Атырау, 26 қараша 19:44
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Қауіпті қызмет, алдамшы жалақы

5 783 просмотра

«Болашақтың» өрт сөндірушілері еңбекақыларын көбейтуді талап етеді

«АЖ»-ға «Өрт сөндіруші» АҚ Атырау филиалы №1 өрт сөндіру және апаттан құтқару бөлімінің (ӨАҚБ) жүзден астам қызметкерлерінің мүддесін қорғаған бірнеше адам хабарласты. Бастамашыл топ кәсіпорында қызметкерлер мен әкімшілік арасында еңбек дауының ушыққанын хабарлады.

 

ХАТ ЖӘНЕ СЫРҒЫТПА ЖАУАП

«Өрт сөндіруші» АФ ӨАҚБ-1 бөлімшесі «Болашақ» зауытында өрт қауіпсіздігін ұйымдастыру жұмыстарын жүзеге асырады. Жұмысшылар еңбек ұжымы наразылығының көптен бері туындағанын айтады. Бірақ өрт сөндірушілер митингтер мен ереуілдер ұйымдастырмай, өз басшылықтарына уәждерін жазбаша арыздармен баяндап отырған:

30 желтоқсанда біз жауап алдық, оны сырғытпа жауап деп есептедік. Сол кезде мұнымен тоқтамауды ұйғарып, облыстық прокуратураға, Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасына, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына хаттар жолдадық.

Ұжымның басты талаптарының бірі – еңбекақыны көтеру.

Қатардағы өрт сөндіруші орташа алғанда 60-65 мың теңге алады. Осы деңгейдегі еңбекақы зауыт іске қосылғанға дейін бірнеше жыл бұрын бекітілген еді. Жұмыс істемейтін нысан мен мұнай-газы бар қолданыстағы нысанның арасы жер мен көктей. Бірнеше жыл бұрынғы жағдайға қарағанда, жауапкершілік пен өз қауіпсіздігімізге төнетін қауіп деңгейі анағұрлым жоғары, - дейді өрт сөндірушілер. - Өйткені, егер штаттан тыс жағдай орын алса (мұндай жағдай орын алды), зауыттан бүкіл жұмысшыны қауіпсіз жерге көшіреді, тек өрт сөндіру күзетінің 27 жігіті ғана қалады. Олар өз денсаулықтары мен өмірлерін қауіп-қатерге тігіп, тиісті жұмыстар жүргізеді. Бірақ осындай мардымсыз ақшаға жұмыс істемейді ғой!  Бухгалтерияның берген есебі бойынша, өрт сөндірушінің орташа еңбекақысы айына 140 мың теңгені құрайды. Олардың айтуларынша, бұған сыйақылар мен материалдық көмек кіреді екен. Бірақ біз олардың бұл цифрды қайдан алғанын білмейміз. Міне, біз осыны анықтап көру үшін бір өрт сөндірушінің еңбекақы кәртішкесінің есепшотын көшірмеге түсіріп алдық. Бізде ешкім айына 65 мың теңгеден артық алмаған екен.

 

ӨРТ СӨНДІРУШІЛЕР МЕ? ҚҰТҚАРУШЫЛАР МА?

ӨАҚБ-1 қызметкерлері жасанды тыныс алу аппаратымен жұмыс үшін, үстеме сағаттар мен қосымша жұмыстар үшін ақы төленбейтіндігіне наразы. 

Бізде тіпті лауазымдық нұсқаунама да жоқ. Онда кімнің қандай жұмысты және қандай көлемде орындауға тиіс екендігі анық жазылған болар еді. Мәселен, өрт сөндіру қызметінің жұмысшысы тұйық кеңістіктен ауа алуға наряд береді. Ал бұл оның қызметтік міндеттемесіне кірмейді. Өрт сөндіру қызметінің қызметкерлері биіктікте және арнайы жабдықтармен жер астында жұмыс істейді. Немесе, мәселен, Атырау – Мақат тас жолында ЖКО салдарын жояды. Алайда, бұл апаттан құтқару қызметінің міндеті ғой.

Олардың айтуларынша, өрт сөндірушілердің  шыдамдылықтарының шегіне жеткен жайт мынау: зауыт іске қосылған кезде апаттың салдарынан орын алған мұнай төгінділерін тазартуға тартуы:

"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ: «Өрт сөндіруші»  республикалық мемлекеттік кәсіпорны өрттердің алдын алу және жою жұмыстарын орындау үшін үкіметтің 1999 жылғы 27 сәуірдегі қаулысымен құрылған. 2005 жылдың 6 маусымынан бастап АҚ болып құрылды. Төтенше жағдайлар министрлігі акционері болып табылады. Мемлекеттік өртке қарсы қызметтің құқықтық мирасқоры ретінде «Өрт сөндіруші» АҚ күрделі технологиялық процестері бар өнеркәсіптік кәсіпорындарда өрт күзеті бойынша жұмысты жүзеге асырады. Атырау облысында ірі өнеркәсіптік нысандарда мұндай күзетті оннан астам өрт сөндіру бөлімшелері атқарады.

Біз өрт қауіпсіздігі үшін жауап береміз, ал бізді неліктен екені белгісіз, мұнай төгінділерін жоюға мәжбүрлейді. Аджип өкілдері осы жұмыстарды орындау «Өрт сөндіруші» АҚ-мен жасалған келісімшартта қарастырылғанын растап отыр. Егер солай болса, онда «Өрт сөндіруші» филиалы қызметтің осы түрі үшін аз ақша алмайды ғой, ендеше неліктен бізге қосымша төлемейді?

Өрт сөндірушілер «Өрт сөндіруші» АФ-да жұмысшылар сақтандырылмайтынын, қайғылы оқиға орын алса, ешқандай төлемдер жүргізілмейтінін растап отыр.

Тағы бір проблема – жұмыстан қалаға дейін тасымалдаудың нашар ұйымдастырылуы:

Таңертең қызметтік автобус бізді мекен-жайымыздан алып кетеді, ал ауысым біткен кезде кештетіп тек вокзалға дейін апарады. Ол жерден үйге дейін таксимен баруға тура келеді. Егер компания жұмысшыларды лайықты тасымалдай алмаса, онда бізді вахталық әдіспен жасайтын жұмысқа ауыстырғандары жақсы еді.

 

«БІЗ СІЗДЕРДІ ТЫҢДАДЫҚ»

Келесі күні редакцияға келіп кеткеннен кейін ұжым «Өрт сөндіруші» филиалының басшылығымен және Аджип компаниясының өкілдерімен кездесті.

Көлікке байланысты мәселені шешеміз, - деді кездесу кезінде «Өрт сөндіруші» АҚ АФ директоры Серік ХАЙРУШЕВ. – Сіздер талап етіп отырғандай, еңбекақыны 100 пайызға көтеруге келер болсақ, біз мұны жасай алмаймыз. Өйткені еңбекақы төлеу кезінде Астанадағы бас кеңсенің нормативтік актілерін басшылыққа аламыз. Сақтандыру жоқ дегендері жалған. Филиал жыл сайын қызметкерлерді қайғылы жағдайлардан міндетті және ерікті түрде сақтандырып отырады. «Аджип ҚКО»-ның «Болашақ» зауытының аумағындағы мұнай төгінділерін тазарту үшін қомақты ақшалай қаржылар аударатыны туралы ақпарат та дұрыс емес. Жұмыстардың бұл түрлері біздің филиал мен Аджип арасындағы келісімшартта қарастырылмаған (олай болса,  өрт сөндірушілердің неліктен мұнымен айналысуға мәжбүр болғаны белгісіз болып қалды – Т.С.).   

Басшылықтың уәжі өрт сөндірушілерді қанағаттандырмады. Мәселе  ашық күйде қалып отыр. «АЖ» тілшісімен тілдескен С.Хайрушев былай деп мәлімдеді:

Жұмысшылар прокуратура мен еңбек инспекциясына жүгінгендіктен, тиісті тексерулер жүргізілетін болады. Әзірге алдын-ала тұжырым жасамай, олардың қорытындыларын күткен жөн.

Тамара СУХОМЛИНОВА

16 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.