Қалалық №1 емханада республикалық трансферттің арқасында дәстүрлі электрокардиограммамен салыстырғанда, жүрек-қан тамырлары сырқаттарын анағұрлым терең диагностикадан өткізуге мүмкіндік беретін жаңа жабдық пайда болды.
– Жаңа жабдықтардың бірі – «Холтер ЭКГ» аппараты. Бұл ұзақ электрокардиограмма жүргізуге мүмкіндік беретін портативті аспап. «Холтердің» көмегімен жүрек жұмысын бақылау ЭКГ секілді, бірақ нақты патологияны анықтайды. Бұлар жүрек ырғағының және өткізгіштігінің бұзылуы, ишемиялық сырқат және т.б. Холтер диагностикасының ерекше құндылығы сонда, ол «өткінші», яғни, кейде әдеттегі кардиограмма анықтай алмайтын тұрақсыз бұзылыстарды анықтайды, - дейді №1 емхананың бас дәрігері Еркінбай ҚУАНОВ.
«Холтер» аппаратының көмегімен диагностикадан өту үшін емханаға бару керек. Дәрігер кеуде қуысына электродтарды жапсырып, мата сөмкеде орналасқан диагностикалық аспапты пациенттің иығынан асып іледі. Сонымен қатар, пациентке холтерлік бақылау күнделігі беріледі. Онда ол дәрігерді қызықтыратын жағдайды: ұйқы, денеге түсетін ауырлық, күйзеліс, дәрі қабылдау, тамақ қабылдау, сырқат белгілері (егер бар болса) – ауыру, бас айналуы және т.б. тіркеп отырады. Әдетте, «Холтер» аппаратының көмегімен бақылау жасау бір тәулік бойына жүргізіледі. Осы уақыт бойына аппарат жүрек жұмысына бақылау жасап, жүз шақты электрокардиограмма түсіреді. Бір тәулік өткен соң аппарат пациенттен алынады да, дәрігер ЭКГ көрсеткіштеріне талдау жасап, жалпы көріністі тұжырымдайды.
– «Холтер ЭКГ» аппараттары №2 және №4 емханаларда бар. Әр аппарат 100 мыңға дейін адамға қызмет етуге есептелген. Сондықтан, мәселен, бұл диагностикадан тек біздің мекемеге бекітілген пациенттер ғана емес, 5-ші емхананың пациенттері, Еркінқала тұрғындары да өте алады. 4-ші емханаға холтерлік диагностикадан өту үшін Балықшы поселкесінің тұрғындары ғана емес, Дамбы, Өркен ықшамауданының тұрғындары, Жұмыскер амбулаториясының пациенттері келе алады. 2-ші емханаға - №3 және №7 емхана пациенттері қаралады. Рас, диагностикалық процедураның ұзақтығын ескерсек, оған алдын-ала жазылған жөн.
№1 емхананың жуырда алған тағы бір жаңа аспабы – артериялық қан қысымын тәуліктік бақылау аппараты (АҚТБ). Сырт қарағанда АҚТБ жазбаға арналған шағын қорапша, тек оған түтікпен тонометрдегідей манжета жалғанған. Бір тәулік ішінде аппарат автоматты түрде пациенттің артериалдық қан қысымын өлшейді.
– Бұдан басқа, біздің емханада пациенттер тредмил-тестіден өте алады. Бұл арнайы жүгіріс жолы - тредмилмен денеге ауыртпалық түсірген кезде электрокардиографиялық тексеру жүргізу, - дейді Е. Қуанов. – Осы тестінің арқасында пациенттің денеге түсетін ауыртпалыққа реакциясы, олардың жүрек пен қан-тамырлары үшін төзу қабілеттігі бағаланады. Аталмыш аппараттарға науқастар да, өз денсаулықтарын тексергісі келетіндер де диагностикадан өте алады. Өйткені, көбінесе сырқат білдірмей соғады, оны дер кезінде анықтаған маңызды.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ