тапсырылған 12 тапсырманың біреуі ғана орындалмағанын атап айтты. Ол - мұнда Батыс Қазақстаннан келген дәрігерлердің кетіп қалуы. Мамандар әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жасалмағандықтан кері кетуге мәжбүр болған. Жиын соңында облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдады.
***
Әкім тапсырды, әкім жартылай орындады
Индер ауданы әкімінің есеп беру жиынында облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ егістік алқабы көлемінің көрсеткішіне көңілі толмайтынын білдіріп, ауылдарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен мәдениет үйлерін салуға уәде етті.
Актив мәжілісінде Индер ауданының 2013жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы тұрған міндеттер туралы баяндама жасағанаудан әкімі Серік АРЫСТАН құны290 миллионнан астам теңгенің «Тұз» ЖШС натрий гипохлоритін өндіру зауыты пайдалануға берілгенін, тұрғын үй құрылысы 2012 жылмен салыстырғанда 5,7 пайызға артып, 8 әлеуметтік нысанды күрделі жөндеуден өткізуге 368 млн-дай теңге, ал елді мекендердің көшелерін жарықтандыруға 25 млн-дай теңге бөлініп, игерілгенін жеткізді.
-Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мақсатында 59 жәрмеңке өткізіліп, 31 млн-дай теңгенің өнімі сатылды. Екі жылдан астам уақыттан бері пайдаланбай отырған 10 477 га жер мемлекет меншігіне қайтарылып алынды. Балабақшамен қамту 43,3 пайызға орындалды, -деді аудан әкімі С.Арыстан.
Сонымен қатар, аудан басшысы шағын кәсіпкерлікті дамыту, жас мамандардың ауданға тартылуы жайлы сөз қозғады. 2013 жылы 781 гектарға егін егіліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға артқан. Облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов бұл көрсеткішке көңілі толмайтынын білдірді:
-Егін көлемін өсіру жөніндегі тапсырмам 50 пайызға орындалмады. Аудан егін шаруашылығын дамытуға қолайлы болғанымен, түсінік жұмыстарының дұрыс жүргізілмеуінен болған деп ойлаймын.
«Жанбай» шаруа қожалығының басшысы Ғалымжан НҰҒЫМАНОВ мал суаруда ертең қиындық туатынына алаңдайды:
- Бара-бара мал ішетін су табу қиынға түсетін түрі бар, себебі суару каналдары ескірді, Жайық өзенінің суы тартылып жатыр. Дегенмен өзен суының деңгейі ортайса да, төрт каналға су айдайтын насостар керек. Нарындағы терең қабаттағы су көзін зерттеу де жеделдетуді қажет етеді.
Ал зейнеткер Ғайни ҒАБДУЛЛИНА мектептерді көлікпен қамтамасыз ету керек деген мәселе көтерді. Мәселен, Ш. Уәлиханов атындағы орта мектепке жету үшін кенттің шетінде тұратын оқушылар бес шақырым,ал «Көктем» орта мектебіне жету үшін екі-үш шақырым жол жаяу жүруге мәжбүр.
Іссапар кезінде облыс әкімі ауылдарда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері мен мәдениет үйлерін салу, мамандарды баспанамен қамту секілді мәселелерді шешуге сөз берді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА