Жуырда Ақмола облысы Целиноградауданы Малотимофеевка ауылы«Бал Қарағай» демалыс орнындабүркітшілердің 1-ші халықаралық фестивалі өтті. Атырау облысынан қатысқан бүркітші Арман ҚОШҚАРОВ өзінің қолғанатына айналған «Нарын» атты қыранымен бірге чемпион атанды.
Басында фестивальге Испания, Чехословакия, Венгрия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Қазақстаннан 60-қа жуық бүркіт қатыстырылған болатын. Солардың ішінен 43-і іріктеліп, әрі қарай жарысқа қатысуға жолдама алды.
- 43 бүркіттің ішінен жартылай финалға 9 бүркіт, ал финалға 4 бүркіт шықты. Оның екеуі Қазақстаннан, тағы екеуі Моңғолиядан. Сонымен, 1-орынды біз алсақ, 2-орын Ақмола облысына бұйырды. - дейді Арман. – Бүркіттеріміз «қолға шақыру», «шырға тарту», «қоян аулау», «түлкі аулау» бойынша сыналып, финалда «қасқыр аулау», «шибөрі аулау» бойынша сынға түсті. Бұл жерде бүркіт аңды бірден ұшқаннан алуы тиіс. Біздің бүркіт қай аңды да бір ілгеннен алды. Басқалары бір ілген соң, қайтадан бірнеше рет іліп жатты. Сондықтан, біз чемпион болып оралдық.
"АЖ" анықтамасы: Бүркітті баулып, онымен аң аулау кәсібі - саятшылықтың бір түрі. Бұл кәсіппен ертеде көшпелі түркі тектес халықтар шұғылданған. Тарихи деректер бойынша Жошы ханның 3 мың бүркітшісі болған. Бүркітті екі түрлі жолмен ұстайды: біріншісі – балапанын ұядан алып, қолдан баулу. Ондай бүркітті қолбала дейді. Екіншісі – бүркітті тағы күйінде ұстап, үйрету. Бұлар – тірнек, тастүлек, мұзбалақ сияқты түз құстары. Бүркіт балапанын жем беру арқылы баулиды. Тұғырға отыруға жарасымен томаға кигізіп, балақ бау тағып, қолға қондыра бастайды. Ұшуға жараған кезде етке қант бүркіп, қоян, түлкі, қарсақ сияқты аңдардың терісіне орап, шыжым жіппен сүйретіп жүріп жегізеді, мұны «шырға тарту» дейді. Алдымен жас бөлтірік, көжек, түлкінің күшігі сияқты әлсіз аңдарды тірідей шоқытып, ауыздандырады. Бұл құсты «аңға баулу» деп аталады.
Арман - елімізге танымал ақтөбелік құсбегі Әбдікәрім ҚОШҚАРОВТЫҢ ұлы. Оның Атыраудағы «Құлагер» шаруа қожалығына қарасты «Нарын» атты қыранды баптап жүргеніне бес жыл болған. Бұл оның алғашқы жеңісі емес, ол түрлі дәрежедегі бүркітшілер жарыстарының бірнеше дүркін чемпионы атанған.
«Құлагер» шаруа қожалығы-ның жетекшісі Өнербек ЖАНБАЛАНЫҢ айтуынша, соңғы жылдары саятшылықпен айналысатындардың қатары көбейіп келеді. Елімізде, мәселен, 2005 жылдары небары 20 шақты бүркіт болса, қазір олардың саны 60-қа жетіп қалған.
Айнұр САПАРОВА