Атырау, 26 қараша 18:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қайық жасаудың хас шебері

5 986 просмотра

Құрманғазы ауданы Кудряшов ауылдық округінің тұрғыны, 3-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері Уахит НҰРЛЫБАЕВ (суретте) облыста қайық жасаудың жалғыз шебері. Оған жергілікті балық кәсіпшіліктері беретін тапсырыстар жетіп артылады.

КУДРЯШОВТАН КӨШПЕК ЕМЕС

Кәсібін мақтан тұтатын Уахит аға қайық жасауды 15 жасында үйренген.

- Ең алғаш 8-сыныпта оқып жүргенде ағаш шеберінің шәкірті болып жұмысқа орналасқаннан кейін қайық жасауды мықтап қолға алдым, -дейді шебер. Бүгінде оның жасы 66-да. Жақында «Нұрсұлтан» (немересінің атымен қойылған) ағаш өңдеу шеберханасында қайық жасау өндірісін әрі қарай дамыту мақсатында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы арқылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 2 млн теңге несие алған еді.

Шеберханада балғаның тықылдаған үні, станоктардың зор дыбысы бір толастамайды. Себебі тапсырыс көп, қайықтан бөлек, есік, терезе және тағы басқа да тұрмысқа қажетті заттарды жасайды. 

Уахит ағаның бала кезінен ермегі балға мен шеге болатын, балық аулауға арналған қайықтарды жөндейтін. Себебі ауыл тұрғындары жаппай балық аулап, тамақ асырайтын. Ал қайықсыз балық аулау мүмкін емес еді.

- Туған жерім Астрахань облысы, Лопатино селосы. Шешем бауырларыммен Кудряшовқа көшіп келгенде он жастағы бала болатынмын. Ол Шалабай Ұлы Отан соғысына қатысқан, майданнан алған жарақатынан ерте қайтыс болып, сүйегі Лопатинода қалды. Әкем жастайынан кеме жасау ісімен шұғылданған. Кудряшов селосы орыстардың деревнясынан аумайтын болып шықты. Ағаштан жасалған

үйлерде орыстар да көп тұрды. Оның біразы Кеңестік үкімет құлағаннан кейін Ресейге көшкен. Дегенмен Лопатинодан кейінгі балалық шағымның қызықты сәттері осы жерде өтті. Кудряшовтың табиғаты тамаша, енді бұл менің туған жерім болып қалды. Біреу басқа жерге көшесің бе десе, мен бұл ұсыныстан бас тартар едім, -дейді Уахит аға. 

Астрахандағы құрылыс техникумынан кейінгі өмір жолы осы құрылыс саласымен өрбіді.

- Бір қараған адамға қайық жасау қиын емес сияқты. Ал сол қайыққа мінетін адамдардың өміріне жауап беретініңді сезінгенде, оның қауіпсіз болуын ойлап, жұмыстың ауырлығын сезінесің. Қайықты жасап болған соң сынақтан өткізіп, бірнеше рет тексеріп шығамын, -дейді шебер.

Бұл кәсіптің қыр-сырын жездесі Теміржан ГАЙСИН, өзі тұрған ауыл тұрғындары Сатыбалды СЕРКАСОВ, Илья УВАРИХИН деген ұсталар үйреткен. Ал бүгінде ағаның өзі де ұстаз. Кеңес уақытында үйреніп, жан-жаққа тарап кеткен 70-ке жуық шәкірті бар. Мәселен, солардың бірі қазір Қиыр Шығыста жиһаз цехын ашып алған.  

 

НЕМЕРЕСІ - ІЗБАСАРЫ

Одан бөлек, өзінің туған екі ұлы Ерлан мен Нұрлан да кәсібін жалғастырушылар. Екеуі де әкелерінің қасында еңбек етеді.

- Биыл 9-сыныпты бітіретін немерем Нұрлыбекті де осы кәсіпке баулып жүрмін. Түбінде осы істің жалғастырушысы сол немерем болады деп ойлаймын. Мен оны кішкентайынан қасымда ертіп жүріп осы іске икемдедім, - дейді Уахит аға. – Тапсырыс көбейіп кетсе, ауылдағы шебер жігіттерді жұмылдырамын.

Осылайша бір қайықты екі адам болып бес күнде жасап бітіреді екен. Қайық үлгісінің сызбасын Астраханнан алдырған. Қазір шеберлер екі түрлі қайықты жасап шығаруда: 3 тонна жүк көтеретін, теңізге шығуға арналған қайықтар (ұзындығы 8,5 м, ені 2 м, биіктігі 65 см) және 1 тонна жүк көтеретін, өзенге шығуға арналған қайықтар (ұзындығы 6,5 м, ені 1,20 м, биіктігі 50см).  Олардың бағалары да әртүрлі. Мәселен, «теңіз» қайығы 200-250 мың, ал «өзен» қайығы 100-120 мың теңге тұрады. Соңғы бес жылда 300-ден астам қайық жасап шығарыпты! Ескі қайықтарды да жөндейді. Шағын мотор, ағаш пен шеге және сол секілді тағы да басқа қажетті материалдарды Атыраудан немесе Астраханнан тапсырыспен алдыртады. 

- Қазір Ресейде пластмассадан жасалған қайықтар шыға бастады, бірақ оларды суда тез аударылып қалады деп көбі ала бермейді. Негізі суда ағаш қайықтар жақсы, олар пластмассаға қарағанда қауіпсіздеу.

Жақында қайық жасап, оларды жөндеуге сұраныс білдірген қаладағы «Қызылбалық», «Амангелді», «Жамбыл», «Құрманғазы» балық аулаумен айналысатын колхоздарының басында жұмыс істеуге келді:

- Олар мені күтіп отыр. Көктемгі балық аулауға дейін қайықтарды дайындап үлгеруім керек. Курдряшовта қалған қайықтарды балаларым жасай береді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

30 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.