- Екі үйлік бір қабатты үйде тұрамын. Өз бөлігімнің үстінен екінші қабатты салғым келеді, алайда, көршім өз келісімін бермей отыр. Ондай жағдайда не істеуге болады?
Ілияс Дәулетов
Оқырмандардың сауалы бойынша «Эксперт» заңгерлік компаниясы мынадай түсініктер берді:
- Бұл жағдайда ҚР үкіметінің 2008 жылғы 6 мамырдағы №425-ші қаулысымен бекітілген жаңа құрылыстарды салуға және пайдаланылып отырған нысандарға өзгерістер енгізуге рұқсат беретін рәсімдерден өту Ережесін басшылыққа алу керек.
- Осы ереженің 16-тармағына сәйкесті, егер үй-жайларды (тұрғын үйдiң бөлiктерiн) жоспарланған қайта жаңарту (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) немесе үй-жайлардың шекарасын ауыстыру өзгертiлетiн үй-жайлармен (үйдiң бөлiктерiмен) көршiлес басқа үй-жайлар (үйдiң бөлiктерi) меншiк иелерiнiң мүдделерiне қайшы келмейтiн болған жағдайларда, онда өтiнiшке қоса осы өзгертулерге олардың нотариалдық куәландырылған жазбаша келiсiмi берiлуге тиiс.
Тапсырыс берушiнiң қайта жаңартуға (қайта жоспарлауға, қайта жабдықтауға) басқа меншiк иелерiнен (тең меншiк иелерiнен) көрсетiлген келiсiмдi алу қажеттiлiгi Құрылыс объектiлерiн жобалау үшiн бастапқы материалдарды (деректердi) ресiмдеу және беру ережесiнде көзделген тәртiппен жобаны әзiрлеу сатысында белгiленедi.
Үйді қайта жабдықтау жөніндегі жұмыс өндірісіне рұқсат алу үшін жоба жасақтау міндетті шарт болып табылады. Жобаны жасақтаушы (лицензиясы бар жобалау компаниясы) жобалау құжаттарында қайта жасақтау немесе пайдалануға беру процестері бойынша бой көтеретін басқа көршілердің мүдделеріне қатысты жобалау шешімдерінің бар немесе жоқ екендігі туралы мәліметтерді көрсетуі тиісті. Ал, бұл жобаны жасақтауға дейін сіздің көршіңіздің мүдделеріне қатысы бар-жоғын айту мүмкін емес екендігін білдіреді.
Бұл сауалдың жауабы қайта жасақтау жобасында жобалаушының қабылдаған құрылымдық шешімдеріне байланысты болады. Жекелеп алғанда, көршінің мүддесіне үйді қайта жасақтаудың мына түрлері қатысты: жалпы шатырдың өзгертілуі, жалпы қабырғаларды немесе аражабындарды, негіздер мен іргетастарды өзгерткенде. Егер құрылымдық шешімдер көршінің мүддесін қозғайтын болса, онда ол өзінің келісімін беретіні немесе бермейтіндігін өзі шешеді.
ҚР Азаматтық кодексінің 8-бабы, 5-тармағына сәйкесті, азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа жаққа зиян келтiруге, өз құқын басқа түрлерде қиянат жасап пайдалануға, сондай-ақ өз құқын оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi. Азаматтар тарапынан қиянат жасау әрекеттері орын алған жағдайда оның тиісті құқығы бойынша сот ондай құқықты қорғаудан бас тартуы мүмкін. Көршіңіз сізге тек мына жағдайда ғана, егер қайта жасақтау оның құқығы мен мүддесін бұзған, яғни, оған зиян мен залал келтірген жағдайда бас тарта алады. Бір жағынан алып қарағанда, бұл бас тарту заңсыз болған болар еді.
Орын алған жағдайда мына әрекет нұсқалары барынша жарамды болады:
1. Қайта жасақтау жобасын жасау (ол үшін тиісті лицензиясы бар мердігерге жолығуы керек).
2. Жобада көршінің мүддесін қозғайтын нақты шешімдерді анықтау керек.
3. Көршіңізге ұсынылған жобаға сәйкесті қайта жасақтауды жүргізу үшін өтінішіңізді жазбаша түрде жолдайсыз. Бұл жағдайда тұлға міндетті түрде қайта жасақтау жұмысын жобаны игеруге лицензиясы бар және өкілетті органның рұқсаты бар мердігер атқаратындығын көрсетуге, сондай-ақ, жұмыс барысын қадағалауға, жұмыстың басталу актісіне қол қоюға және қабылдауға қатысуға құқылы болады.
Жолданған хатта жауаптың хатты алған кезден бастап 30 күн ішінде жолдануы, ал, егер бас тартқан жағдайда, оның себебінің көрсетілуі сұралуы тиіс.
4. Көршіңіздің қайта жасақтауға келісімін беруден бас тартуының заңсыз немесе дәлелденбегендігі, сондай-ақ, жауаптың 30 күн мерзім ішінде берілмеуі жағдайында сіз көршіңіздің бас тартуына немесе әрекетсіздігіне сот арқылы шағымдана аласыз және соттан қайта жасақтауды жүргізу мүмкіндігін мойындатуды өтіне аласыз.