Атырау, 26 қараша 18:31
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Атырауды қалай гүлдендіреміз?

4 753 просмотра

20 қаңтарда «Ақ Жайық» сайтында өңірлік даму министрі Б.Жәмішевтің екі бас урбанистік орталық – Астана және Алматымен қатар Шымкент пен Ақтөбе қалаларының айналасында агломерациялар дамитындығы жөнінде айтқан хабарламасы шықты. Болашақта бұл Ақтау, Өскемен және Қарағанды қалаларын қамтуы мүмкін.

АҚТӨБЕ ОЗЫП ТҰР

Осы хабарламаға комментарий жазған сайтқа кірушілер арасынан Атырау тұрғындарын бірден тануға болады: олардың бірі үкіметтің біздің қаламызды болашақтағы урбанистік орталықтар қатарына қоспаған шешіміне өкпелерін білдіріп жатса, бірі, тіптен, қаладан басқа өңірге көшіп кетемін деп мәлімдеме жасап жатыр.

ҚР аумағын дамытудың аумақтық сызбасы деп аталатын құжаттың тапсырыс берушісі - Өңірлік даму министрлігінің құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі комитетінің осы агломерацияларды дамытуға қалаларды белгілегенде нені басшылыққа алғаны түсініксіз жайт. Былтыр жазда өткен комитет өкілдерінің мәслихат депутаттарымен, әкімдік және ҮЕҰ қызметкерлеріменкездесуінде мен «ҚазҚСҒЗИ» АҚ (сызба орындаушысы) мамандарынан ҚР батыс өңірінің болашақтағы агломерациялық орталығы ретінде Атырау неге таңдалмағанын сұрап едім, мардымды жауап ала алмадым. Алайда «тоғыз жолдың торабында тұрған» және батыс өңірінің ірі қалаларынан бірдей қашықтықта орналасқан Атыраудың географиялық жағдайының өзі  оны таңдауға жеткілікті еді. Гурьев-Атырау қаласының Ноғай ордасы мен Қазақ хандығының астанасы Сарайшықтан 35 шақырым жерде орналасуы да кездейсоқ емес. Алайда, жоғарыда аталған сызбаның тапсырыс берушілері мен орындаушыларының география, экономика және тарих тұрғысынан білімдері онша емес сияқты. Бірақ, әділдік болу үшін айтайын, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ қызметкерлерінің бірі менің уәждерімнің дұрыстығымен келісіп, бастапқыда дәл осы Атырау ҚР батыс өңірінің тірек орталығы ретінде қаралғанын мойындады. Алайда кейіннен ол білмейтін жағдайлармен бұл шешім өзгертілді және ҚР үкіметінің 2011 жылғы 26 шілдедегі №862 «Өңірлерді дамыту» бағдарламасын бекіту туралы қаулысында жоспарланып отырған агломерациялық орталықтардың бірі ретінде Ақтөбе таңдалған.

Бұл бағдарламаға енді өзгеріс енгізу үкіметтің жоспарында жоқ тәрізді және қаржыландыруды арттыру сияқты бұдан болатын жақсылықтар Ақтөбеде қалатын болды. Енді көршілерімізді осы үшін құттықтаудан басқа еш амалымыз жоқ, алайда қаламыздың болашағын өзіміз ойлауымыз керек.

Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін үстіртін бағалай отырып та, Атыраудың жарқын болашағы мен үлкен мүмкіндіктері бар екенін көре аламыз. Тіпті, агломерация мәртебесін алудан «ұтылуымыздың» өзі бізге пайда әкелуі мүмкін. Егер де қолымыздағы басымдықтарымызды дұрыс пайдалана білсек, Атырау тұрғындары мен қала әл-ауқаты жоғары деңгейге көтерілуі мүмкін.

 

ҮЛГІ РЕТІНДЕ – ЖИЛГОРОДОК

Менің осындай оптимизмім неге негізделген? Алғашқы кезекте жерлестерімнің - Азия мен Еуропаның шекарасында қанат жайған ерекше қала – Лаэти – Сарайшық – Гурьев – Атырау тұрғындарының таланты мен жігеріне сенемін. Белгілі бір өңір аумағында көптеген ғасырлар бойы ірі, маңызды тарихи оқиғалар өткен болса, ол сонысымен бағалы болмақ. Соңғы мың жылда біздің өлкемізде өркениет ошағы еш өшкен жоқ деп сеніммен айта аламыз. Оған қазіргі қызықты да қызғылықты уақытты қосыңыз.

Егер Привокзальныйдағы «кеңестік» тұрғын үй кешендері, екі СМП, Авангард (кей жерлері мола үстіне салынған) сияқты түрі мен мазмұны жағынан сұрықсыз нысандар «брежневтік» молшылық кезінде салынса, қазірдің өзінде «гетто» аталған «Нұрсая» жақында ғана мұнай өндірісінің дамуынан бой көтерді. Болашақта бұл қателіктерді қайталамай, уақыт сабағынан тәлім алу керек.

Әрине, кез-келген жоспарды жүзеге асыру үшін, әсіресе, қала салу үшін үлкен қаражат керек. Мұнай бағасының бұрынғыдай шарықтауы енді бола қоймас, алайда Теңіз бен Қашаған тұрақты жұмыс жасап тұрса, болашаққа үмітпен қарауға болады, сондай-ақ, Қарашығанақ та техникалық шешімдері бойынша біздің өңірмен байланысты. Осындай және басқа да факторлардың бар болуы заманауи, тұрмысқа қолайлы қаланы аббаттандыруға жоспар құруға мүмкіндік береді. Алғашқы қадам да жасалды. Өткен жылы қаланы өзен бойымен өсіруге шешім қабылданды. Біздің жағдайымызда бұл ең оңтайлы шешім. Көпке мәлім ақиқатты  тағы бір еске сала кетейін: өзен алқабы адамдарға жайлы микроклимат тудырады; жағаға жақын жердің топырағы құнарлы болып келеді; жағалау топырағында табиғи дренаж бар.

Қазір Атырау қаласының бас жоспарын нақтылау жүріп жатыр, сондықтан да бұл ұсыныстарды есепке алуға әлі де кеш емес. Менің ұсыныстарымның мазмұны жаңадан пайда болған зат емес – бізде жағдайымызға дәл келетін тұрғын үй кешенінің үлгісі бар. Ол – сәулет және қала құрылысы ережелеріне сәйкес салынған Жилгородок.

Жилгородок пайда болмастан бұрын да, кейін де Атырауда адамдардың өмір сүруіне жайлы бірде-бір кешен салынған жоқ. Мұнда жайлылық пен қоршаған ортаның үндесуі барлық қажетті қоғамдық-коммуналдық инфрақұрылымдармен бірге жоспарлау шешіміне енгізілген. Жилгородок кешенінің авторлары, сәулетшілер С. Васильковскийдің, А. Арефьевтің және А. Лансердің тұжырымдарын Жайық өзені бойымен құрылыс салғанда пайдалану қажет. Бұл тұжырымдамаға енгізер мен ұсынып отырған өзгеріс – қателеспесем, «сәулет доминанты» деп аталатын ғимараттарды (мәселен, Құрманғазы атындағы мәдениет үйі) өзен жағасынан 900-1200 метр қашықтыққа орналастыру. Бұл жағдайда композициялық ось орналасатын кеңістік (Жилгородокта - Әуезов көшесі) бір жағынан жағалаумен, келесі жағынан қандайма бір ғимаратпен (сауда орталығы, мәдениет үйі, спорттық құрылғылар, бизнес-орталық және т.б.) шектесетін болады. Ал осы композициялық бас ось бойына көпқатарлы тұрғын үйлер салып, төменгі қатарларын шағын және орта бизнес нысандарына беруге болады. Сондай-ақ, осы ойымыздағы тұрғын үй кешендерінің аумағына жедел жәрдем, өрт сөндіру сияқты арнайы қызмет автокөліктерінен басқа машиналар кіргізілмесе, тіптен керемет болар еді. Осылайша біз ауа тазалығын сақтап, адамдарды жаяу, велосипедпен жүруге ынталандырар едік.  Автокөліктер үшін өзеннің екі жағалауынан 1500-2000 метр қашықтықта су арнасымен параллель өтетін екі бас жол магистралін қалдыру керек. Көпірлер қазірдің өзінде салынып қойылғандықтан, осы магистральдар арасын қосу жолдары сол күйінде қалдырылғаны жөн.

Осылайша, егер Атырау тұрғындары мен сәйкесінше мемлекеттік органдар өзен бойына осындай кешендер салу тұрғысынан ортақ пікірге келсе, «жаңа» қаланы түгелдей Балықшы мен Геолог ауылы арасына сыйғызуға болар еді.

 

«ДЕНСАУЛЫҚ СОҚПАҒЫ» ТУРАЛЫ

Қолда бар үйді тез арада бұзып, орнына жаңа құрылыс салу сияқты большевиктік көзқарас көптеген себептері бойынша тиімді емес. Айтпақшы, бұл көзқарас Балықшыда көпір салынғанда қолданылды. Құрылыс барысында тұрғын үйдің екі кіреберісі бұзылды. Ал бас жоспар бойынша, көпір оңтүстікке, Дамбыға қарай салынуы керек екен.

Бәрін бір-екі пилоттық жобадан бастауға болар еді. Олар алға қарай бұдан да үлкен аумақтарға құрылыс салуға үлгі ретінде қолданыла алады.

Жақында «Ақ Жайық» газеті коммерциялық компаниялардың Атырауда молл деп аталатын ірі заманауи сауда ойын-сауық орталықтарын салуды жоспарлап жүргендері туралы хабарлады. Алайда олардың қай жерде орналасатыны туралы айтылғанымен, жергілікті тұрғын болсам да, түсіне алмадым. Қала басшыларына осы бизнесмендермен кездесіп, жоғарыда айтылғандай, өзен жағасынан 900-1200 метр қашықтықтан жер телімін неге бермеске? Осы моллдар алға қарай жаңа тұрғын үй кешендеріне Жилгородоктағыдай сәулет доминанты бола алар еді. Барлық тараптың да, соның ішінде қала тұрғындарының да мүдделерін қанағаттандыратын шешім табылатынына сенімдімін.

Сонымен қатар, қала басшылығының тұрғындарға деген қамқорлығын, қалалықтардың жаңа идеяларды қабылдауға дайындығын көрсете алатын шағын жоба жөнінде де айтып өтейін. Бұл - жағалау бойына белсенді демалу аймағын жасау жобасы. Мысалы, оның негізіне алматылық атақты Тереңқұр тұжырымдамасын алуға болады. Әрине, бізде қажетті шатқалды ландшафтар жоқ, алайда қолда бар жағдайлар да толық жеткілікті. Қала басшылығының жаға бойына екі-үш жерге тренажерлар орнатқаны, әрине, қуантарлық жағдай. Енді тек жағалауға шығатын жолдағы «резиденция» сияқты жабық аумақтарды ашса болғаны. Сол кезде «денсаулық соқпағы» Жеңіс саябағынан Ескі базар тұсына дейін созылар еді. Мен сөз етіп отырған өткелді ашу керек деп өткен жылдан бері мемлекеттік органдарға хат жазып жатқанымды айтып кетейін. Биыл қалай да ашылады деп сенемін, өйткені бізге үлкен басшылар ай сайын келіп жатқан жоқ қой. Ал өткелді олар келгенде уақытша жабуға болады емес пе?

 

«АҒЕКЕЛЕР» ДЕ АҚЫМАҚ ЕМЕС

Мен өз әріптестерім, достарыммен осы тұжырымдарым туралы бөліскенде, кейбірі «жергілікті «ағекелердің» қарсылығынан бұл ойың жүзеге аспайды» деп уәж айтты. Алайда мен «ағекелердің» қатары жасарып келе жатқанына, көпшілігінің шетелдерден білім алып, үздік қоғамдық және мемлекеттік жүйелер қалай құрылғанын түсініп, өз кезегінде қоршаған ортаны қабылдау түйсіктері өзгергеніне қатты үміттенемін. «Ағекелер» өз күштерінің, Қазақстанның саяси өміріндегі салмақтары тек қаржы ресурстарының көлеміне ғана емес, сондай-ақ, әлеуметтік, адам капиталдарында екенін түсіне бастады деп сенемін. Қазірдің өзінде өңірдегі келеңсіз экологиялық ахуалға байланысты көптеген тұрғындар басқа жерлерге көшуді ойластырып жүр. Егер дер кезінде қажетті шаралар қабылданбаса, бұл үрдіс дами түсуі әбден мүмкін. Американдық саяси лексиконда тікелей аударғанда «шөп тамыры», сондай-ақ «ең негізгі», «қоғамның қатардағы мүшелері» деген мағына беретін grassroots деген ұғым бар. Яғни, «грасрутссыз» қоғамдық жүйенің «жоғарғы» өкілдерінің тіршілігі қиындайды, не мүлдем маңызын жояды. Осылайша, «ағекелердің» беделі мен ықпалы қала мен өңірдің сандық және сапалық сипаттамаларының нашарлауымен бірге төмендейді.

Жалпы, елді мекендердің бас жоспары жобасы сияқты үлкен құжаттар жасалғанда барлық нюанстар қарастырылады. Алайда менің мақаламның ресми материал мәртебесі жоқ және бұл тек маңызды мәселені көтеруге әрекет жасау ғана болғандықтан, қаланың дамуына байланысты болуы мүмкін қауіп-қатерлер мен проблемалар туралы айтуды жөн көрмедім. Алайда,  өзіміздің, қаламыздың жағдайын өзіміз ойламасақ, өлкеміздің неге айналатынын көзге елестету де қиын. Мүмкін, алыс болашақта тарихшылардың мұны Сарайшық-2 деп атауы да ғажап емес.

М. Боқаев,

қала тұрғыны

6 ақпан 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.