Атырау, 26 қараша 16:41
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

«Табақпен тартылған» несие

3 238 просмотра

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры ұсынған несиенің арқасында кәсіп ашып, нәсіп тауып жүргендердің қатары бүгінде көбейген.  

- Басқа қаржы институттарына қарағанда, біздің несиелерімізді халықтың ең көп бөлігі тұтынады. Біз клиенттерді тарту, түсінік жұмыстарын жүргізу мақсатында ауылдар мен шалғай елді мекендерге аяқтай баруды үнемі ұйымдастырып отырамыз, - дейді «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Атырау филиалының директоры Гүлзада ШАЛАГУЛОВА.

Қор ауылдағы кәсіпкерлік ісін жаңадан қолға алған бастапқы сатыдағы кәсіпкерлерді несиелендіреді.Қордың несиелеу көрсеткіштері соңғы жылдары өсе түскен. Өткен жылы Атырау филиалы бойынша 411 несие алушыға 1 млрд 3 млн 87 мың теңге несие берілген, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өскенін көрсетеді. Соның ішінде «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 278 адамға  631 млн 525 мың теңге, «Бизнес-Аймақ» бағдарламасы аясында 41 адамға 173 млн 900 мың теңге, «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша 16 кәсіпкерлік субъектісіне 57 млн 300 мың теңге берілген. Ал 34 адам «Ауылдық шағын несие» бағдарламасы бойынша 30 млн теңге несиеге қол жеткізген. Ислам Даму банкісі арқылы қаржыландырылатын «Сәтті» бағдарламасы бойынша 42 кәсіпкерлік субъектісі 110 млн 361 мың теңгеге ие болыпты.  

- «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы үш бағытта жүргізіледі. Соның ішінде екінші бағыты ауыл кәсіпкерлігін дамытуды несиелендіру болып табылады. Осы бағдарлама негізінде микрокредиттеу механизмі жаңарды. Ауылда өз ісін бастаймын не кәсіпкерлігін өркендетемін деген адамдарға 3 млн теңгеге дейінгі шағын несие 54 айға 6 пайыздық қайтарыммен (жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі - 6,2 пайыз) беріледі, - дейді Г. Шалагулова. 

Осы қордан шағын несие алған ауыл жұмыссыздары қазір тігін цехын, ағашшеберханасын, стоматология кабинетін ашып алған. Мәселен, Құрманғазы ауданының тұрғыны қайық жасау үшін несие алған. Мал бағып, қоян, үй құстарын өсіру, жылыжай салып, егіншілікпен айналысушылар да осындай шағын несие арқылы істерін алға бастыруда. Ауылдың жұмыссыздарымен бірге мектеп түлектері, оралмандар, жалпыға ортақ жастан бұрын шыққан зейнеткерлер, еңбекке жарамды мүгедектер, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері де несие ала алады.

Егер алдыңғы уақытта 30 жыл бұрын салынған саман тасты үйлер кепілге алынбайтын болса, қазір бұл шектеу алынып тасталған. Себебі, ауылда кепілге осындай баспана ұсынушылар көп кездесетін.

- Сондай-ақ, шаруа уақытша жалға алған жерін кепілге сала алады, -дейді Г.Шалагулова. - Былтыр ауыл тұрғындарының мүдделеріне сай келетін ұсыныстарды Қор басқармасы қолдап, жылжымайтын мүліктерге қойылған шектеулердің алынып тасталуына қол жеткіздік.

- Егер шаруа несиесін қайтара алмаған жағдайда кепілге салынған мүлігін тартып аласыздар ма?

- Біздің Қор негізінен шағын несиелер беру арқылы қаржыландырылатын болғандықтан, несиені қайтару екінші деңгейлі банктер сияқты айтарлықтай қиындық туғызбайды. Халықтың мүддесіне орай несие жеңіл пайызбен беріледі әрі төлем тәсілі де аннуитетті емес, дифференцияланған төлем тәсілімен жүргізіледі, яғни, үстемақы өте аз. Сондықтан төлем төлеу қиындықтарына тап болған емеспіз.

- Кейбір несие алушылар алған қаржыны өз мақсаттарына жұмсамай, той өткізуге немесе көлік сатып алуға және тағы да басқа қажеттіліктер үшін жұмсап жіберсе ше?

- Егер несие өз мақсатына жұмсалмаса, келісімшартта көрсетілгендей, 25 пайыз мөлшерінде айыппұл салынады. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

16 қаңтар 2014, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.