– Профилактикалық екпелер балалар денсаулығына теріс әсер етеді деп жиі естимін. Балама екпе салдыртқым келмейді. Бірақ болашақта балабақшаға, мектепке барғанда және басқа да жағдайларда проблема туындай ма деп алаңдаймын. Жоспарлы екпе міндетті түрде салынуы керек және одан бас тартқаны үшін нотариалды расталған қағазы болуы керек деген талап қаншалықты заңды?
Мәлік
Сұраққа облыстың бас педиатры Гүлфара ӨМІРБАЕВА түсінік берді. «ҚРҮкіметінің 2009 жылғы 30-желтоқсандағы «Профилактикалық егу өткізілетін аурулардың тізімі, оны өткізу және жоспарлы егілуге жататын халық топтары туралы ережені бекіту туралы» №2295 қаулысында санэпидстанса қызметкерлері мен учаскелік дәрігерлер басшылық ететін міндетті түрде егілетін халық топтары бөлінген.
1) профилактикалық егулер жүргізілетін белгіленген мерзімдерге сәйкес түрлі жастағы тұлғалар;
2) инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарында тұратын және жұмыс істейтін халық (көктемгі-жазғы кене энцефалиті, сібір ойық жарасы, туляремия, оба);
3) өзінің кәсіптік қызметі бойынша қатер топтарына жататын адамдар («В» вирусты гепатиті, тұмау); кәріз және тазалау құрылыстарының жұмыскерлері (іш сүзегі);
4) өз денсаулығының жағдайы бойынша қатер топтарына жататын адамдар: қан құйылған адамдар («В» вирусты гепатиті); медициналық мекемелерде диспансерлік есепте тұрған балалар (тұмау);
5) балалар үйлерінің, сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйлерінің контингенті (тұмау);
6) кез келген жануардың тістеуіне, сілекейленуіне ұшыраған адамдар (құтырма);
7) жарақат алған, тері қабаттары мен шырышты қабықтары тұтастығы бұзылып зақымданған адамдар (сіреспе);
8) эпидемиологиялық айғақтар бойынша егілу жүргізілетін жұқпалы аурулар бойынша жоғарғы деңгейдегі аймақтарда тұратын адамдар («А» вирусты гепатиті, тұмау, қызылша,қызамық, эпидемиялық паротит).
Топтардың бірінде балалар үйінің, сәбилер үйінің балалары, қарттар үйлерінің контингенті енгізілген. Алайда балабақша мен мектептерге баратын балалар бұл жерде көрсетілмеген. Дегенмен, бұған қарамастан, балалар мекемелері мен мектептерде басқа балаларға ауру жұқтырудың алдын алу мақсатында ата-аналардан өз балаларына екпе салдыруды талап етеміз. Айтпақшы, шетелге шығар кезде сәбиде міндетті екпе болмаған жағдайда проблема туындауы мүмкін. Өйткені виза рәсімдеу кезінде сіз баратын елге байланысты белгілі бір ауруға егілген-егілмегендігін міндетті түрде тексереді. Екпеден нотариалды түрде бас тартуға келер болсақ, бұл біздің емес, санэпидстансаның талабы. СЭС органдары емханалар бойынша балалардың санына қарай вакциналарды жіберу үшін есебін білуге қажет болады..