Махамбет ауданындағы «Феликс» ШҚ өткен жылдың ең үздік шаруа қожалығы болып танылды. Өткен жылдың жазында Атырау облысына келген ауыл шаруашылығы министрі Асылжан МАМЫТБЕКОВ «Феликстің» егіс алқабын «шөл даладағы жазираға» теңеген еді.
«Феликстің» басшысы Енисей ЮН (суретте) 1997 жылы Атырауға Өзбекстаннан келген еді. Бірнеше жыл кәсіпкерлікпен айналысып көрді. Алайда әкесінің кеңесінен кейін, егіс алқабына қайта оралды.
- Әкеміз өмір бойы жерде жұмыс жасады, біз бала кезімізден оған көмектесіп өстік. Бірде ол маған бастапқы ісіңмен айналысуың керек деп кеңес берді. Мен бес жыл бойы аға-қарындасыммен бірге егін бригадасында жалдамалы жұмыс жасадым, ал кейіннен өз бетімізше жұмыс жасауға шешім қабылдадық, - дейді Е. Юн. – Жерді жалға алдық. Бұл біздің алғашқы төрт гектарымыз еді, барлығы осыдан басталды. 2011 жылы «Феликс» шаруа қожалығын құрдық. 2012 жылы сол кезде иелік еткен 100 гектар егіс алқабының 70 гектарын тамшылатып суару жүйесімен жабдықтадық. Егін орағы екі есе артты!
2013 жылы шаруашылықтың егін алқабы 180 га-ға ұлғайып, олардың150 гектары тамшылатып суарумен жабдықталды.
Енисей Юн мемлекет фермерлерге жақсы қолдау көрсетіп отыр деп есептейді:
- «ҚазАгроФинанс» АҚ-ның лизингтік бағдарламасының арқасында біздің қожалықта тамшылатып суару жүйесі пайда болды. Мемлекеттен субсидия алып тұрамыз. Ең бастысы – берілген мүмкіндіктерді дұрыс пайдалану керек.
«Феликс» шаруа қожалығы алқабында картоп, жуа, сәбіз, қызылша, орамжапырақ, қарбыз бен қауын өсіріледі. Өткен жылы тұқым себу алдында фьючерлік шарт жасасқан «Феликс» облыстың тұрақтандыру қорына 1 500 тоннадан астам көкөніс тапсырды. Егін орағының 70%-ы Атырау облысында қалады, ал қалған бөлігі Ақтау мен Оралда өткізіледі. Биыл шаруа қожалығы қорды 3 500 тонна өз көкөністерімен толтыруды жоспарлап отыр.
Жалпы, егін егетін шаруа қожалықтары өз алқаптарының өзенге жақын жерде болғанын қалайды, ал «Феликс» үшін бұл маңызды емес. Оның кейбір алқаптары өзеннен 7-10 шақырым алыс орналасқан, алайда бұл өздері қолдан жасаған арналардың арқасында жақсы өнім алуға еш кедергі келтірмейді.
- Атырау жері егін егуге қолайсыз деген әңгімеге келетін болсақ, бұл - өтірік сөз. Ең бастысы, жерді сүю керек, сонда ғана ол саған осылай жауап қайтарады, - дейді Енисей тәжірибесімен бөлісіп.
Юн болашақта өзінің жеке көкөніс сақтау қоймасы мен көкөніс өңдеу фабрикасын салуды ойластырып жүр:
- Көкөніс қоймасын салуды осы көктемде бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Жобаға сәйкес ол ағылшын жабдықтарымен жарақталатын болады. Алға қарай өз салаттарымыз бен консервілік өнімдерімізді шығарамыз. Егер бәрі жақсы болса, өнім тек Атырауға ғана емес, бүкіл Қазақстанға таратылып, Ресей нарығына да бет түзейтін болады. Бұл еліміздегі осындай тұңғыш фабрика болмақ.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор