Атырау облыстық перзентханасында араға 5 күн салып екі үшем дүниеге келді.
8 қаңтарда салмақтары 2600, 2400 және 1900 грамм болатын Аман, Есен, Жүрсiн есімді үш кішкентай шақалақтар жарық дүниенің есігін ашты. Бұл есімдерді қойған жанның тапқырлығына қайран қалмасқа болмайды. Іс жүзінде бұл қазақтың кең тараған тұрақты сөз тіркесі.
Жалпы бұл отбасының бұрын да ұл балалары бар екен. Енді жас ата-ана алты ұлды болды. Олардың үлкені 2-ші сыныпта оқиды.
- Футбол командасы, ал әкелері – бапкер болады,- деп әзілдеді босандырып алған бригадаға басшылық еткен емдеу жөніндегі бас дәрігердің орынбасары Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ.
- Сіз алғашқы УЗИ нәтижелерін қалай қабылдадыңыз?– деп, сұрадым қыз бала болар деп үміттенген 32 жастағы Айнұр ЖҰМАШЕВАДАН (суретте).
-Бақытты болдық,– деп күлді ана. – Бұл Алланың сыйы ғой.
Жалақыларының аз екендігіне, Жұлдыз ықшамауданындағы екі бөлмелі уақытша баспанада тұрып жатқандығына, екі үлкен баласын Айнұрдың басқа аудандағы мектепке апаратындығына қарамастан бақытты еді... Міне, бақыт деген осындай болады.
Жастарға қол ұшын беру үшін ауылдан әжелері келіпті.
- Өсіреміз,- дейді сеніммен Айнұр. – Тек дендері сау болсын.
Астана мен Алматыдағы тәжірибеден айырмашылығы, Атырауда мұндай отбасыларды лайықты баспанамен қамту дәстүрі жоқ. Тек осыдан 12 жыл бұрын қаламызда Нұр, Сұлтан және Сара деген есімдер қойылған үшемдер дүниеге келгенде, бұл отбасын ұлт көшбасшысының өзі құттықтап, үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстаған болатын.
Милана, Радмила және Темірланның ата-анасы да пәтер алмайды, бірақ онсыз да шексіз бақытты. Өйткені үшем мен жалғыз әпкелерінің арасы 20 жыл. Жүктілігі ауырлау өткендіктен шала туылған сәбилердің салмағы жаман емес.1600граммТемірлан нағыз жігіттерше өзінің қарындастарына салмақ жағынан орын беріпті. Екі қарындасының салмағы 1900 граммнан.
- Жүктіліктің соңғы кезеңінде қиындықтар туындағандықтан, біз тәуекел етпеуді ұйғарып, мерзімінен бұрын жедел босандырып алдық. Сәбилер 32-ші аптада дүниеге келді, - дейді А. Кенжеғалиев. – Бұл мерзімде олар бейімделуге дайын болады. Дүниеге келген сәттен бастап олар жансақтау бөлімінің бақылауында болып, респираторлық қолдау алып, толықтай тексерілді. Бейімделгеннен кейін оларды күтім жасау бөліміне ауыстырдық. Бүгінде сәбилердің денсаулықтары жақсы, олар перзентханадан шығуға әзір.
Бұл үшемдердің ерекшелігі – олардың санында ғана емес, олардың шығу тегінде де жатыр. Олар шыны түтіктен пайда болыпты.
- Біз табиғи жолмен жүкті болуға тырыстық. Бірақ шамасы жасым келгендіктен болуы керек, бала көтере алмадым. Содан соң біз экстракорпоралдық ұрықтандыру үшін Астанадағы емханаға жүгіндік, - дейді 41 жастағы бақытты ана Ирина САФИЕВА (суретте). – УЗИ экранынан осы шараналарды көргенде қалай қуанғанымызды көрсеңіздер.
Сәбилер өздерінің ерекше екендіктерін сезінгендей, тынышсызданып, жыламайды екен. Бойын мақтаныш кернеген анасы:
- Өздері тыныш, мазасызданбайды! – деді.
Тфә, тфә, тіл-көзіміз тасқа. Қаржыгер болып жұмыс істейтін ананы жұмысы күтіп тұр. Әлдебір маңызды есебін тапсырған соң, ол бар уақытын сәбилеріне арнамақ.
Үшемдер өте сирек кездесетін құбылыс, ал олардың бірінен соң бірінің дүниеге келуі мүлдем қайран қаларлық жағдай, дейді дәрігер Кенжеғалиев.
- Өткен жылы Атырау облысында 15 мың әйел босанды. Оның 7800-і біздің перзентханада босанды. Жылдан жылға босанатын әйелдер саны өсіп жатыр. Алайда көпұрықты жүктілік сирек жағдай. Көбінесе егіздер дүниеге келеді. 2013 жылы 118 егіз дүниеге келді. Үшемдер болған жоқ. Жыл басынан бері 374 әйел босанды. Олардың жетеуі егіз. Ал енді екі үшем дүниеге келді.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ: Үшемдерге не тиесілі?
«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» ҚР Заңына сәйкес, жүктілікке және босануға байланысты берілетін жәрдемақы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға, яғни, жұмыс істейтін әйелдерге тағайындалады. Жүктілігі және босануы бойынша бір мәрте төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері әлеуметтік қатердің басталуы алдындағы соңғы күнтізбелік он екі айда алынған орташа айлық табысты босануы қиын болған немесе екі және одан да көп бала туған жағдайда 4,7 коэффициентіне көбейту жолымен айқындалады. Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы әр сәбиге тиесілі және жеке рәсімделеді.