Атырау, 26 қараша 19:19
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Емханадағы кезек азая ма?

3 302 просмотра

Жаңа жыл Атыраудың кішкентай пациенттері үшін өзгерістермен басталды. Енді салалық мамандардан көмек алу үшін олар Алмагүл ықшамауданындағы балалар емханасына емес, өз емханалары келісімшарт жасаған медициналық мекемеге қаралуы тиіс.

ЕКІ ЕМХАНАНЫҢ БІРІГУІ

- Өткен жыл аяғында немерем дүниеге келген еді. Учаскелік педиатр сәби бір айға толған кезде жүргізілетін алғашқы тексеруді бұрынғыша Алмагүл ықшамауданындағы балалар емханасына емес, облыстық балалар ауруханасына апаруымыз керектігін ескертті. Ал Алмагүлдегі балалар емханасын таратады немесе қайта ұйымдастырады екен.

Осылай деп бізге жақын арада бес немеренің әжесі Күміс апа мазасыздана хабарласқан болатын.

- Бізді жауып тастаған жоқ. Біз №7 қалалық емхананың балалар бөлімшесі ретінде жұмысымызды жалғастырудамыз. Біз үшін ештеңе өзгерген жоқ, штатымыз бұрынғыша қалды. Атқаратын қызметіміз де бұрынғыдай, - дейді бұрынғы балалар емханасының бас дәрігері, ал қазіргі №7 емхананың бас дәрігерінің орынбасары Раиса БАЙМҰХАНОВА.

Өткен жылдың күзінде Алмагүл ықшамауданындағы екі емхана біріктіріліп, балалар емханасы №7 қалалық емхананың құрамына кірген екен. Бір жақсысы, екеуі бір-бірінен таяқ тастам жерде орналасқан. Қалалық емхананың мәртебесі бойынша бекітілген пациенттер 30 мыңнан кем болмау керек. Алайда балалардың да, ересектердің де емханалары бұл көрсеткішке жетпейді. Бұл оларды біріктіретін себептердің біріне айналған. Бұдан басқа, терапевтер мен педиатрларды ересектер мен балаларға қызмет көрсететін жалпы тәжірибедегі дәрігерлермен біртіндеп ауыстыру жүргізіліп жатқандығы белгілі. Кадрларды оңтайландыру, медиктердің пікірінше, қайта құруға себеп болған. Қаладағы бүкіл бала үшін өзіндік кеңестік-диагностикалық орталық болған балалар емханасындағы кадрлар тапшылығы да өз әсерін тигізген. Белгілі бір саланың маман дәрігерлеріне бүкіл Атыраудың балаларын жібереді. Ал бұл 70 мың адам. Кадрлардың тапшылығы салдарынан емхана ағылған келушілерді игере алмаған.

- Жаңа жылдан бастап бізде тек емханамызға бекітілген пациенттерге ғана қызмет көрсетіледі. Сала маманы – кардиологтар, травматологтар және т.б. жоқ медициналық мекемелер бізбен қосалқы мердігерлік келісімшарттар жасай алады, -дейді Р.Баймұханова. – Осы келісімшарттың негізінде біздің мамандар осы медициналық мекемелердің жолдамалары арқылы пациенттерге қызмет көрсететін болады. Учаскелік дәрігерлер жолдамаларды бере отырып, пациенттерге олар үшін бұл тексерудің тегін екенін түсіндіруі тиіс. Ал жолдамасыз салалық маман кеңесі ақылы жүргізілетін болады.

 

АҚША ПАЦИЕНТПЕН «ІЛЕСІП КЕЛЕДІ»

- Бұл алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымын қайта ұйымдастыру қаржыландыру жүйесінің өзгеруімен байланысты болып отыр, -дейді Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВ. - Біздің медицина жан басына қаржыландыруға көшті, яғни емхана өзіне бекітілген пациенттерді емдеу үшін ғана қаржы алады. Мұнда негізгі құралдар алғашқы амбулаториялық-емханалық көмек көрсету үшін қарастырылған. Ал қосалқы мердігерлік қызметтер көрсететін кеңестік-диагностикалық орталықтарға қаржы пациенттер «келген» соң түседі. Салалық мамандары немесе тексеру жүргізетін арнайы жабдықтары жоқ емханалар бар медициналық мекемелермен келісімшарт жасайды. Олардың мемлекеттік және жеке мекемелермен бірлесе жұмыс істеуге құқықтары бар. Яғни, тіпті жеке медициналық орталықта пациенттердің жолдамасы арқылы тегін көмек көрсететін болады. Өйткені оны мемлекет төлейді.

18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, соғысқа қатысушылар, мүгедектер, көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, жұқпалы аурулармен, әлеуметтік маңызды және қоршаған орта үшін қауіпті сырқаттармен ауыратын науқастар үшін зертханалық және құрал-жабдықтар арқылы тексеру ақысын мемлекет төлейді.

Мемлекеттік мекемелер - №7 емхана, облыстық балалар ауруханасы – ұзын-сонар кезекті болдырмас үшін түрлі емханалардың пациенттерін қабылдау үшін кесте жасақтаған. Бұрын тек қалалық балалар емханасымен ғана жұмыс істеген мектептер де аумақтық тиістілігіне қарай емханалар бойынша «бөлінген». Туберкулезбен күресу үшін көрсетілетін жәрдемге келер болсақ, Алмагүлдегі бұрынғы балалар емханасының ғимаратында облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің балалар бөлімшесі ашылған. Туберкулезге қарсы күрес қызметіне арнайы блок бөлінді, онда зертхана, рентген кабинеті, фтизиатр кабинеті орналасады.

Салалық мамандардың балаларды қабылдайтын жаңа жүйесі көп сұрақтарды, тіпті наразылықтарды туғызуы да әбден мүмкін. Алайда бұл бұрынғыдан жақсы деп ойлаймыз. Бұрын балаларды бір балалар емханасына апаруға мәжбүр болатын. Шұбатылған кезектер пайда болып, көбінесе мамандар жетіспей жататын. Кейбір мамандар қосымша жұмыс істеп, сәбилерді тек аптасына 1-2 рет қана қабылдайтын, ал бұл қосымша қолайсыздықтар тудыратын еді. Қазір емханалар түрлі, соның ішінде жеке кеңестік-диагностикалық орталықтармен келісімшарттар жасау мүмкіндігін алды. Бұл көрсетілетін қызмет сапасын арттырады деп үміттенуіміз керек.

Зульфия ИСКАЛИЕВА     

23 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.