Облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы залдардың бірі түрлі дәуірлер қаруларына арналып бөлінді. Музей қызметкерлері кейбір қызықты экспонаттар туралы әңгімелеп берді.
Күміспен күптелген XVII-XVIII ғасырлардағы екі мәмлүк тапаншасы ерекше құндылыққа ие. 2003 жылы оларды Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВКЕ премьер-министр болып тұрған кезінде Каирге барған сапарында сыйға тартыпты. Тапаншалар темірден жасалып, күміспен өрнектелген екен. Ұңғысының ұзындығы - 9 см. Біреуінің тұтқасы күмбез тәрізді тұтастай күмістен жасалған.
XVIII ғасырдағы сауыт-саймандар мен қарулар экспозициясы да өте қызықты. Сол кездегі дала жауынгерлері соққы жасайтын (сойыл мен шоқпар), түйрейтін (найза), шабатын-кесетін (айбалта, қылыш, қанжар) қарулармен жарақтанды. Жортуылға шыққан қазақтардың шоқпар мен сойылды білектеріне іліп алып жүргендері тарихтан белгілі. Қазақ қамшылары – дойыр, дырау, дода – бір-бірінен тек көлемдерімен ғана емес, сабымен де ерекшеленді. Соққыны күшейту үшін дойыр мен дыраудың сабына арнайы қалдырылған қуыс арқылы қорғасын құятын болған. Осы ауыр соққы жасайтын қаруды қазақтар ру арасындағы дау-дамайлар, барымта кезінде қарсыласты жазым қылмай, ат үстінен аударып тастау үшін қолданды. Ал сыртқы жаулармен соғысқанда найза және қылышпен бірге өткір жүзді, сабы ұзын айбалта да қолданды.
Көрмеге қойылған шоқпар мен дойырды 1992 жылы шебер Әмидолла ҚАНАТҚАЛИЕВ тері мен ағаштан жасаған екен. Орал казактарының қаруы бөлек қойылыпты. 1843 жылы Златоусте қару жасаушылар қаласында жасалған қылыш бар. Ол 1981 жылы Советская көшесі бойындағы бұзылған ескі үйдің орнынан табылған екен. Осы жерден 1816 жылғы тері белдігі бар қылыш та шыққан. Қала тұрғыны Е. БАРСУКОВА оны 1981 жылы мұражайға табыс етіпті.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор