Өткен аптада «Нұр Отанның» облыстық филиалында ІІІ топтағы мүгедектерді (жұмысқа қабілетті) жұмысқа орналастыру, оларға тұрғын үй және жәрдемақы беру мәселелері бойынша бірыңғай қабылдау күні өтті. Кейбір қатысушылардың іс-шараға көңілдері толмай кетті.
«ӘРИНЕ, КӨПШІЛІГІ ЗАҢДЫ ОРЫНДАМАЙ ОТЫР»
Редакцияға ІІІ топтағы мүгедек Рауан ТҰРҒАНТАЙ хабарласты:
- Бізге президент жолдауының ІІІ топтағы мүгедектерді жұмысқа орналастыру туралы айтқан бөлімін оқып берді. Заң белгілеген 3%-дық квоталау бар, осыған сәйкес әр кәсіпорын еңбекке қабілетті мүгедекті жұмысқа алуы керек. Алайда бұл заң жұмыс жасап жатқан жоқ. Бізге, әрі кетсе, 3-4 айға созылатын қоғамдық жұмыстардан басқа ештеңе ұсынбайды. Біз мұндай жұмыстардан бас тартамыз, Астанаға шағымдансақ, біздің шенеуніктер өздеріне ыңғайлы жауапты алға тартады: «Біз ұсындық, олар бас тартты». Бізге газет таратуды ұсынады не болмаса, «Мүгедек Әлеміне» жібереді, алайда ол жерде бір ай төлесе, бір ай жалақы жоқ, ол да мардымсыз – 20-25 мың теңге. «Нұр Отанның» жергілікті филиалында облыс әкімі аз қамтылған азаматтарды қабылдайды, алайда жеті жыл болды жазылғаныма, әлі кездесе алмай жүрмін.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Клара МҰҚАШКЕРЕЕВА:
- Тұрғантай бізге хабарласты, біз оған бірнеше рет жұмыс ұсындық, мысалы, ең жеңіл жұмыс – ХҚКО-ға жібердік, ол бас тартты. Қалалық жұмыспен қамту бөлімінің деректері бойынша, оны бірнеше компанияға жұмысқа кіргізуге әрекет жасалған. Алайда «Фиркрофт Инжиниринг» пен «Кис Орион» оның біліктілігіне сәйкес жұмыс жоқ десе, АМӨЗ өз қызметтері қауіпті жұмыс жағдайларымен байланысты деп уәж айтты. «АТК» ЖШС қарауыл жұмысын ұсынған, алайда оның кезеңдермен басы ауыратынын ескеріп, ол жер де бас тартты. 20-40 мың теңгелік жұмыстарға кіргісі келмейді. Алайда мамандандырылған күзет қызметіне арнайы куәлігі бар күзетшілерді жалдайды ғой. Президент өз жолдауында әр кәсіпорын жұмысқа қабілетті мүгедектерге 5-10 жұмыс орнын бөлуі керек деп айтты. Шынында да, мүгедектерге арналған 3%-дық квота туралы заң бар, бұл талаптарды орындап отырған ұжымдар да бар, алайда, көпшілігі орындамайды. Бұл - республикалық деңгейдегі мәселе. Қаңтардың басында біз еңбек министрлігіне жұмыс берушілерге қойылатын мүгедектерге арналған квота бойынша талаптарды қатаңдату жөнінде ұсыныс жібердік. Президенттің өз жолдауында қоғамның біреуге арқа сүйеушілік көңіл күйден арылуы керектігін, жәрдемақы алып отырған адамдардың жұмысқа орналасуға тырысуы қажеттігін баса көрсеткенін айта кеткен жөн.
ТӨЛЕМІСОВАНЫҢ ТАР ЖОЛ, ТАЙҒАҚ КЕШУІ
Партияның жергілікті филиалындағы қабылдауға алты баланың анасы Балжан ТӨЛЕМІСОВА(суретте) да келді. Ол өзінің қиын жағдайы туралы айтты. Оның бес баласы мүгедек екен: екеуі туғанынан, екеуі ІІ топ мүгедегі, бір қызы қазіргі уақытта бөлек өмір сүреді, ол туберкулездің ашық түрімен ауырады. Алматыда ем курсын алғаннан кейін саулығы біраз жақсарды, ал 2009 жылға дейін ол тубдиспансерде есепте тұрды.
- Мен балаларымды емдеуге алып бару үшін демеушілік көмек сұрауға мәжбүр болып отырмын, - дейді Балжан апа. – 1984 ж.т. қызым демікпемен ауырады, сондай-ақ, оның тізесіне күрделі ота жасау керек, немерем эпилепсияға (қояншық) шалдыққан. Әр жыл сайын мен Астанадағы мемлекеттік медициналық мекемелерге, Оңалту орталығына барамын. Олар ем алғанша немесе тексеруден өткенше жандарында болу үшін үй жалдап тұруға мәжбүрмін. Зейнетақымды, балалардың жәрдемақысын жинаймын, қарызға аламын - әйтеуір, барамын. Қарызға батып болдым. 1988 жылы туған ұлымның 10-сыныпта таэквондомен шұғылданған уақытында қолы ауыра бастады. Көп уақыт бойы оған диагноз қоя алмады, дәрігерлердің түр-түріне бардық. Бұл бір өте сирек кездесетін ауру екен: сирингомиелия, буынның салдануы. Бізге бұл облысымыздағы екінші жағдай және оны емдеу өте қиын екенін айтты. 2009 жылы біз Астанадағы мемлекеттік ғылыми медициналық орталыққа бардық. Ол жерде емдеу курсын алдық. Алайда ол жерге екінші рет барып емделгеннен кейін баламның халі нашарлай бастады. Сүйекті сырқыратқан ауру шыдатпады. Мен көз жасымды көл қылып, облыстық денсаулық сақтау басқармасына бардым, “ең болмаса, Астанаға телефон соғып, емнен кейін мұндай әсер болғаны туралы хабарлаңыздаршы” деп жалындым. Көмектеспеді. Содан соң жекеменшік клиникаға бардым, ол жерде қымбат дәрі жазып берді. 140 мың теңгеге 10 ампула сатып алдым. Қазір оның Астанаға барғысы келмейді. Біз кесте бойынша Атырау шипажайында ем аламыз. Алайда ұлымның екі қолы жұмыс жасамайды, сіңіріне ота жасау керек. 2012 жылы ҚР премьер-министрінің атына, денсаулық сақтау министрлігіне хат жаздым. Облыс әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВТІҢ қабылдауында болдым, емделуге, тұрғын үй алуға көмек сұрадым. Ол денсаулық сақтау басқармасының басшысын шақыртты, ол орнында болмағандықтан, орынбасары Дина Базарбайқызы келіп, біздің ауруымыз Қазақстанда емделетінін айтты. Алайда біз екі рет Астанада болдық, еш көмектескен жоқ. Мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан Өтепқалиевтің қабылдауында болғым келген, әйтеуір дегенде, «Нұр Отаннан» ұстадым. Мен одан «бұл ауру Қазақстанның қай жерінде емделеді?» деп сұрадым. Екі рет Астанаға бардым, көмектеспеді. Ол Қазақстанда мұндай ауруға квота бөлінбейтінін айтты. Мен онда демеушілер тауып беруін сұрадым. Мұнайлы астана емеспіз бе, көмектесетіндер табылып қалар? Менің ұлым 26 жаста, мен оны қалыпты өмірге қайтарғым келеді, бұған бар күш-жігерімді саламын. 35 жастағы үлкен қызым туберкулездің ашық түрімен ауырады, ол жалғыз тұрады. Кезінде оған СМП-163-тен бір бөлмелі пәтер берілді, алайда қыста өте салқын, ауру адамға еш жағдай жоқ. 1995 жылы туған бір балам агроколледжде оқиды, қолы бос кезінде анда-мында жұмыс жасайды. Өзім елу сегіздемін, мен де жұмыс жасаймын. Өткен жылы балаларыммен Астанаға барғанда маған жүрек ревматизмі деген диагноз қойған, алайда өзіме қарайтын уақыт жоқ. Тұрғын үй мәселесінен де еш нәтиже жоқ. Мен үйімді кеңейтуге өтініш бергем, арызымды қабылдамай қойды. Сонда мен ұлым мен қызымның атынан пәтер алуға өтініш жаздым. 2012 жылы қалалық ТКШ бөлімінің басшысы ҒАЛИЕВКЕ барғанымда, ол біздің тізімде жоқ екенімізді айтты. Соңғы рет 2007 жылы жазылған қызым тізімде 414-ші болып тұр деп еді. Барлығымыз бірге тұрғандықтан, Наурыз немесе басқа мерекелерде азық-түлік түрінде берілетін көмекті тек бір балаға ғана аламын. Қалалық әлеуметтік бөлім бір мекенжайға бір көмек беріледі дейді. Бір мүгедек баланың жәрдемақысы 22 мың теңге, бала жасынан бері мүгедек екі балаға 38 мың теңге аламын, СМП-163 ықшамауданында үш бөлмелі пәтерде тұрамыз, жылуға, телефонға қарыздар болып қалдым. Коммуналдық қызмет әр кез мазамды алып, қарызды өтеуді талап етеді. Мен ақшаны қайдан аламын? Дәріге жұмсаймын ба, әлде тамаққа ма, білмеймін.
«БАРЛЫҚ ДЕПАРТАМЕНТТЕРГЕ ТАПСЫРМА БЕРДІ»
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВ:
- Төлемісованың ұлы ауыратын «сирингомиелия» - жүйке жүйесінің бұзылуымен байланысты дерт. Ол баласын Қытайға жіберуді сұрайды. Біз Денсаулық сақтау министрлігіне бірнеше рет хат жаздық, алайда бұл диагноз шетелге емдеуге жіберетін аурулардың тізбесіне кірмейді. Біздің қолымызда денсаулық сақтау министрлігінің жауап хаты мен ауруларды іріктеп, шетелге емделуге кезекке қоюмен айналысатын арнайы комиссияның қорытындысы бар. Оның ұлы екі рет Астанадағы Нейрохирургиялық орталықтан ем алды, біз оны жыл сайын квота бойынша терапиялық ем алуға жібере аламыз, алайда жігіттің шетелде емделуіне ешкім бюджеттен ақша бөлмейді.
Атырау облысының бас неврологы Жеміс БАЛТАЕВА:
- Сирингомиелия – жүйке жүйесінің бұзылуына байланысты созылмалы, жай дамитын ауру, ол негізінен ауыр жұмыс жасайтын жас және орта жастағы ерлерде көп кездеседі. Орта Азия елдерінде 100 мың адамға шаққанда 0,3-1 жағдай орын алады. Біздің облыста осындай үш науқас тіркелген. Көп жағдайда медицина қызметкерлері мұны 6-8 апталық эмбрионалдық кезеңде жұлын мидың дұрыс дамымауынан (қуыстар пайда болады) болады деп есептейді. Ауру қолдың сезбеушілігінің пайда болуымен байқалады. Соңғы кездері ота арқылы емдеу әдісі қолданылып жүр.
Клара Мұқашкереева:
- Әйел адам мүгедек қызы үшін Мұнай және газ институтында вахтер немесе киім ілуші жұмысын алып беруді өтінді, қазір біз ол жерде осындай бос орындардың бар-жоқтығын тексеріп жатырмыз. Жуырда біз «Нұр Отанмен» бірігіп, мүгедектерді жұмысқа орналастыруға арналған бос орындар жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отырмыз, сол жерде бұл әйелдің мәселелеріне назар аударатын боламыз.
«Нұр Отан» облыстық филиалы төрағасының орынбасары Кеңес ҚОСЫБАЕВ:
-Иә, біз шын мәнінде де мүгедектер үшін бірыңғай ашық есік күнін өткіздік. Президент мүмкіндіктері шектеулі адамдар-дың зейнетақы, жәрдемақы алу, оларды баспанамен қамтамасыз ету мәселелерімен айналысуға тапсырма берді. Республика бойынша 600 мың мүгедек бар, олардың 400 мыңы жұмысқа қабілетті. Облыс бойынша да біз оларды тізімге аламыз. Қоғамдық қабылдауда қабылданған барлық мәселелер бойынша, соның ішінде мүгедек ұлын емдеуді және баспана беруді сұраған Б. Төлемісованың жағдайы бойынша көмек көрсетілсін деп барлық департаменттерге тапсырма бердік.
Балжанныңерлігі мен бірбеткей-лігіне бас июге болады – ол қандай қиын болса да, балаларына көмектесу үшін тырысып бағуда. Оның «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдауында болуы президент тапсырмасын орындаудағы тағы бір көзбояушылық болмайды деп үміттенеміз.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ