«Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының ересектер бөлімін жауып жатыр, біз емді қайдан аламыз?» Соңғы екі күнде редакцияға осы сұрақпен ондаған пациенттер хабарласты. Аудан тұрғындары да хабарласып жатыр. Өйткені бұл – бүкіл облыстағы мамандандырылған жалғыз медициналық мекеме.
ЖОҒАРЫ ЖАҚТЫҢ НҰСҚАУЫМЕН
- Мен екі жылдан астам уақыттан бері диспансерлік есепте тұрмын және облыстық жұқпалы аурулар ауруханасынан әлсін-әлі ем қабылдаймын. Емдеу курсы менің хал-жағдайыма байланысты, кейде ай бойына ауруханада жатуыма тура келеді, - дейді емделуші Еділ САТЫМОВ. – Енді не істеймін?
- Баламның денсаулығы нашарлау, жылына бір рет міндетті түрде ларингитпен ауруханаға түсеміз. Балама шынымен де бруцеллезбен немесе вирусты гепатитпен сырқаттанған ересек пациенттермен бірге емделіп, санитарлық тораптарды бірге пайдалануға тура келеді ме? СЭС қайда қарап отыр? – деп наразылық білдірді Жаңылсын АБАЙ.
Комментарий алу үшін біз облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Шыбынтай ШЕРМАХАНОВҚА хабарластық. Ол шын мәнінде медиктерге де, емделушілерге де жаңа енгізілімдердің ешқандай өзгерістер әкелмейтінін растады. Өйткені бәрі «номиналды» жасалған. Ол бұл сөзді әлденеше рет атап өтті. Егер ол ештеңе өзгертпейтін болса, қайта ұйымдастырудың қажеті қанша екенін тек медицина басшылығының нұсқаунамасын орындауға төселген жандар ғана түсіне алады. Мұны маған, үнемі қайта құрулардан бейхабар жанға түсіндіру үшін бас дәрігер, оның орынбасары Надя ЕРҒАЛИЕВА және бас медбике Зәуре ӘЛМҰХАНОВАДАН құралған шағын ұжым жиналды. Қарапайым тілмен айтсақ, олар жоғары жақтың нұсқауын орындайды. Өткен жылғы көрсеткіштерді қорытындылай отырып, денсаулық сақтау министрлігі елдегі стационарларда кереует қоры тиімсіз пайдаланылып отыр, кереуеттің 33 пайызы босқа тұр, оның басым бөлігі – Атырау облысында деген тұжырымға келді. Осыған байланысты 31 желтоқсанда облыстық денсаулық сақтау басқармасында жұмыс жиналысы өтіп, онда қайта бейімдеу мен мамандандырылған емдеу мекемелерінің кереует қорларын азайту мәселелері талқыға салынды. Тек жұқпалы аурулар ауруханасы туралы ғана емес, жүйке-неврологиялық, наркологиялық және туберкулезбен күрес диспансерлері туралы да әңгіме қозғалды. Жұқпалы аурулар стационарына тәуліктік стационардағы кереуетті профиль бойынша бөліп, 150 кереуетке дейін азайту, ал 30 орынды В және С гепатитті науқастарды емдеу есебімен күндізгі стационар үшін бөлу ұсынылды. Нұрсаядағы типтік аурухананың жаңа ғимараты тапсырылғаннан кейін, егер облыста сырқаттану көрсеткіштері төмендесе, кереует қоры азаюы мүмкін.
- Мұндай оптимистік болжамдар бар ма?
- 2013 жылдың қорытындысы бойынша министр жасаған баяндамаға сәйкес, көптеген сырқаттар бойынша эмидемио-логиялық тұрақты ахуал байқа-лады. Нозологиялық түрдегі 31 жұқпалы аурудың, соның ішінде көкжөтелдің, паротиттің, өткір вирусты гепатиттің және т.б. сырқаттардың азайғандығы байқалады, - деп атап өтті Зәуре Әлмұханова.
- Жалпы ел бойынша бұл мүмкін. Алайда жұқпалы аурулардың табиғи ошағының болуы, вахталық қалашықтардағы және көптеген өндірістегі асхана жұмыстары, басқа жақтан келушілердің көптігі біздің жұқпалы аурулар ауруханасына босаңсуға мүмкіндік бермейді.
- Әрине, біздің өңіріміздегі ахуал Көкшетау секілді курортты аймақтардың ахуалынан әжептәуір ерекшеленеді. Соңғы бірнеше жылда жұқпалы аурулар саны бізде белгілі бір норма шеңберінде өзгеріп отыр. Егер төмендеу тіркелсе де, ол өте болмашы ғана, - деп мойындады Ш.Шермаханов.
Ағиба ӘЛЕНОВАДегенмен де, бүкіл жұқпалы аурулар бөлімшесінің тағдыры шешіліп қойған. Енді ол стационар құрылымында жоқ, ӨЖА (өткір ішек жұқпалы аурулары) бөлімшесі бар және қосымша ӨРВИ (өткір респираторлы вирусты инфекциялар) бөлімшесі ашылды, енді олар екеу. Іс жүзінде, аурухана бас дәрігерінің сендіруінше, жұқпалы сырқаттары бар ересек пациенттер бұрынғыша сол блокта жата береді, емдейтін де сол дәрігер. Тек нақты кереуеттер ӨЖА бөлімшесіне қарайтын болады. Ал дәрігер гепакабинеттің маманы болып саналады. Стационар бюджеті ешқандай өзгерістерге ұшыраған жоқ, медиктердің саны мен еңбекақысы бірдей.
Біздің облысымызда бар болғаны бір ересек инфекционист әрі гепатолог бар деген пациенттердің қорқынышын жұқпалы аурулар ауруханасының әкімшілігі бөліспеді.
- Гепатолог Ағиба ӘЛЕНОВА еңбек демалысына немесе семинарға кетсе, оның орнын қабылдау бөлімінде отыратын тәжірибелі маман Бақытжамал ШАНДИРОВА алмастырады. Бұдан басқа, біз тағы бес маманды оқыттық, олар «инфекционист» мамандығы бойынша оқу курсынан өткен.
БАСҚАСЫ ЖОҚ
Таратылған бөлімшенің қызметкерлері өз шефтерінің оптимизмімен бөліспеді. Тиімді емес деген айыптауға медицина қызметкерлері қайран қалды:
- Мемлекетке стационарларды ұстау оңай емес, біз мұны түсінеміз. Бірақ біз бүкіл облыстың жұқпалы аурумен сырқаттанған науқастары түсетін бірден-бір стационармыз. Біз ӨРВИ-ге шалдыққан жүкті әйелдерді, дизентерия, ботулизм, бруцеллез, құтыру ауруларымен ауыратын пациенттерді қабылдаймыз. Бірде-бір стационар біздің науқастарымызды емдемейді. Аудандық ауруханаларда, қалалық емханаларда жалпы тәжірибедегі дәрігерлер бар. Олардың жұқпалы аурулар туралы түсініктері бар, түрлі нозологиялар туралы дәрістер циклдарын тыңдады. Бірақ олардың іс жүзінде тәжірибелері жоқ, сондықтан да олар өздеріне жауапкершілік алып, мұндай пациенттерді емдеуге тәуекел етпейді, - дейді олар сеніммен. Тек гепатитпен ауыратындар саны облыста 500-ден астам, олардың 95 пайызы – ересектер. Жұқпалы аурулармен сырқаттанған науқастар ауруханаға, әдетте, ауыр халде түседі және тәулік бойына жеке бөлікте медиктердің бақылауында болуы тиіс. Ауырлығы бойынша химиялық терапиямен салыстырылатын вирусқа қарсы терапия барысында гепатитпен науқастанған жандарда жағдайдың нашарлағаны байқалады: қан көрсеткіштері құлдырап, қаназдық қайталанады, неврологиялық ахуал дамуда. Хаттама бойынша пациенттер стационар жағдайында тек алғашқы екі инъекцияны ғана, қалғандарын – мекен-жайындағы емханадан алуы тиіс. Іс жүзінде пациенттер бәрібір вирусқа қарсы терапияны ауруханадан алуға ұмтылады. Өйткені амбулаториядағы дәрігерге қарағанда тәжірибелі гепатологқа көбірек сенеді. Биылғы қыстың кеш келуінің арқасында ӨРВИ-мен науқастанғандар, керісінше, көп емес.
Бүкіл облыстағы жалғыз ересектер инфекционисінің жұмысы өте көп. 90-шы жылдардың басында облыста ересек жандарды емдейтін 5-6 инфекционист-дәрігер болды. Олардың кейбірі о дүниелік болды, кейбірі еңбектерінің ауыр жүк екенін түсініп, басқа мамандыққа кетті. Содан бері ересек науқастар үшін бірде-бір маман дайындалмаған, тек бір ғана дәрігер - Ағиба Әленова жұмыс істейді. Аудандар мен қала бойынша да ересек инфекционистер жоқ, оларды балалар инфекционистері алмастырып отыр.
ҚР бас инфекционист дәрігері, профессор Бақыт КӨШЕРОВАМЕН телефон арқылы хабарластық, ол Атырауда ешқашан болмаған, бірақ біздің облыстың жағдайы туралы хабардар екен:
- Денсаулық сақтау министр-лігінің саясатына сәйкес, жыл сайын стационардың орнын басатын көмек артып барады. Бұл саясат Атырауда да жүргізілуде. Шетелде емделушілерді ауруханаға тек ауыр жағдайларда ғана жатқызуға тырысады. Емделушінің өзіне де үйреншікті жағдайда, үй ішінде, режимге таңылмай, палаталас көршісіз және т.б. емделген қолайлы. Аурухананың бас дәрігері ересектер мен балаларға түрлі аумақтық учаскелерде емдеу жүргізілетініне, жұқпалы аурулармен сырқаттанған науқастар бұрын жұқпалы аурулар бөлімшесі орналасқан бөліктегі кереуеттерге орналастырылады, штат қысқар-майды деп сендірді. Қалай дегенмен де, бұл жергілікті денсаулық сақтау басқармасының құзыретінде деп ойлаймын.
«ЖИНАЛЫС ОСЫЛАЙ ШЕШТІ»
Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВЕмделушілер мен медицина қызметкерлерінің наразылығы облыстық денсаулық сақтау басқармасында жиналыс жасауға түрткі болды. Алайда оның қорытындысы бойынша, денсаулық сақтау министрлігінің саясатына қарсы келмейтіндігі айқындалды.
- Кереует-орындар жұмыс істеуі тиіс! – деп кесті облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВ. – Алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесі ел бойынша жаппай нығаюда, сондықтан стационарлардың жұмысын оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Атырау облысында біз бірнеше емдеу мекемелерінің, соның ішінде ауылдық жерлердегі мекемелердің жұмыстарын күндізгі стационарларды көбейту есебінен оңтайландырамыз.
- Бірақ жұқпалы аурулар ауруханасында күндізгі стационарды ұйымдастыру үшін неліктен жұқпалы аурулар бөлімшесін таратып жібереді? Атырау облысындағы вахталық поселкелер мен жұмысшылар қалашығында тамақтан жаппай улану жағдайлары орын алып жатыр ғой. Бұдан басқа, өңірде бруцеллез ауруы тұтанып, гепатитке шалдыққан науқастар көп болады.
- Біз күн сайын стационар-лардағы жағдайға талдау жасаймыз. Біздің мәліметтеріміз бойынша, гепатитке шалдық-қандар көп емес, негізгі күш ӨРВИ және ӨЖА бөлімшелеріне түседі. Олар бүкіл науқастың 92 пайызына дейін қабылдайды. Жұқпалы аурулар ауруханасында барлығы 42% шамасында кереует әрекетсіз тұр. Ал бірақ қаржыландыру жүргізіліп жатыр. 2012 жылы жұқпалы аурулар ауруханасы 241 млн теңге, 2013 жылы - 250 млн теңге алды, биыл 259 млн теңге бөлінеді.
- Ересек пациенттер де, науқас балалардың ата-аналары да оларға бір бөлімшеде емделуге тура келетіндігіне риза емес. Оның үстіне ауруханада жату, жеңілдеп айтқанда, қолайлы емес. Бұған санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелер тұрғысынан рұқсат етіле ме деген алаңдаушылық бар.
- Бұл мәселе түрлі мамандар, соның ішінде емдеу-профилактикалық бөлім қатысқан жалпы жиналыста шешілді. Ересек науқастар балалардан бөлек, түрлі бөліктерде емделетін болады. Қазіргі уақытта аурухана орналасқан ғимараттың материалдық-техникалық базасы, әрине, ешқандай сын көтермейді. Бірақ біз Нұрсая ықшамауданындағы жаңа аурухана тапсырылғанша күзге дейін күте алмаймыз. Оның үстіне, жаңа стационар бұрын жоспарланғандай, жұқпалы науқастарды емдеуге маманданған профильді медициналық мекеме болмайды. Көппрофильді қалалық аурухана болмақ. Көбінесе кісі өліміне әкеп соғатын сырқаттар тізімінде қан айналу жүйесінің сырқаттары, онкологиялық сырқаттар, сонымен қатар, зақымдар мен улану жағдайлары көш бастап тұр. Бәлкім, жаңа стационарда, негізінен, жоғарыда аталған сырқаттарға көңіл бөлінетін шығар. Егер гепатит пен басқа жұқпалы сырқаттары бар емделушілер көбейіп кетсе, біз осы кереует-орындарды қайта бейімдейтін боламыз.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ