Махамбет ауылдық округіне қарасты «Өткел» елді мекенінде (бұрынғы атауы - «Лесхоз») небары 20 үй бар. Қазір онда барлығы 121 адам тұрып жатыр. Аудан орталығы мен «Өткелді» бөліп тұрған тек Жайық өзені. Мектеп аудан орталығында орналасқан. Балалар қыста мектепке мұздың үстімен жаяу өтіп барады, ал жазда қайық және паром арқылы қатынайды.
Біз Махамбет ауылынан өзеннің қарсы бетіне өту үшін қауіпсіз жолды біле алмай, біраз аңтарылып тұрып қалдық. Көкпеңбек мұздың үстінде катер тұр сіресіп. Сиырлар ойылған үкіден су ішіп, бас алмай жатты. Бұл мал иелері үшін суарудың ең қолайлысы тәсілі.
- Қорқатын түгі де жоқ, - дейді таксистер. – Мұз қалың, танкпен де өтуге болады.
Міне, «Өткелге» де жеттік. Бұл - бұрын орманшылар қоныс тепкен ауыл. Қазір жергілікті тұрғындар өткен ғасырдың басында салынған ескі үйлерде тұрып жатыр. Ауылдың екі көшесінен де жаңа құрылыс бастаған ешкімді көрмедік. Осыданүш жыл бұрын ауылға газ келіпті. Аудан орталығының тұрғындарын осында мал өсіру үшін көшіп келуге итермелеген де сол болуы керек. Бірақ бұл елді мекеннен жер телімін алу қиын. Себебі, «Өткелдің» жері өзінен 6-7шақырымдағы Есбол ауылдық округіне тиесілі болса, елді мекен аудан орталығына, яғни, Махамбет ауылына қарайды.
- Егер менің басқа жерден баспана тұрғызатындай жағдайым болса, мұнда бір күн де қалмас едім. Мұнда зейнеткерлер, орта жастағылар және жастар да бар. Қарттар қара шаңырақтарын қимайды, ал жастардың басқа барар жері жоқ, - дейді алдымыздан кездескен жергілікті тұрғын.
«Өткелден» 500 шақырым жердегі жалғыз үйде Ахметовтер отбасы тұрады. Отанасы Ақзер АХМЕТОВА үйлерінде жиырмаға жетпейтін қой-ешкі ұстайтынын айтады. Олар жаңа туған төлдер тоңып қалмас үшін үш-төрт күн үйде ұстайды екен. Ауылдағы тұрмыстық жағдайын айта бергісі де келмейді:
- Біз осында 1999 жылы Қызылқоға ауданы Тайсойған ауылындағы үйімізді тастап көшіп келдік. Әлі күнге дейін туысымыздың үйінде тұрып келеміз. Жолдасым жиі сырқаттанады. Жақында үлкен ұлым әскерден келді, жұмыссыз. Қала жаққа барып, жұмыс іздегісі келеді.
Жергілікті тұрғындардың ең басты проблемасы - Жайық өзенінен өтудің қиындығы. Өзен қатқан кезде және мұз еріген уақытта олар көп қиындықты бастан кешіреді. Айтпақшы, елді мекен мен Махамбет ауылының арасыбір шақырымды ғана құрайды. Паромдағы кеме жүргізушісі Қуандық КЕНЖЕҒҰЛОВ бізге тасымалдың қиындығын да айтып берді:
- Менің мұнда жұмыс жасайтыныма көп болды, бұл жұмысты тастап, зейнетақымды алып, үйде тып-тыныш отыра беруіме болар еді, бірақ орнымды басар маман жоқ болып тұр. 2006 жылы Құрманғазы ауданынан катер алып келді, бірақ оның моторын бірден ауыстыруға тура келді. Біріншіден, бұл ескі катер болып шықты, 1947жылы шыққан екен, сондықтан оны жамап-жасқаумен келеміз. Екіншіден, катер өзенге қолайсыз. Себебі оның көлемі өте үлкен әрі ауыр, оны жағаға апару оңай емес. Бұл өткел тек көліктерге арналған, адамдар біздің шабан жүрісімізден гөрі қайықпен өткенді қолайлы санайды. Қатқан мұзда қалған катерді биыл көп жөндеу күтіп тұр, оған біз мұз ерігенше ештеңе жасай алмаймыз. Ол үшін бюджеттен қаржы бөлінбесе, қиын болады. Жақында біздің жақтан көпір салады деген хабар естіп едік. Бірақ ол осы ауылдан қашықтау жерден салынады екен, ал бұл бәрібір қатынастың қиындығын жеңілдетпейтіні сөзсіз.
Өзеннен өту қиындық туғызып отырғандықтан тұрғындардың көбі аудан орталығына жұмысқа орналаса алмай отыр. Ал оннан астам оқушы Махамбет ауылындағы Шонаев орта мектебіне барып оқиды. Ауа райының қолайсыз күндері балаларға обал. Олар өзенді қарлы боран мен үскірік аязда тайғақ мұздың үстімен жүріп өтуге мәжбүр.
- Қақаған күндері балалар келгенше қорқып отырамыз. Мұз болғаны біз үшін жақсы, ал, мұз еріген кезде балалар мектепке бара алмай отырады. Қайықшылар көп жағдайда оларды тегін тасымалдаудан бас тартып жатады. Үсіп-тоңған балаларымыздың жиі ауыратыны содан, - дейді Света ІЗБАСАРОВА.
Тұрғындар бар керек-жарақтарын ауылдан көлікпен, ал мұз ерігеннен кейін қайыққа тиеп, алып келіп жүр. Себебі, «Өткелде» дүкен де жоқ.
Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Әділбек ЗАЙДУЛЛИН көпір «Өткелден» біршақырым қашықтықта салынатынын хабарлады:
- Бүгінде мердігер анықталды, ол - «Атырауинжстрой» ЖШС. Көпірдің құрылысы 28 айда бітеді деп отырмыз, оған бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлініп отыр. Көпір салу жұмысы ақпанда басталмақ.
Ал Махамбет ауылдық округінің әкімі Жақсылық МҮСЕПОВ «Өткелдің» болашағы туралы сөз қозғау үшін тұрғындармен тағы бір рет кездесетінін айтты:
- Шынымен де өткелден өту «өлместің күнімен» бірдей. Көпір салынғанша, тұрғындар егер келіссе, балаларды көрші Есбол округіне көлікпен тасымалдап оқытуға болады. Мектептерге жақында жаңа көліктер берілмек. Ауыз су жеткізуді көрші ауылдың су тасымалдаушыларымен келісетін боламыз. «Өткелде» ескі үйлер көп. Ауданда баспана салу болашақта қолға алынады. Бұған дейін тұрғын үй құрылыстары жүрмеген еді. Ол үшін тұрғындар үй алу кезегіне тіркелулері тиіс. Ал катерді жөндеуге ақша қаралатын болды, оны мұз ерігеннен кейін Атырауға апарып жөндетпекпіз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА