«Служебный роман» фильміндегі тынымсыз Новосельцев айтқандай, «Статистикасыз өмір – бұл қорлық». Оның сөзінің жаны бар сияқты: 2008 жылғы экономикалық дағдарыс кезіндегі және бүгінгі азық-түлік пен дәмді тағамдардың бағасын салыстыру қызықты іс екен.
ҒЫЛЫМ МЕН ӨМІР
Кеңседегі үстелімнің түпкі тартпасынан жақын супермаркеттердің бірінің 2008 жылғы бірнеше чегін тауып алып, апта бойы бағаларды салыстыру ісімен айналыстым. Бұларды не үшін жинағанымды бір құдай білсін, алайда өткенге осылайша көз жүгірту бірталай салыстырулар мен ойтолғамдарға әкелді. Жүргізген сынақтарым әділ болу үшін орта тұрмысты адамдарға арналған сол «өзімнің» дүкеніме қайта бардым.
Көңіліме жағатын Новосельцевтің тұжырымдарына тағы бір оралайын: «Статистика – шамамен белгілеуге болмайтын дәл ғылым». Бұл - формулаларға, арнайы әдістемелер мен жиынтық нәтижеге сүйенетін ғылым. Алайда қарапайым адам оны көп ұната бермейді. Кез келген кісіден сұрап көріңізші – оны қитұрқы нәрсе деп қолын бір сілтейді немесе балағаттап та жіберуі мүмкін. Неліктен? Өйткені, қарапайым адамның өз әдісі, өз құралдары және өз салыстырмалы талдаулары бар, ал олардың қорытындылары орташа көлем туралы қолданбалы ғылым мәліметтерімен сәйкес келе бермейді. Тіршілік қарқындап қымбаттап бара жатыр деп айтатын жалғыз мен болмас, алайда Статистика агенттігінің соңғы (қаңтардағы) деректері бойынша өткен жылда инфляция алдыңғы жылдағы 6%-бен салыстырғанда 4,8%-ға дейін төмендеген.Мен таң қалдым, алайда экономистер «тұтыну тауарлары мен қызметтері бағаларының өсуі, инфляция көрсеткіші 1,9%-ды құраған 1998 жылдан басқа, өткен жылдарға қарағанда ең төменгі деңгейде қалыптасты» дейді. Ол жылдың да өзіндік себебі болды: элокторат 1999 жылғы қаңтардағы президент сайлауына тамағы тоқ, өмірге риза, бей-жай күйде келуі керек еді.
Қазақстандық экономистердің позитивті көңіл-күйлеріне қызығуға болады – олар өткен жылы Қазақстандағы тұтыну бағасының өсу деңгейі соңғы 15 жылдың ең төменгі шегінде болғандығын маңызды оқиға деп есептейді. Ресми деректерге сәйкес, инфляция алдыңғы 2012 жылғы деңгейден ғана емес, сондай-ақ, үкімет пен Ұлттық банктің болжамынан (6-8%) да төмен болды. Инфляцияның алдыңғы жылмен салыстырғанда баяулауы азық-түлік пен басқа тауарлар, ақылы қызметтер (коммуналдық деп оқы) тарифтерінің баяу өсуіне байланысты, олар жыл бойы 8%-ға өсті.
Жалпы соңғы 5 жылда, тіпті 10 жылда Қазақстандағы тұтыну тауарлары бағасының тербелуі туралы ресми мәліметтер 3-8%-дық шектен асып көрген жоқ және үкімет пен Ұлттық банктің болжамдарына сәйкес келіп отырды. Бұл көрсеткіш дамыған елдерге тән. Өйткені, бұдан үлкен инфляция (жылына 10 және одан көп пайыз) мемлекеттің экономикалық проблемалары бар екендігін көрсетеді. Бізде, статистика көрсеткендей, экономикада бәрі жақсы жүріп жатыр, өйткені дамушы елдердің белгісі – инфляцияның қарқындауы (бағалардың жылдық өсімі – 10-100%) – бізде білінбейді.
«Доктор Оригиналь ауру үдерістерінің математикалық модельдерін құрып, түрлі градиентті деректерді және математикалық құрылымдардың сырларына қанық емес жандарға түсініксіз басқа да нәрселерді жинайды. Науқастар алғашқыда дәрігердің немен шұғылданып жүргенін анықтағысы келген еді, алайда ол алдын-ала дайындықсыз теориялық проблематикаға тереңдеудің қажеті жоқ деп, қолын бір сілтеді. Іс жүзінде барлығы залалсыз өтіп жатқан, алайда Оригиналь дәрігер науқастардың температуралық көрсеткіштерін зерттеуге көшкенде дау басталды. «Ойлап қараңыздаршы, қандай сұрқия жан! - деп қапаланды А. Литовченко. - Әрқайсымызға күніне үш рет термометрін тыққыштағанын қарашы!» - «Онда тұрған не бар? - деп ойлана үн қатты Ванька Шевелюрин. - Мұның еш таңғаларлығы жоқ, бәрі осылай жасайды». – «Солай ма? Барлық жерде қызуына қарай науқастарды кереуеттен кереуетке ауыстыра бере ме?.. Сұрқия әр палатадағы орташа температураның өзгермеуін қалады; мен тәуір бола бастағанда, қасыма келіп, өлшеуіш аспабына бір, маған бір қарап, термометрдің көрсеткішінің төмендегеніне ашықтан-ашық риза болмай, басын шайқады».
(Дмитрий КОРОЛЕВТЫҢ «Альтеризм очерктерінен» үзінді)
БАҒАҒА БҰЙРЫҚ БЕРЕ АЛМАЙСЫҢ
Көптеген адамдардың инфляция мен нақты баға өсімін шатастыратынын есепке алған жөн. Яғни, ол нан мен әжетхана қағазының қаншалықты өскендігінің дәлме-дәл белгісі емес. Мысалы, егер азық-түлік тауарларының бағасы 3%-ға өссе, нақты инфляция 0,6%-ды құрайды. Бұл жерде менің осы маңызды саладағы білімімнің таусылатынын мойындаған дұрыс шығар. Өздеріңіз аңғарған боларсыздар, мен статистика сияқты санап білмеймін, ұнатпаймын да. Алайда бұл маған қажет емес. Мен бұрын, қазір қанша болғанын, не өзгергенін пайызға айналдыра аламын. Қазіргі зерттеуім мені өзіме тән емес өткенді аңсау сезіміне жетеледі – бұдан небары бес жыл бұрын дүкенде 6-7 мыңға арбаны толтырып алған екенбіз.
БӘРІ ДЕ КЕРЕМЕТ
Атырау қаласының жеке бір дүкенінен алынған осы бағалар инфляцияның жылына 3-8% республикалық көрсеткіштеріне қалай сәйкес келетіндігіне түсінбеймін. Мүмкін, мұның ғылыми анықтамасы болар. Менің статистика қызметкерлеріне қоятын еш талабым жоқ, олардың өз жұмыстары бар, ал бұл қарапайым адамның өзінше сипаттамасы ғана. Қаншаға алдым, соншаға саттым деген сияқты. Менің осы бұрын еш жерде көрсетпеген іріктемелерімдегі айырмашылықтар кейде 200-ден аса пайызға жетеді. Бағалар өзгермеген немесе төмендеген жерлерде тауардың салмағы да төмендеген (мысалы, «Классикалық Кальве» немесе «Простоквашино» қаймағының бағасы сол күйінде қалған, тек салмағы 100 грамға азайған). Тек балғын көкөністер түрлерінде үлкен төмендеулер байқалады, алайда азық-түліктің бұл түрінде баға қашан да түрленіп тұрады. Яғни, бүгін-ертең баға түбегейлі өзгеруі мүмкін - бес жыл бұрынғы чектерге көз жүгіртсек, сол кезде де солай болған. Көкөністер тез бұзылатын өнім, сондықтан да өткізу бағасы әр түрлі жағдайларға байланысты жиі өзгеріп отырады. Бұл сектордағы тұрақсыздық валюта нарығынан да құбылмалы. Сонымен қатар, бұдан екі жыл бұрын халықты арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін үкімет әзірлеген азық-түлік тұрақтандыру қоры идеясын жүзеге асыру да өз үлесін қосқан сияқты. Бір таңғаларлығы, бағдарламаның әсері тек көкөністерде ғана білініп отыр. Ет тұрақтандыру қоры жұмыс жасап жатқан осы уақыт ішінде екі есе қымбаттаған.
Сонымен қатар, осы уақыт аралығында әлемдік экономикалық дағдарыс пен теңгенің девальвацияға ұшырауы (доллар 120 теңгеден 150 теңгеге дейін) болғанын есептен шығармау керек.
Біз, әрине, математикалық дәлдік пен абсолютті объектив-тілікке ие бола алмаспыз, алайда инфляция мен азық-түлік қоржыны арасындағы айырмашылықты біздің көзімізбен қарасақ, қазіргі өлшемдер бойынша бір бума аскөкпен туған күнге барып, керемет көңіл көтеруге болады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА